«Наурыз базары» жәрмеңкесі

EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің қатысуымен «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Мұнда «Алтын сапа» сыйлығының қатысушылары мен жеңімпаздарын қоса алғанда, отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылды.
Жәрмеңкеге Қазақстанның 50 өндірушісі қатысты. Келушілер табиғи өнімдерді сатып алып, жергілікті брендтермен танысып, отандық өндірісті қолдай алады. Ашық аспан астындағы фудкорттар көшесі ерекше назар аудартады. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік атмосфераны толық сезіне алады. Сондай-ақ мұнда Наурыз көжеге арналған үлкен қазан орнатылған. Жанында түрлі тағамдар ұсынылатын гастрономиялық павильондар орналасқан: дәмді қуырдақ, хош иісті ыстық бауырсақ, тойымды палау және жаңа піскен самса.
Мерекелік көңіл күй, дәмнің алуан түрлілігі мен кең дастарқан бұл гастрономиялық аймақты елордадағы Наурыз мейрамының басты тартымды орындарының біріне айналдырды.
Орталық залда «Жеті қазына» экспозициясы, қызғалдақ көрмесі және Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі ашылды.
Нұра ауданында бұқаралық іс-шаралар «Астана Арена» стадионы маңында өтті. Мұнда Digital Nauryz тақырыбындағы алты киіз үй орнатылды. Балалар мен ересектерге арналған аттракциондар мен ұлттық нақыштағы фотоаймақтар қарастырылды.
Жасанды интеллект көмегімен ұлттық киімдерді «киіп көру» мүмкіндігі ұсынылып, Face Space алаңында тұрғындар естелік суреттер жасады. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілердің өнімдері ұсынылатын жәрмеңке аймақтары жұмыс істеп, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер өтті.
22 наурыз күні бағдарлама сөйлеу мен интеллект дамуын анықтауға арналған диагностика және Наурыз тақырыбындағы интерактивті голограммамен толықтырылды.
Сол күні «Жағалау» скверінде де осындай мерекелік бағдарлама өтіп, онда жәрмеңке, киіз үйлер, музыкалық бағдарлама және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сарайшық ауданында «Қазақ елі» алаңында концерттік бағдарлама өткізілді. Мұнда қонақтар түйелі керуенді тамашалап, қазақ дәстүрімен танысып, фотосуретке түсіп, демалыс аймақтарында уақыт өткізді. Сондай-ақ гуманоид робот пен робот-ит көрсетілді. «Қазақ елі» алаңында қошқар көтеру ұлттық ойына да ерекше әсер қалдырды.



