Ел тынысыИмантаразы

Мың айдан да қайырлы Қадір түні

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Жыл – он екі айдың ішінде адам баласының рухани өміріне, жүрегіне, тіпті тағдырына тікелей әсер ететін бір ғана түн бар. Ол – барша мұсылман жұртшылығы асыға күтетін Қадір түні. Халықтың оны «түндердің сұлтаны» деп атауы бекер емес. Бұл – көктің есігі айқара ашылып, Алланың рақымы төгілетін, періштелер жер бетіне түсетін, бір ғана түннің сауабы тұтас бір ғұмырға теңесетін айрықша қасиетті мезет.

«Қадір» сөзі араб тілінде бірнеше мағынаны қамтиды. Біріншіден, ол – құрмет, биіктік. Демек, бұл түн Алланың алдында ең мәртебелі. Екіншіден, «қадр» тағдыр деген мағынаны білдіреді. Дәл осы түні әрбір пенденің келер жылдағы несібесі мен жазмышы бекітіледі. Алла Тағала бұл жайлы Құранда: «Сол түні әрбір хикметті іс нақтыланып жазылады» (Духан сүресі, 4-аят) деп баяндайды. Үшіншіден, «қадр» – тарылу, яғни бұл түні періштелердің көптігінен жер беті тарылады. Төртіншіден, ол – кешірім мен дәреже. Қадір түні тәубе еткен пенденің күнәсі кешіріліп, рухани дәрежесі көтеріледі. Қадір түнінің ұлылығы Құранда арнайы сүре арқылы айрықша атап көрсетілген: «Расында Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік.

Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да қайырлы» (Қадр сүресі, 1-3-аяттар). Бір ғана түнде осыншама мағына сыйып тұрса, оның ұлылығы қандай екенін жүрекпен сезінуге болады. Бұл – шамамен 83 жылға тең сауап деген сөз. Ойлаңызшы, адам баласына бір ғана түнде тұтас бір ғұмырдың сауабы ұсынылып отыр. Бір түнде өткен өмірінің күнәларын жуып, бір түнде болашағына нұрлы тағдыр тілеуге, бір түнде жүрегін қайта түзеуге мүмкіндік беріледі. Жылдар бойы жинай алмайтын сауапты Алла бір түнге сыйдырып отыр. Бұл – Раббымыздың пендесіне деген шексіз мейірімі мен рақымының айқын көрінісі. Ойлап көріңізші… Адам бір түнде кешегі қателігін жуып, бір түнде болашақ өміріне жаңа парақ ашып, бір түнде жүрегін тазалап, бір түнде Алланың рақымына бөлене алады. Бұл түннің тағы бір ерекшелігі – жер бетіне періштелер мен Жәбірейіл періштенің түсуі: «Ол түні періштелер мен Рух (Жәбірейіл) Раббыларының рұқсатымен әрбір істі жүзеге асыру үшін жерге түседі» (Қадр сүресі, 4-аят). Сондықтан бұл түн жай ғана ұйықтамай шығатын түн емес. Бұл – өз тағдырыңмен бетпе-бет қалатын түн.

Қадір түні – кешірім түні. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кім Қадір түнін иманмен және Алладан сауап үміт етіп өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Мүслім) деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қадір түнін Рамазанның соңғы он түнінің тақ түндерінен іздеуді өсиет еткен: «Қадір түнін соңғы он түннің тақ түндерінен іздеңдер» (Бухари). Ғалымдардың басым бөлігі 27-түнге ерекше мән береді. Қадір түні жай ғана ұйықтамай шығатын түн емес. Бұл – пенденің Алламен байланысын жаңғыртып, жүрегін тазартып, тағдырын дұғамен түзейтін ұлы мүмкіндік. Осы түні тәубе ету, Құран оқу, зікір айту, өзіне, отбасына, еліне дұға жасау – ең сауапты амалдар. Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) осы түнге лайық дұғаны сұрағанда, Ол: «Уа, Алла! Сен кешіресің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр» деп үйреткен. Қадір түні – Алланың рақымы ең көп төгілетін, жүрек пен тағдыр түйісетін қасиетті түн. Оны шынайы құлшылықпен өткізген адам өз өміріне жаңа рухани бет ашады. Қадір түні – Алланың пендесіне ең жақын болатын сәті. Жүрек сол түні шын жыласа, тағдыр сол түні шын өзгереді.

Алла Тағала баршамызды Қадір түнінің қадірін білетін, оның шапағатына бөленетін құлдарынан етсін. Дұғамызды қабыл, тағдырымызды қайырлы, жүрегімізді таза қылсын. Әумин!

Асқар ЗӘКІРЖАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button