Нашақорлық пен лудоманиядан қалай құтқарады?

Елордадағы мемлекеттік органдар мен қызметтер есірткіге және құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу бағытында қандай жұмыстарды атқарды? Бұл мәселе Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды.
Алдымен депутаттар қалалық Полиция департаментінің, Қоғамдық денсаулық сақтау, Жастар саясаты мәселелері және Білім басқармалары басшыларының күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндамаларын тыңдады. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, қалада есірткіге және құмар ойынға тәуелділерге медициналық, сондай-ақ әлеуметтік көмек қалалық Психикалық денсаулық орталығында көрсетіледі.
«Осы күндері диспансерлік есепте 891 адам тұр. Олардың 3-еуі – кәмелетке толмаған жастар. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8 пайызға аз. Алғашқы рет есепке 34 адам қойылды, соның 19-ы – синтетикалық есірткіні тұтынушылар. Осы көрсеткіш те былтырғымен салыстырғанда төмен. Бірақ бұл жағдайдың жақсарғанынан емес, тиісті медициналық көмекке аз адам жүгінетініне байланысты болып отыр. Көп адам, әсіресе құмар ойынға тәуелділер, есепке тұрудан қашады. Көпшілігі жекеменшік емханаларда анонимді қызмет көрсетілетіндіктен соларға барады» деді Әлия Рүстемова.
Осы орайда қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина есірткі мен құмар ойынға тәуелділікке ұшырағандар оқуына, жұмысына, жүргізуші куәлігін алуына кері әсер етеді деп ойлап, есепке тұрмайтынын айта келе, ұсыныстарын жеткізді.
«Бізге қауіпсіз, қажет болса, анонимді алғашқы көмек жүйесі керек. Адам қорықпай келіп, шын мәнінде, кәсіби қолдау алуы тиіс. Мұнда заманауи технологиялар мен жасанды интеллект көмектесе алады. Сондықтан анонимді кеңес алуға арналған қорғалған арналар құру керек. Яғни пациентке қандай деректерді дәрігер көретінін таңдауға мүмкіндік беріп, қауіп-қатерді ерте анықтап, алдын алу шараларын ұсынатын алгоритмдер қолдану қажет» дейді депутат.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркеш Қалықов аталмыш департамент қала әкімдігімен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп есірткі қылмысының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатқанын айтып, осыған тоқталды. Соның ішінде қалада «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасып жатқанын жеткізді.
Қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов, елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасы ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Омар Сембекұлы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, нашақорлық қылмысы кешенді тәсілді талап ететін өзекті мәселе болып отыр. Бұл дертпен күрес құқық қорғау органдарынан бастап ата-аналарға, педагогтар мен жастардың өздеріне дейін бүкіл қоғамның қатысуынсыз мүмкін емес. Ерекше алаңдататыны – кәмелетке толмағандардың заңсыз әрекеттерге тартылуы. Биыл жыл басынан бері 12 жасөспірім ұсталып, 233 адам есірткі және психобелсенді заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Қалалық мәслихат депутаттары баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ