Нашақорлықпен күрес күніне орай ауқымды акция өтті

Астанадағы амфитеатрда елордалық полицейлер Халықаралық нашақорлықпен күрес күні аясында «Есірткімен болашақ жоқ!» атты акция өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға елордалық жастар, еріктілер, мемлекеттік органдардың өкілдері, танымал спортшылар мен қоғам белсенділері, блогерлер қатысты.
«Бұл күн қоғам назарын нашақорлықтың ғаламдық проблемасына, оның салдарына және оны жеңуге бағытталған күш-жігерге аударуға арналған. Есірткіні тұтыну және олардың заңсыз айналымы бүкіл әлемде миллиондаған адамның денсаулығы мен әл-ауқатына елеулі әсер етеді. Бүгінгі акция аясында құқық қорғау органдары бұл мәселені шешу үшін бірлескен күш-жігердің қажеттігін еске салады», – деп атап өтті Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Астанада 380 есірткі сайтының мекенжайы бұғаттауға жіберіліп, 180 есірткіге қатысты граффити анықталған.
«Қазіргі таңда есірткі ортасына 15-16 жастағы жастарды тартуға тырысып жатыр, олардың бейхабарлығын пайдаланады. Бір жағынан психобелсенді заттар ұсынса, екінші жағынан сол заттарға байланысты жұмыс ұсынады. Сондықтан біз әрдайым, әсіресе жасөспірімдерді, бұл азғыруға ермеуге шақырамыз», – деді Астана ПД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қыбатқызы.
Алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр, ал елордалық полиция барлық тұрғындарды бейжай қарамауға, салауатты өмір салтын ұстануға және есірткінің заңсыз айналымымен күреске үлес қосуға шақырады.