Руханият

Минометші-майдангер

Әрбір елдің тарихы оның ұлы тұлғалары арқылы өлшенеді. Соның ішінде өткен ғасырдың ауыр кезеңі, биыл Жеңістің 80 жылдық мерейтойы тойланған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде туған ел үшін от пен оқтың арасында жүрген майдангерлердің есімі ел жадында алтын әріппен жазылуға тиіс. Себебі бейбіт күннің әр сәті – олар төккен қан мен тартқан азап өтеуі.

Тағдырдың не­бір тауқыметін көріп, халқының жадында мәңгіге сақталған, соғыс және еңбек ардагері Таубаш Тілеубаев. Ұлт пен ұрпақ үшін тер төгіп, еңбегімен ел есінде қалған азамат 1924 жылдың қыркүйек айында Қызылордаға қарасты Арал ауданы Ақ­ирек ауылында өмірге келген. Балалық шағынан-ақ еңбекке ерте араласқан ол Құмбазардағы жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге бел буып, небәрі 18 жасында майданға аттанған. Бұл соғыс өрті күшейген 1942 жыл ­болатын.

Кейіпкеріміз 100-атқыштар полкінің құрамында минометші болып, жауға қарсы алғы шепте шайқасады. Минометші – майдандағы ең қауіпті әрі шешуші жауынгердің бірі. Ажалмен бетпе-бет келген сәттерде ол Отан үшін от кешіп, ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсетеді. Алайда 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге оралады. Бірақ бұл жара оның рухын сындыра алған жоқ. Керісінше, ол үшін қоғамға адал қызмет етудің жаңа кезеңі басталды. Тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіруге білек сыбана кіріседі. Елге оралысымен қатардағы жұмысшыдан аудандық деңгейдегі жауапты қызметтерге дейінгі жолдан өтеді.

Таубаш аға тек еңбекке адалдығымен емес, білімге деген құштарлығымен де өзгелерге үлгі бола білді. 1955 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумын, 1960 жылы Саратов ауылшаруашылық институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алып шығады. Білімін өндіріспен ұштастырып, сол жылы Қарақұм кеңшарында бас инженер болып тағайындалады. 1964-1976 жылдары Арал қаласындағы «Водоканал» мекемесінде бас инженер әрі сол мекеменің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады. 1989 жылы зейнетке шыққанға дейін Қызылорда ауыл шаруашылығын суландыру жүйесінің аудандық бөлімшесін басқарды. Осы қыз­меттерде жүріп, елдің ең күрделі кезеңдерінде халықтың су, техника, ауыл шаруашылығы салаларындағы негізгі мәселелерін шешуге атсалысты. Инженерлік саладағы жаңалық­тары арқылы да ел игілігіне үлкен үлес қосты. 1974 жылы 5000 м³ резервуарды тазарту жобасын оңтайландырып, 27 мың сомнан астам экономикалық үнемге қол жеткізеді. Бұл үшін 694 сом көлеміндегі сыйақыға ие болып, өз ісінің шебері, жаңашыл маман екенін тағы бір дәлелдейді.

Жеңіс жолындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен», сондай-ақ Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Кеңес Одағының маршалы А.Гречконың алғыс хатын иеленді. 1976 жылы «Тоғызыншы бесжылдықтың жеңімпазы» төсбелгісін алды.

1996 жылы «Кіші Арал» негізін қалыптастыруға, «Көк­арал – Қаратерең» бөгетін салуға «Аралға – араша» қорына өз қаражатынан қомақты қаржы аударып, елжандылық азаматтығын көрсеткені үшін аудан әкімінің және «Аралға – араша» қоғамдық қоры төрағасының алғыс хатымен марапатталған.

Қай қызметте жүрсе де, қыз­метке адалдығын, қарауындағы жұмысшылары мен қыз­меткерлерінің хал-жағдайын терең сезінумен қатар, оларға жақсы аға ретінде қамқор бола білді. Оның нар тұлғалы бейнесі, әділдігі, адамгершілігі, ағайын-туыс, жекжаттар арасындағы ерекшеленіп тұратын беделі, «еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайып», айтар сөзін бүкпелемей, тура айтатын ана сүтімен дарыған мінезі бір өзіне жарасып тұратын. Өмірлік серігі Жұмагүл Елеусізовамен тағдыр тоғыстырып, екеуінен тараған бес перзент – бүгінде елге қызмет етіп, әр саланың бел ортасында жүрген, тәрбиелі, іскер, азаматтығымен танылған жандар. Олар ата-ананың абыройлы атына дақ түсірмей, адал еңбекпен қоғам дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді.

Өмірінің әр сәті өнеге, әр басқан ізі тарих болып қалған Таубаш Тілеубаев – болашақ ұрпаққа берері мол тұлға. Осы орайда Арал ауданына қарасты бір көшеге Таубаш Тілеубаевтың есімін беру үлкен өнеге болар еді. Бұл ұсыныс – тек бір адамның емес, бүкіл ел-жұрттың жүрек қалауынан туған тілек. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, жас буын осындай тұлғалардың өнегелі өмір жолын үлгі етсе, елдігіміз нығая түспек.

Гүлмарал САҚТАПОВА,

журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button