Мәдениет

Наурыз мерекесінің тарихи-мәдени мәні талқыланды

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Астана қаласы мектептерінің педагогтері қатысқан ғылыми-этнографиялық дәріс өтті. Бұл іс-шара Наурыз мерекесінің терең тарихи-мәдени мәнін, оның тәрбиелік маңызын және Дала өркениетінің материалдық емес мәдени мұра жүйесіндегі орнын пайымдауға арналған музейлік дәрістер апталығының мазмұнды бастауына айналды.

Дәрістер топтамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы бекіткен жаңартылған «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында, «Наурыз мейрамы» қарсаңында өткізіліп отыр.

Дәстүрлі дала қоғамының мәдениетінде Наурызды атап өту тек жыл мезгілдерінің алмасуымен ғана емес, шаруашылық айналымының ең күрделі кезеңдерінің бірі саналатын көктемгі жайылымдарға көшу үдерісімен де тығыз байланысты болды. Дәл осы кезең көбіне жоғары қатерлермен қатар жүрді, мал шығыны болды, ауру-сырқау көбейді, дала көк мұзға айналды, аштық қаупі төнді. Осындай жағдайда көктемгі жайылымдағы Наурызды қарсы алу терең сакралды мәнге ие болды. Наурыз әлемнің жаңаруы, шаруашылық жылының сәтті өтуіне деген үміт, адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің қалпына келуі, сондай-ақ қоғамдық бірлік, тазару және ақ тілек білдіру сәті ретінде қабылданды. Бұл дәрістердің басты міндеті — мерекенің шынайы терең мазмұнын қоғамдық санаға қайта оралту, оны тек күнтізбелік оқиға ретінде емес, көпғасырлық тарихы, орнықты рәміздік жүйесі және бай этнографиялық дәстүрі бар күрделі мәдени құбылыс ретінде таныту.

Өткен кездесудің маңызын елорда педагогтерінің қатысуы айрықша арттырды. Дәріске Астана мектептерінің мұғалімдері қатысты. Олар үшін Наурыз тек сыныптан тыс іс-шаралардың тақырыбы ғана емес, тәрбие мен ағартушылық жұмыстың маңызды мазмұндық бөлігі саналады. Сондықтан дәріс этнографтар, тарихшылар мен музейтанушылардың қатысуымен ғылыми-әдістемелік арнада құрылды. Басты назар Наурыздың тарихи мәнін қалай ашып көрсетуге және оның құндылығын қазіргі қоғам мен бүгінгі ұрпаққа білім беру жүйесі арқылы қалай түсіндіруге болатынына аударылды.

Дәрістің мазмұндық өзегін дәстүрлі мәдениетті зерттеуші жетекші этнографтардың баяндамалары құрады. Жетекші этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Зүбайда Сұрағанова Наурыз мерекесінің негізгі семантикалық және этимологиялық мәндерін ашып көрсетті. Ол өз баяндамасында Наурызды әлемнің жаңаруы, тазару, қайта түлеу, жаңа өмірлік кезеңнің басталуы және адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің қалпына келуі идеяларымен байланысқан күрделі мәдени код ретінде сипаттады. Сондай-ақ Наурыздың Еуразия даласының материалдық емес мәдени мұрасы жүйесіндегі орнына және көктемгі жайылымдарға көшу кезеңінде дала халықтарының дәстүрлі өмірімен бірге жүрген көктемгі мерекелік тәжірибелерге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, «Амал мерекесінің» көктемгі мерекелік циклдегі маңызды оқиға ретіндегі мәні аталып өтті. Оның қауышу, әлеуметтік байланысты жаңарту, өзара құрмет білдіру және жаңа қоғамдық-шаруашылық маусымға қадам басу дәстүрімен сабақтастығы көрсетілді.

Этнограф әрі тарихшы Қажымұрат Төлегенұлы мерекенің тарихи тереңдігіне тоқталды. Ол Наурыздың қашан және қалай аталып өткенін, оның өмір сүргенін дәлелдейтін ертедегі жазба деректерді, мерекенің әртүрлі тарихи кезеңдерде қалай қабылданғанын және орта ғасырларда қалай сақталғанын баяндады. Этнограф және реставратор Жанболат Қазанбаев өз сөзінде Наурыздың күнделікті мәдениет пен тірі этнографиялық тәжірибедегі маңызын ашып көрсетті. Оның баяндамасы мерекенің тұрмыстық қырына, халықтық ортада аталып өту ерекшеліктеріне, Қазақстан өңірлері арасындағы айырмашылықтарға, әдет-ғұрыптардың, қонақ күту дәстүрлерінің, ізгі тілек айту үлгілерінің және осы кезеңде орындалатын ғұрыптық әрекеттердің сипатына арналды. Наурыз ортақ құндылықтық негізге ие бола отырып, әр өңірде өзіндік жергілікті ерекшеліктерін сақтап қалғаны атап өтілді. Бұл оны этнографиялық және педагогикалық тұрғыдан маңызды пайымдау нысанына айналдырады.

Осындай ғылыми дәрістердің басты мәні 14 наурыз бен 23 наурыз аралығында өтетін «Наурызнама» мерекесінің жаңартылған тұжырымдамасы шеңберінде педагогтерге бірнеше мыңжылдықтар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінге жеткен «Наурыз мейрамының» терең мазмұны мен шынайы мәнін жан-жақты түсіндірудің айрықша маңызға ие болуында. Бұл мерекені көптеген буын бабалар, жүздеген халықтар мен ондаған өркениеттер өз болмысы мен дүниетанымының ажырамас бөлігі ретінде ұқыптылықпен сақтап келді. Сондықтан оның әр күні, әрбір ғұрпы мен әрбір дәстүрі терең мағынаға ие. Наурыз табиғаттың жаңаруымен ғана емес, табиғатпен үйлесімде өмір сүрген, аспан денелерінің қозғалысын, жануарлар мен құстардың мінез-құлқын, өсімдік әлеміндегі өзгерістерді мұқият бақылап, сол белгілер арқылы уақыттың өтуін, маусымдардың алмасуын және ықтимал табиғи өзгерістерді пайымдаған дала халықтарының тұтас философиялық дүниетанымымен де тығыз байланысты. Мұндай байқағыштық дала тіршілігінің ажырамас бөлігі болды әрі жерге, оның ырысына және күллі тіршілік атаулыға деген айрықша құрметті қалыптастырды. Сондықтан Наурыз көктемнің келуі ғана емес, адамның жан дүниесінің жаңаруы, ой-ниеттің тазаруы, ізгі амал, тақуалық, ішкі және сыртқы тазалық ретінде де ұғынылды. Осы тұрғыдан алғанда, ол бүгінгі күні «Таза Қазақстан» бастамасы арқылы пайымдалып отырған заманауи құндылықтармен тікелей сабақтасады.

Бұл мән-мағыналарды жеткізуде педагогтердің орны айрықша, өйткені өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндеті ең алдымен солардың еншісінде. Сондықтан этнографтар, тарихшылар, музей қызметкерлері және мұрағаттық, этнографиялық әрі ғылыми материалдармен жұмыс істейтін зерттеушілер сөз сөйлеген осындай ғылыми дәрістер ерекше пайдалы әрі мазмұнды болмақ. Аталған кездесу ғалымдар мен ұстаздар арасындағы маңызды пікір алмасу алаңына айналды. Мұнда этнография ғылымының аясында Наурызды атап өту Еуразияның ұлан-ғайыр далалық кеңістігінде өмір сүрген көптеген буынның мәдениеті, тарихи жады және адамгершілік тәрбиесінің тірі философиясы ретінде танылды.

Бүгінде ұлттық дәстүрлердің терең мәнін тануға деген қоғамдық қызығушылық артып отырған шақта мұндай кездесулердің маңызы айрықша күшейе түседі. Наурыз ғылыми тұрғыдан негізделген пайымдауда мәдени мағыналарды жеткізудің, тарихи сананы нығайтудың, мұраға құрмет қалыптастырудың және педагогикалық орта арқылы құндылық бағдарларын орнықтырудың кеңістігі ретінде көрінеді. Осы арқылы «Бозоқ» музей-қорығы өзін тарихи-мәдени мұраны кеңінен танытушы мекеме ретінде ғана емес, педагогикалық қауымдастықпен мазмұнды сұхбат өрбітетін белсенді ғылыми-ағартушылық алаң ретінде де айқындап отыр.

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button