Ел тынысы

Мұнай-газ секторын жергіліктендірудің жаңа бағыты айқындалды

Энергетика министрлігі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларының операторларына отандық өндірушілерді тартуға бағытталған нақты стратегиялық міндеттер жүктеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана, 2025 жылғы 23 шілде – Энергетика министрлігі жергілікті қамтуды дамыту саясатының жаңа, айтарлықтай талапшыл кезеңіне көшетінін мәлімдеді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен өткен Халықаралық мұнай-газ машина жасау саласын дамыту орталығы (IMBC) қауымдастығы кеңесінің отырысында ірі мұнай-газ операторлары – «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтингтің» сатып алу практикасын түбегейлі өзгертуге бағытталған нақты іс-шаралар кешені ұсынылды.

Экономиканы әртараптандыру бойынша стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыстың қарқынын едәуір жеделдету де тапсырылды. Министр бұған дейінгі келісімдер мен Парламент Мәжілісіндегі тыңдаулар қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың нақты орындалуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерді салу керек екенін де баса айтты.

– Біз серіктестеріміздің Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар жаңа міндеттерді орындау үшін әлеуетіміздің жететінін көріп отырмыз. Біздің тұжырымдамалық мақсатымыз – ірі жобалардың айналасында өзін-өзі қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кластер қалыптастыру. Бұл бүгінде ұлттық экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететін мәселе, – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Осыған орай, операторларға нақты міндеттер қойылды. 2025 жылдың қыргүйек айында Ақтау қаласында өтетін Мұнай-газ машина жасау форумы аясында отандық жеткізушілермен бірқатар келісімшарттарға қол қою жоспарланған. Сонымен қатар әрбір оператордың кемінде бес ұзақмерзімді келісімшарты отандық өндірушілермен жасалуы керек.

Сондай-ақ халықаралық OEM-өндірушілерінің өндірісін елімізде жергіліктендіру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бұл үшін барлық қолжетімді тетіктер, соның ішінде «инвестициялық айырбас шарты» сынды құралдар қолданылуы тиіс.

Бұл бастамалар IMBC-тің 109 мыңнан астам тауар позициясы бойынша жүргізген аналитикалық талдауына және 200-ден астам жергілікті кәсіпорынды қамтыған аудиттің нәтижелеріне сәйкес жүргізіледі. Нақты шаралардың орындалуы Энергетика министрінің тікелей бақылауында болады. Мұнан бөлек, операторлар мен Қазақстан Үкіметі арасындағы өзара байланыстың тиімділігін бағалауда негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде қаралады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button