Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға арналған жаңа орталық ашылды

Елордадағы №111 орта мектепте Ustaz Space зерттеу орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталықтың мақсаты – педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру және тәжірибе алмасуға жағдай жасау, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ашылу рәсіміне орай ұстаздар «Ustaz Space: Ұстаздыққа құрмет» атты мерекелік бағдарлама дайындады. Іс-шараға Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Әсима Бимендина, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, алаштанушы ғалым, филолог Дихан Қамзабекұлы, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, білім беру саласының өкілдері мен қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.
Қонақтарды оқушылар гүлмен қарсы алып, «Білім шамшырағы» атты әдеби композиция ұсынды. Қойылымда ұстаз еңбегінің басты құндылықтары – адалдық, отансүйгіштік және еңбексүйгіштік көрініс тапты. Бағдарлама барысында алғаш рет мектептің «Келешек мектебі» атты гимні шырқалды.
Қатысушыларға бірнеше тақырыптық аймақтар ұсынылды: «Ұлағатты жол», «Алтын тұлғалар», «Заманауи педагогика», «Ыбырай Алтынсарин ізбасарлары». Көрмелер қазақтың ағартушы тұлғаларына – Ыбырай Алтынсаринге, Ахмет Байтұрсынұлына, Мағжан Жұмабаевқа және қазіргі заманның үздік ұстаздарына арналды.
Экскурсия барысында қонақтар жаңа Ustaz Space орталығының бағыттарымен және «Келешектің ұстаздары» атты стендпен танысты. Мұнда жыл бойы үздік нәтижеге жеткен педагогтардың еңбектері көрсетілген.
Ерекше әсер қалдырған сәт – 2-сынып оқушысы Нұрмұхаммед Нұрсұлтанұлының подкаст алаңында құрметті қонақ Әсима Темкенқызымен шағын сұхбат жүргізуі болды. Қонақ кішкентай жүргізушіге батасын берді.
Мектеп директоры Данара Мейранбекқызы атап өткендей:
«Ustaz Space – мұғалімдердің кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға арналған заманауи алаң. Бұл орталық зерттеу мен тәжірибе ортасы ғана емес, педагогтың шығармашылық және рухани дамуына мүмкіндік беретін кеңістік. Жоба «Адал азамат» бағдарламасымен үндесіп, жас ұрпаққа патриотизм, еңбексүйгіштік пен адалдық қасиеттерін дарытуды көздейді».
Іс-шара соңында қатысушылар ұстаздық мамандықтың қоғамдағы орны туралы ойларымен бөлісіп, педагогтарға ізгі тілектерін білдірді. Сондай-ақ ардагер ұстаздарға алғыс хаттар табысталды.