Басты ақпаратРуханият

Музей ісіне де ізденіс керек

Астана музейі жоқ қала емес. Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» құрамына бірнеше мұражай кіреді.

Қараөткел – қала тарихының бастауы

Мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесінде тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығы орналасқан. Орталық Астана қаласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау, қайта қалпына келтіру және насихаттау жұмысымен айналысады. Одан бөлек, жеке музейлер де қала қонақтарына танымал болып қалды. Бірақ әрқайсысының орны бөлек. Бір кемшілігі сол, қаланың жеке дара өлкетану музейі болмаған соң, маңызды мәселе деп тілге тиек етіп отырмыз.

Байырғы тұрғындардың айтуынша, қала музейі қазіргі филармонияның қарсы бетіндегі Кенесары көшесіндегі «Астана» аталатын дүкеннің ғимаратында ашылған екен. Ол көпес Кубриннің үйі әрі дүкені болған дейді. Бертінге дейін жұмыс істеген музей мемлекет астанасы – Ақмолаға көшіп келгенде жабылып қалады. Музей жабылғанмен, жәдігерлер жойылмайды ғой, бірсыпырасы қоныс аударған облыс орталығы – Көкшетауға, енді бірі қаланың басқа да мұражайларына бөлінді. Басым бөлігі қалалық архивте шаң басып жатыр. Шашырап кеткені болмаса, оның бәрі – қаланың тарихынан сыр шертетін жәдігерлер. Өкініштісі – лайықты бұрышын таппағаны. Көз алдымызда өркен жайып келе жатқан елорданың ежелгі тарихымен таныстыратын бұрынғы экспонаттардан бөлек, 30 жылдық тарихының шежіресі де музей ашылған күні түгел жиналатыны анық. Тек ниет болсын!

Аспан астындағы ақиқат

Осыдан біраз бұрын Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске сақтау музейіне жол түсті. Деректерге қарағанда, өткен ғасырдың басында Ресейден жер аударылып келген немістер негізін қалаған, Ақмола уезіне қарасты елді мекен. Қоңыртөбе деп аталған қазақтың қоңыр жері немістердің ғана емес, 30-жылдардың соңында басталған бұрынғы Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесінің ғаламат қуғын-сүргінінің орталығы, саяси террордың салтанат құрған тозақты түрмесіне айналды.

Болашақ ұрпақ үшін дейміз ғой, бұл да аса қажет музей. Бұл жер бетіндегі барша зұлымдыққа қарсы сөзіміздің дәлелі, тоталитарлық саясат құрбандарына құрметіміз, соған жеткізген жүйеге қарсылығымыз болып қалмақ. Уақыт өткен сайын аға буынның талайына түскен ауыр сынақ ұмытылып, көрген қиыншылығы көмескіленіп, көп нәрседен хабарсыз, алаңсыз жаңа ұрпақ дүниеге келеді, осылайша тарих дөңгелегі алға жылжи береді. Бірақ ол адам­зат жадынан өшпеуге тиіс, қанды оқиғалардың жер бетінде қалдырған ізін мықтап шегендеп тастауымыз керек.

Туризм нысанына айналған мұндай жерлерді «қара туризм, қаралы туризм» деп атайды. Оның тарихы кісі өлімімен, жан азабымен, үреймен, қорқынышпен байланысты. Яғни қаралы туризм – өте ауыр да қайғылы оқиғалармен байланысты, салыстырмалы түрде жаңадан дамып келе жатқан туристік бағыт. Тұжырымдаманың өзін 1996 жылы Каледон университетінің қызметкерлері айналымға енгізген екен. Ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «қара туризм» немесе «қаралы туризм» дегенді білдіреді. Оның ең жарқын мысалдары – АҚШ-тағы Алькатрас түрмесі, Польшадағы Освенцимдегі Холокост мұражайы, Новодевичье зираты және Украинадағы қараусыз қалған Припять қаласы. Ал қазақ жеріндегі Арал, Байқоңыр, Семей полигоны, бір кездері тұрғындар тастап кеткен елес қаласы – Курчатов осы тізімге кіреді.

Зұлмат жылдардың тағы бір куәсі, атының өзі жанымызды тітіркендірген музейге жету аса қиын емес, Астанадан Қарағандыға жетіп, вокзалынан Шахтинск қаласына жүретін қалалық қоғамдық көлікке отырып, Шахтинскіге бұрылған жерден Долинка кентіне қатынайтын автобустарға ауысып мініп, тез жетесіз. Одан бөлек, такси де зырылдап тұр.

Музейге жылына 40 мыңға жуық адам келеді екен. Әсіресе көктем-күз айларында кісі аяғы басылмайды. Біз барған кезде де Германиядан келген туристер болды, одан бөлек бірлі-жарым шетелдік қонақтарды байқадық. Ал облыстағы колледж студенттері лек-легімен келіп жатты. Бұл да оқу бағдарламасында ескерілген патриоттық тәрбие жұмысының маңызды шарасына кіреді екен. Үлгі алатын жайт. Жоғары сынып оқушыларының жергілікті тарихты меңгергені зиян болмайтыны анық. Бір жағынан атағы жер жарған қаралы туризм нысаны ретінде елдің есінде жүргені бізге ұнады. Бұл дегеніміз – өткен күндер зұлматының жаңғырығы өшпегені, бітеу жараның әлі сыз­дап, ұрпақтар жадында қалғаны.

Бірнеше күн Долинкада болып, тек музейді ғана аралап қоймай, шағын ғана елді мекеннің көшелерін аралап шықтық. Музейге айналған Қарлаг басқармасының бұрынғы ғимараты ғана емес, бұл жердің бәрін ашық аспан астындағы музейге айналдыруға болады. Мұндағы үйлер 1933-1935 жылдары салынған күйінде, барлығын да бір-бір тарихи жәдігер деп айтуға болады. Соның бірі – музей артындағы еңселі үй. Көргендердің айтуынша, биіктігі 3 метр, қабырғасының қалыңдығы сала құлаш екен. Еңселі үйді лагерь басшыларына арнайы салған. Емен тақтайдан бедерлеп өрнектеген биік шарбағы сол күйінде, ғасырға жуық уақыт өтсе де қисаймаған. Темір топсасы да қалыпты. Шарбақтың артынан шәуілдеген күшік бұл үйдің жеке иелікте екенін білдірді. Лагерь ғимаратының бірі – емхана сол кездегіден көп өзгермеген. Қазір де Долинканың емханасы. Бір кездері жапондық тұтқындар салған мәдениет үйі болыпты. Ол қолмен қиратылған. Долинка­лықтар әлі күнге дейін соған іші ашиды. Әп-әдемі ғимарат еді деп қояды. Орталыққа жақын жердегі автобазаның кіреберісіндегі аспалы темір қақпа да сол кү­йінде қалыпты. Ішіне қарай көз салсаңыз, есік-терезесі қираған, бірақ шатыр мен қабырғасы бүтін әрі биік. Жеке иелікте деп айтты. Сонда да темір қақпа музей құрамына кірсе, туристер үшін маңызды нысан болар еді. Кенттің өзі бір музей дерсіз. Шатыры биік түскені – украиндық тұтқындардың, одан төмені – кавказдық және басқа да сәулетті нысандар жеткілікті. Жертөледе де адамдар тұрған. Күні кешеге дейін Маша тәтей тұрған екен, ол кісі қайтыс болған соң жертөле иесіз жатыр. Бірақ құрылыс ескі жәдігер ретінде, кеңес адамын тығырыққа тыққан әрекетінің тілсіз куәсі.

Әрине, аш-жалаңаш, ауыр күнде адам өлімі таңғаларлық құбылыс емес. Олардың бәрі «Мамочкино» зиратында жатыр. Ол туралы көп айтылып, көп жазылды. Ескерткіш ретінде 2005 жылдың 21 қыркүйегінде ашылды және Рим Папасы Иоанн Павел II-нің сапары кезінде – 2001 жылы 27 маусымда зиярат еткен. Канонизацияланған діндар Алексей Зарицкий де осы жерде тыныс тауыпты.

Сәбилердің томпақ қана қабірі жүрекке ауырлық түсіреді. Әйелдер барагын қоршаған қарулы күзетшілердің мына сәбилердің көрген жарығына қатысы жоқ па екен деген ой келді. Қарулы күзетші демекші, музей қызметкерлерінің айтуынша, жер асты жолы болған. Азаптау камерасынан шыққан тұтқындар сонда атылып, сол жол арқылы елді мекеннің сыртындағы үлкен шұңқырға көмілген. Зерттеушілер бауырластар зиратын да тауыпты. Әрі қарай ізденіс тоқтап қалған.

Мені таңғалдырған тағы бір нәрсе – жайқалып өскен кәрі ағаштардың көптігі. Кезінде мұнда Долинка орманы болыпты. Онда суыққа төзімді жүзімге дейін өсірген. Қазір орнында ескі томарлар қалған деді. Оған жол түспеді. Дегенмен жасыл желекке бөленген жер екен. Бейне бір тұтқындардың көз жасымен көгеріп, өткен күнге салауат айтып, үнсіз егіліп тұрғандай. Ас­панға қарай тартылып өскен ағаштардың тар шарбағын бұзып, еркіндік бергің келеді.

Осындай ауыр оймен Астанаға оралдым. Бұл жер музей болуға сұранып тұр. Арасына жеңіл машина қойып, экскурсия сағатын белгілеп қойса, әрі кетсе 45 минутта айналып шығуға болады. Мұны музей қызметкерлері ұйымдастыра алмас, дегенмен Қарағанды облыстық басқармасы қолға алып, ескі барактарды иелерінен сатып алып, бұрынғы қалпында қалдырса, офицерлер үйін, лагерь басшысының үйін, одан басқа да ескі ғимараттардың сыртқы бейнесін бұзуға, жөндеуге тыйым салса, осы бір қаралы туризм нысаны еш жерде баламасы жоқ, бірден-бір ғибраты мол мекенге айналар еді…

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button