Ел тынысы

Меритократия – әділдік пен даму кепілі

Мемлекеттік басқару жүйесінде тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – меритократия қағидаты. Бұл қағидат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қызметтің жаңа моделі мен кадрлық саясаттың өзегіне айналды. Осы негізде 2025 жылдың І-жартыжылдығы бойынша Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында ішкі конкурс бойынша барлығы 37 мемлекеттік қызметші тағайындалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл ұстаным қызметтік өсудің ашықтығы мен әділдігін, сондай-ақ қызметкерлердің кәсібилігіне негізделген бәсекелестік ортаны қамтамасыз етеді. Білікті, іскер, жауапты азаматтар үшін бұл жүйе – өз әлеуетін толық іске асырудың шынайы жолы.

Басқа сөзбен айтқанда, меритократия әлдеқайда лайықты кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жетістіктерін мойындау негізінде оларды әрі қарай кәсіби және мансаптық ілгерілету деген сөз.

Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби тәжірибесі болған кезде ішкі конкурстар институтының арқасында өзінің мемлекеттік органында ғана емес, республиканың кез келген басқа да аумағында мансаптық ілгерілеу мүмкіндігі бар.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментімен кадрлардың жай-күйіне, меритократия қағидаты бойынша оларды тағайындаудың объективтілігі мен ілгерілетуге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024-2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, меритократия қағидатын сақтау деңгейі 2025 жылы 64,9%-ды құрайды.

2025 жылдың І-жартыжылдығы бойынша елорданың жергілікті атқарушы органдарында ішкі конкурс бойынша барлығы 37 мемлекеттік қызметші, ал олардың 24-і немесе 64,9%-ы жоғары тұрған лауазымдарға  тағайындалды.

Жалпы, әлемдегі кез келген жұмыс беруші, алпауыт корпорация болсын қызметке қабылдау кезінде дарынды, көзі ашық, білімді азаматқа басымдық беретіні сөзсіз. Яғни бұл ең алдымен бәсекеге қабілеттілік дегенді білдіреді.

Соның бір көрінісі ретінде мемлекеттік органның қажеттілігіне қарай үздіксіз кәсіби дағдыларын дамытып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын жоғары үлгеріммен аяқтаған түлектерін оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде өңірлік органдардың бос жекелеген лауазымдарына уәкілетті органның келісімі негізінде тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің жоғары жұмыс тиімділігін көрсетіп, төрт тоқсан қатарынан бағалау нәтижесі тиімді болған кезде ауысу тәртібімен жоғары тұрған лауазымға тағайындала алуы қызметшілерді қосымша талпындырады деп айтуға болады.

Осы тұста, меритократия қағидатын сақтау неғұрлым лайықты кадрларды іріктеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаржы немесе «байланыстар» емес, жеке сіңірген еңбектерін тану негізінде оларды кәсіби және мансаптық ілгерілетуді қамтамасыз етеді.

Сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметші мінсіз қызметімен, жұмысындағы жақсы көрсеткіштерімен көрінуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болуы қажет.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button