Наурыз айында туберкулездің алдын алу айлығы өткізіледі
Қазақстанда жыл сайын наурыз айында туберкулездің алдын алу айлығы өткізіледі. Іс-шаралар 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылады. Бұл күн әлем жұртшылығына қауіпті жұқпалы аурулардың бірімен күресте күш біріктірудің маңызын еске салады. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Фарида Төлешева, Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық көпсалалы фтизиопульмонология және ішкі аурулар орталығы» ШЖҚ МКК директоры, штаттан тыс бас фтизиатр Анна Цепке атқарылып жатқан іс-шаралар туралы мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Туберкулез – Mycobacterium tuberculosis бактериясынан туындайтын жұқпалы ауру. Көбіне өкпені зақымдайды, алайда басқа да ағзаларға әсер етуі мүмкін. Ауру ауа-тамшы жолымен науқас адамның жөтелген, сөйлегенде немесе түшкірген кезінде жұғады. Медицинадағы айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, туберкулез әлі де денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді. Дегенмен, қазіргі таңда тиімді диагностикалау және емдеу әдістері бар, ал ерте анықталған жағдайда аурудан толық жазылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, туберкулез инфекциялық аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі он себебінің бірі болып қала береді. Жыл сайын шамамен 10 миллион адам осы дертке шалдығып, 1,4 миллионға жуық адам қайтыс болады.
Қазақстанда туберкулездің алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеуге бағытталған кешенді жұмыс жүзеге асырылуда. Аталмыш шаралар нақты нәтижелер беруде.
«2025 жылы Астанада туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 24,5%-ға, ал аурудың таралу көрсеткіші 22%-ға төмендеген. Бұл туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді.
Елордада тәуекел топтары арасында туберкулезді анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі. Олардың қатарына алкоголь және есірткіге тәуелді адамдар, тұрақты мекенжайы жоқ азаматтар, АИТВ жұқтырғандар, мигранттар және әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар кіреді.
Астана қаласында жедел диагностика үшін жоғары сезімтал ПТР әдісі – ДжинЭксперт қолданылады. Бұл әдіс екі сағат ішінде туберкулез қоздырғышын анықтап, оның дәріге сезімталдығын көрсетеді. Соның арқасында тиімді емдеу схемасын дер кезінде тағайындауға болады.
Қазіргі уақытта қалада осы зерттеуді жүргізуге арналған 5 аппарат бар: оның үшеуі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында (№4, №5, №7 емханаларда), ал екеуі Қалалық фтизиопульмонология орталығында орналасқан», – дейді спикерлер.
Ауруды жедел диагностикалау үшін Астанада жоғары сезімтал заманауи GeneXpert ПТР әдісі қолданылады, ол екі сағат ішінде туберкулез қоздырғышын анықтап, оның дәрілік сезімталдығын айқындауға мүмкіндік береді. Елордада GeneXpert құрылғысының бес аппараты жұмыс істейді: үшеуі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында (№4, №5 және №7 емханаларда), екеуі қалалық Фтизиопульмонология орталығында орналасқан. Бұл емдеуді жедел бастауға және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Уақытылы диагностика туберкулезбен күресте шешуші рөл атқарады. Ауруды ерте анықтаудың негізгі әдістері — ересектерге флюорографиялық тексеру, профилактикалық медициналық тексеру, балаларға туберкулиндік диагностика және заманауи зертханалық талдаулар. Сонымен қатар елордада Диаскинтест әдісі қолданылады. Бұл байланыста болған тұлғаларға, балалар мен тәуекел топтарына жататын ересектерге жүргізіледі.
Қаладағы медициналық ұйымдарда 20 стационарлық және 13 жылжымалы флюорографиялық қондырғы жұмыс істейді. Балаларды қорғау мақсатында жаңа туған сәбилерге перзентханаларда БЦЖ вакцинасы егіледі.
«Астанада туберкулезбен амбулаторлық ем алып жатқан науқастарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мұндай шара 2001 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда пациенттерге ай сайын 10 АЕК көлемінде қаржылай көмек беріледі. Алдын алу және анықтау жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдар да белсенді қатысады. Олар халықтың осал топтарымен жұмыс жүргізіп, емделушілерге қолдау көрсетеді», – дейді мамандар.
Жыл сайын Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы туберкулездің алдын алу мақсатында айлық өткізеді. Оның басты мақсаты — халықтың ақпараттану деңгейін арттыру және уақтылы тексерілудің маңызын түсіндіру. Іс-шаралар «Иә! Біз туберкулезді жеңеміз! Қазақстанның көшбасшылығы, инновациялар және халықтың күші!» ұранымен өтіп жатыр.



