«MTUZ-Fest»: Бес жылдық белес

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының 5 жылдығына орай елордада «MTUZ-Fest» I театр қойылымдары фестивалі басталды. Іс-шара 22 желтоқсанға дейін жалғасады.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің (инсценировка авторы – Мирас Әбіл) «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен (қоюшы режиссері – Асхат Маемиров) алғаш шымылдық түрген аталмыш өнер ошағы фестивальді дәл осы қойылыммен ашты. Фестивальді өткізудегі мақсат – театрды заманауи форматта ұсыну, көрерменмен еркін, шынайы байланыс орнату.
Соның барысында Музыкалық жас көрермен театрының 5 жылдық шығармашылық жолын қорытындылап, театр ұжымының жетістіктерін дәріптеу және ұжымдық рухты нығайту жоспарланған. Сондай-ақ режиссерлер мен актерлердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету, театр мәдениетін, орындаушылық мәдениетті, сахна әдебін жетілдіру, театр ұжымының ерекше шығармашылық стилін қалыптастыру, мәдени кеңістіктегі беделін арттыру көзделген.
Осы бес жыл ішінде бұл театр репертуарына 32 спектакль енді. Фестиваль аясында солардың кейбірін тамашалауға болады. Атап айтқанда, «Қызжылаған», «SOS» драмалары, «Үнсіздік» перфомансы, «Мәншүк», «Қоштасқым келмейді», «Гауһартас» музыкалық драмалары ұсынылады. Фестиваль 22 желтоқсан күні «Театр әлемі» концерт-қойылымымен жабылады.
Жалпы іс-шара барысында театр көрермендері үшін ерекше мүмкіндік ұсынылады. Осы күндері көрермендер сүйікті театр әртістерімен көзбе-көз кездесіп, еркін форматтағы фан-кездесуге қатыса алады. Кездесу кезінде әртістермен тікелей тілдесіп, олардың шығармашылық жолы, сахнадағы тәжірибесі мен алдағы жоспарлары туралы сұрақтар қойып, әсерлі қойылымдар жөнінде пікір айта алады. Бұл фан-кездесулер театр мен көрермен арасындағы рухани байланысты нығайтып, сахна өнеріне деген қызығушылықты арттыратын жылы әрі ашық ауанда өтеді. Онлайн дауыс беру арқылы үздік спектакль, үздік актер, үздік актриса анықталып, «Көрермен көзайымы» аталымы тапсырылады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



