Ел тынысы

Музыкалық жас көрермен театры V-маусымын «Абай-Тоғжанмен» жапты

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің V театр маусымын М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен салтанатты түрде жапты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биылғы V маусымның жабылуы қазақтың ұлы ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Қазіргі таңда Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына бес жыл толды. Биылғы маусым да театр ұжымы үшін табысты болып, бес жаңа премьераның тұсауы кесілді.

Іс-шара барысында театр директоры Асхат Максимұлы сахнаға көтеріліп:
– Армысыздар, біздің сүйікті көрермендер! Бүгінгі кеш біз үшін ерекше тебіреністерге толы күн. Себебі, кез-келген театр үшін де маусымның ашылуы мен жабылуы жүректі толқытатын сәт. Әрі сіздермен бір айдай үзіліс жасап, қайтадан кездесетін сәтіміз. Өзіміздің дәстүріміз бойынша, осыдан бес жыл бұрын ашылғанда да Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен шымылдығын түрген болатынбыз. Бұл қойылым біздің театрымыздың төлқұжаты іспеттес қойылым. Осы бесінші мерейлі маусымда бес қойылымның премьерасын жасадық. Сондай-ақ, көрермендерге 266 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 61 181 көрермен тамашалаған екен. Келесі театр маусымының ашылуына дейін аман-есен болайық! Елімізде тек қана ауызбіршілік болсын! Біздің театрымыздың қызметкерлері ұлттың руханиятына қызмет етуден ешқашан талмасын!, – деді.

Осы маусымда театр қоржынына «Қызжылаған» драмасы, «Сылаң қыз» комедиясы, «Әміре» моноспектаклі, «S.O.S» драмасы, «Мәншүк» музыкалық драмасы еніп, 5 жаңа премьерамен толығып, театрымыздың репертуары жалпы қойылымдар саны 28-ге жетті. Сондай-ақ, көрермендерге 266 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 61 181 (алпыс бір мың жүз сексен бір) көрермен тамашалады.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым – Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.
Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

1. Қойылым режиссері- театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері- Асхат Маемиров.
2. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл.
3. Музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халық әртісі).
4. Қоюшы суретші – Алма Сырбаева.
5. Композитор – Бауыржан Ақтаев («Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері).
6. Балетмейстр – Шырын Мұстафина
7. Хормейстр – Ғалымжан Берекешев (ҚР «Мәдениет саласының үздігі»)
Рөлдерде:
Жырау – Оразалы Игілік («Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері)
Жазмыш рөлінде – Шынар Қалдыбай
Ақсақал рөлінде – Қуаныш Жалғасов
Жеңгелері: Лаура Аязбаева, Нұрай Рысбекова
Аққозы рөлінде – Сұлтан Кеңшілік
Керімбала рөлінде – Аружан Бағзат
Ербол рөлінде – Армат Амандықов
Смағұл рөлінде – Мағжан Омар
Оспан рөлінде – Жасұлан Әбдірахман
Құнанбай рөлінде – Асхат Мусағалиев (ҚР «Мәдениет саласының үздігі»)
Ұлжан рөлінде – Самал Еслямова (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері)
Тоғжан рөлінде- Арелана Амангельдиева
Абай рөлінде- Аян Өтепберген (ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері).

Айта кетейік, 2-ші қыркүйекте VI театр маусымының ашылуы өтеді!

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button