Басты ақпаратРуханият

Нәубеттер және тағдырлар

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының айналысып жатқан «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың куәгерлері мен олардың ұрпақтары естеліктерінің топтамасын дайындау және басып шығару» жобасы бойынша ғылыми-іздестіру жұмыстары барысында ХХ ғасырдың бірінші жартысында кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі қазақтың басына түскен нәубеттермен бетпе-бет келген талай тағдырлармен танысудың сәті түсті.

Осы ғылыми жоба аясында киелі Түркістан жеріне де ат басын бұрып, осы аймақтағы жергілікті тарихшылармен, көнекөз қариялармен, журналистермен, мәліметтерді беріп, бірінен соң бірі келген ашаршылық, Созақ көтерілісіне қатысты саяси қуғын-сүргін, соғысты да аласапыран заманның куәгерлерінің ұрпақтарымен сұхбат жүргіздім.

Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Жеңіс қилы заман кезіндегі өз отбасына қатысты әңгіменің ұшын шығарып, өзінің нағашысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсын Төрехановтың тағдыры туралы отбасылық жазбалар мен құжаттарын бөлісті. Бұдан өзге, Тұрсын Төрехановтың ұлы Қонысбай Тұрсынұлы, Тұрсын атамыздың інісі Ұлы Отан соғысының қазіргі көзі тірі ардагері Мырзахмет Жылысбаев, жиені созақтық ақын-журналист Мақсат Қарғабай, ардагер-журналист Ө.Қырғызбаев­тың естеліктерін тапсырып, ардагер тағдырына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.

Тұрсын Төреханов 1914 жылы сәуір айында Молотов селолық советіне карасты Қозмолдақ колхозында (бұрынғы Түркістан уезінің Көкшеқұмыр болысында) дүниеге келеді. Ауылда Рысмет молдадан ескіше са­уат ашып, қызыл отауда жаңаша әріп таниды. 1928-1930 жылдары Созақтағы Ленин атындағы жеті жылдық мектепте оқиды. Ауданда халық ағарту саласында жылдық мектепте сабақ бере алатын арнайы білімі бар маман кадрларының тапшылығынан 16 жастағы Тұрсын Төреханов өзі туып-өскен Қозмолдақ колхозындағы бастауыш мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастап, ұстаздық қызметін 1931-1932 жылдары Сызғандағы бастауыш мектепте мұғалім болып жалғастырады.

1932 жылы Қостанай қаласында жеті жылдық мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін қайта дайындау курсынан өтіп келіп, Созақтағы Ленин атындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болып ауысады. 1935-1938 жылдар аралығында Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищені бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады да, 1938-1942 жылдар аралығында Ленин атындағы орта мектептің директоры болып еңбек етеді.

Төреханов Тұрсынның әкесі Баймұратұлы Төрехан тумысынан мейрімді, жетім-жесірге қамқоршы кісі болған екен. 1933 жылғы аштықта ағайындарына «құм жағалап күн көріңдер, ең болмаса екі жанұядан тұқым қалсын» деп екі ағайынның баласын жібермей алып қалып, ашаршылықтан аман сақтап қалады. Кейін құмдағы ағайындары арып-ашып, аман-есен елге келіп қосылады.

1937 жылдары жаппай қуғын-сүргін басталып, қазақтың оқыған, сауатты, абыройлы кісілеріне «халық жауы» деген жала жабылып, талай жазықсыз кісілер алды атылып, соңы итжеккенге айдалып, ұзақ жылға сотталады.

Бір күні аудан орталығынан келген білім бөлімнің бастығы қараптан қарап, мектеп директоры Төреханов Тұрсынның көзінше қарт ұстаз Валиев Зайнешке «Сен ишанның баласысың» деп тиісе сөйлейді. Әдепсіздік пен әділетсіздікке шыдамайтын Тұрсын, сол кезде ұстазын қорғап араға түседі. Оның осы әрекеті кейін басына сор болып жабысады. Сол жылдары Тұрсынның әкесі Төрехан да кеңес өкіметіне қарсы Созақ көтерілісіне қатысты деген жаламен тергеусіз, дәлелсіз Қарағандыға этаппен айдалып кетеді. Тұрсын болса халық жауының баласы деген жаламен қызметтен босап, ауылға келеді. Ауылдағы колхозшылардың жалпы жиналысында Тұрсынның әділдігі мен адамгершілігін бағалай отырып аш-жалаңаштарға быламық тарату бойынша (продпомощь) бастық етіп сайлайды.

Арада екі-үш ай уақыт өткенде әкесі Төреханның еш жазығы жоқ екені анықталып, Қарағандыдан ақталып келеді де, Тұрсын өзінің қызметіне қайта келеді. Созақтағы жетім балалар үйі Түркістан қаласына көшірілгенше қамкөңіл балалардың өкіл әкесі болып, тағдыр­дың ауыртпашылығын бірге көтеріседі.

Тұрсын осы қызметте жүргенде талай тәрбиеленушілерді Түркістандағы балалар үйіне жіберіп, талайын аштықтан арашалап қалады. Қиын шақта Тұрсынның сөз жәрдемі мен қол жәрдемін көрген сол тәрбиеленушілер кейінге дейін хат жазып, хабарласып, өздеріне ағалық парызын көрсеткен ұстаздарына шынайы сезімдерін білдіріп тұрды.

Сондай аштық тауқыметіне ұшыраған балалардың бірі Мәлібек Төреханов болды. Созақтағы Күмісті мен Көктөбенің арасындағы сүрлеу жолдың бойында аштықтан ажал құшқан кісінің жанында «аталап» жылап отырған сегіз жасар баланы тауып алған бір жолаушы оны Созақтағы Тұрсын басшылық ететін балалар үйіне әкеліп өткізеді. Елгезек, білім алуға құштар Мәлібекті өзінің тегіне жаздырып алып, туған баласындай бауырына басады. Кейін аштықтың беті қайтып, бала Мәлібек ес жиып, оң-солын танығанда Қаратаудан жақындары іздеп келіп, алып қайтуға ниет білдіргенде оларға ермей Тұрсын әкесінің жанында қалады. Тұрсын Төреханов Мәлібекті Шымкент қаласындағы қорғасын заводының жанындағы он жылдық мектепке тапсырады.

Тұрсын Төрехановтың өкіл ұлы Мәлібек Төреханов бұл мектепте еліміздің ­Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевпен бір сыныпта оқиды (1-қатарда 1-суретте – Мәлібек, 8-суретте – Кемел ­Тоқаев). Кемел ­Тоқаевтан басқа сыныпта болашақ жазушы Амантай Байтанаев та оқыған болатын. Амантайдың ағасы Әбіш Байтанаев осы сынып­қа сабақ берді. Бір сыныпта оқыған 25 баланың барлығы мектепті бітірген соң Отан қорғауға майданға аттанады. Майданнан інісінен Тұрсын Төрехановқа «Ұлыңыздың тілеуін тілеп жүріңіз!» деген хаттары келіп тұрады.

Жуырда Төреханов Мәлібек Баймұратұлының жатқан жері араға 83 жыл салып анықталды. Мәлібек Баймұратұлы Шымкент әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, алғашқы әскери дайындықтан өтті. Бейбіт өмірді артқа тас­тап, жастық шағын қару-жарақ ұстауға арнаған боздақ, өзге де мыңдаған жауынгерлер секілді, әскери дайындықтан кейін, Ленинград облысы Волхов қаласындағы 461-атқыштар полкі, 142-атқыштар дивизиясы майданына жіберілді. Мәлібек Баймұратұлы 142-атқыштар дивизиясы, 461-атқыштар полкі құрамында 1941 жылдың 7 тамызына дейін шайқасып, 2222-эвакуациялық госпиталь түсіп, 17-Волховский әскери жөнелту пунктке госпитальға ауыстырылады. Кейінірек оны 3-атқыштар бригадасының 8-Армиясы, 11-Армия, Солтүстік-Батыс майданы, Солтүстік майданына ауыстырды. Соңғы шайқасқан жері, 1-гвардиялық атқыштар бригадасында, қысқы шайқастар ерекше ауыр өтті. Суық, аштық, оқтың арасындағы өмір – майдангерлер үшін күнделікті шындыққа айналды. Бірақ олар жауға қарсы қаймықпай күресті. 1942 жылы 12 ақпанда болған шайқаста Мәлібек Баймұратұлы ерлікпен қаза тапты…

Оның тағдыры жайлы мәліметтер ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келді. Алайда осы жолдардың авторының ізденісінің арқасында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы №58 қор, №818883 тізім, №1013 іске тіркелген құжаттардың арқасында оның ерлікпен қаза тапқан жері мен мәңгілік мекені анықталды. Оның денесі алғашында Мгинск ауданындағы Пушечная тауына жерленді. Алайда соғыс аяқталғаннан кейін, оның сүйегі басқа майдангерлермен бірге Ленинград облысы, Киров ауданы, Новая Малукса мемориалында № 79050211 нөмірмен қайта жерленді.

Қорғасын зауыты мектебінің Мәлібек оқыған бір сыныбынан соғысқа аттанған 25 оқушының 22-сі соғыста қаза тауып, тек 3-еуі ғана соғыстан оралды. Аман-есен оралғандардың бірі – Амантай Байтанаев, бірі Кемел Тоқаев болды.

Тура сол жылы, яғни 1942 жылы Мәлібектің өкіл әкесі Тұрсын Төреханұлы да ел іргесін шайқаған жаумен шайқасуға өзі сұрана жүріп аттанады.

Ұлы Отан соғысы жылдары ауданда мұғалім кадрлары тапшы болғандықтан, Тұрсындай азаматтар ауылға да өте қажет еді. Бірақ, тыныш жатқан ел шетіне жау тиіп, ойран салып жатқанда Тұрсын атамыз шыдамай, майданға өзі сұранып аттанады. Мектеп директорлығынан 1942 жылы Кеңес Одағының жауынгері ретінде аяғына етік киіп, иығына қаруын асынып, майдандағы жорық жолдарына аттанады. Қанды майдан жорықтары Полтава, Керемчук, Знаменка, Кировоград, Ново Украинка, Первомайск, Сандомир, Демойц, Ченстохов, Одер өзені бойындағы Берслау ауданын, Опель мен Перинберг, Найдштадт, Штейнау, Зольц, Штрелен мен Рыбник, Мейсен, Куркенау, Дрезден мен Прага қалаларын жау­дан азат етуге белсенді түрде қатысып, ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының Бас қолбасшысы, маршал Сталиннің бұйрығымен Алғыс жарияланады. Жауынгерлік қанды жорықтардың куәсі ретінде «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Праганы алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» медальдарымен марапатталады.

1942-1943 жылдары офицерлер дайындайтын арнайы курс­тан өтіп, барлық кезде майданның алдыңғы шебінде жүреді. Майданда санитар, жауынгерлік қойма меңгерушісі, взвод партия ұйымының секретары болып та жауапкершілігі жетерлік міндеттерді де абыроймен атқарады. Майданда екі рет ауыр жарақаттанып, снаряд қопарған топырақтың астында көміліп қалған кезі де болды.

Қақаған қыста аяқтан сыз өткізіп, өкпесіне суық та тигізіп ауру тауып алған Тұрсын ­Төреханов «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей оқ пен оттың арасында жүріп туған жерге аман-есен оралады. Өкініштісі сол, бала кезінен бауырына басқан өкіл баласы, ерлікпен қаза тапқан Мәлібегін орыс орманының бір шетіндегі бауырластар қабіріне мәңгілікке қалдырып кетеді…

Тұрсын ата елге оралған соң Созақтағы Ленин атындағы жеті жылдық мектепте соғыс­тан бұрынғы директорлық қызметін жалғастырады. Әрі соғыс­тан бұрын түскен Алматыдағы мұғалімдер институтында сырт­тай оқуын одан әрі жалғастырып, 1947 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Төреханов Тұрсын жасы келіп, зейнеткерлікке шыққанмен ауыр тағдыр соқпағы кері әсерін тигізбей қоймай, 1960 жылы 31 желтоқсанда жасы елуге толмай дүниеден өтеді.

Өзінің жарты ғасырлық аз ғана ғұмырында аштықты да, қуғын-сүргінде де, соғыс алапатын да көріп, бауырына басқан ұлынан да айырылған Тұрсын Төреханов өмірлік қосағы Шырынкүл әжемізбен жеті ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Тұрсын атамыздың жары Амалбекқызы Шырынкүл әжеміз де 105 жыл жасап, осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден озды. Артында қалған жеті ұл-қыз, олардан тараған немере-шөберелері әр салада қызмет етіп жүр.

Қазақтың ардагер батырларын өз дәрежесінде құрметтеп жүрміз бе деген ой мазалайды. Ашаршылықта талай тағдырды құтқарып қалған, қуғын-сүргіннің қияметін көрген, бауырына басқан баласының қазасынан кейін соғысқа өзі сұранып барған Тұрсын Төрехановқа кезінде өзі директор болған мектептің есімін, немесе, аштықтан арашалап алып қалған ауданындағы бір көшенің есімін берсе деген ұсыныс-ойымыз бар. Қазақтың қилы тарихындағы әрбір батыр­дың есімі ұмытылмауға тиіс.

 Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология

институтының ғылыми

қызметкері

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button