Мұртаза мұрасы – ұлттық архивте…

Республика күні қарсаңында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, журналистиканың нән бәйтерегі, жазушы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бірегей шығармашылық және зерттеу еңбектерінен құралған құнды құжаттарды «Егемен Қазақстан» газеті Ұлттық архивке табыс етті.
Салтанатты іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, сенаторлар, зиялы қауым өкілдері, «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Егемендік декларациясының қабылдану барысы туралы кеңінен айтып, сол тарихи сәттердің бел ортасында Шерхан Мұртазаның болғанын ерекше атап өтті. Ал Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жазушының мұрасын жинау барысында болған естеліктерімен бөлісіп, Шерхан Мұртазаның қаламынан туған шығармалардың әр жолында ел мен жерге деген махаббат, әділдік пен адалдықтың үні бар екенін айтты.
Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Сауытбек Абдрахманов сөз алып, Шерхан Мұртазаның қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегі жайында әңгімелесе, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы да Шерхан Мұртазаның мінезі мен сөзінің өрнегі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Ал Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова архивтің қоғамдағы рөлі мен тұлғалық мұраның құндылығына тоқталды.
– Архив – тек құжат сақтайтын орын емес. Бұл – елдің жады мен рухын ұрпаққа жеткізетін киелі кеңістік. Біз үшін Шерхан Мұртазаның еңбектері – ұлттық сана мен тарихи зерденің айнасы. Осы құжаттарда оның өмірлік ұстанымы, қаламгерлік қолтаңбасы, азаматтық үні сақталған. Біз оларды арнайы температура мен ылғалдық режимі бар жабдықталған қорда сақтаймыз. Әрбір парақ, әрбір қолжазба – тарих. Оларды болашақ ұрпақ көріп, танып, одан тағылым алуы үшін сақтаймыз. Бұл – біздің парызымыз және ұлт алдындағы жауапкершілігіміз. Мұндай мұра тек сөреде емес, әр қазақтың жүрегінде сақталуы керек. Өйткені Шерхан Мұртазаның мұрасы – қазақ руханиятының айнасы, елдік пен ерліктің өлшемі, – деді Сағила Нұрланова.
Архив қорына өткізілетін материалдардың ішінде Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы зерттеу жазбалары, сондай-ақ кеңестік билікке қарсы шыққан қазақ зиялыларының қайраткерлігін бейнелейтін «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасының, тағы басқа да бірнеше шығармасының қолжазбасы және жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен басқа да тарихи-мәдени маңызы зор құжаттар бар.
Шапағат ӘБДІР



