
Астана қаласындағы №353 сайлау учаскесінде студенттердің бастамасымен мерекелік концерт пен жәрмеңке ұйымдастырылды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіндегі учаскеде келушілердің қарасы қалың болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Студент жастар сайлау учаскесіне алғаш болып келген азаматтарға, отбасымен бірге дауыс берген тұрғындарға, егде жастағы сайлаушыларға және өмірінде алғаш рет дауыс беріп отырған жас азаматтарға бұл күнді айрықша есте қалдыруға ниет білдірді.

– Ел үшін тарихи сәтте ерекше белсенділік танытуды жөн көрдік. Мұндай бастамалар тұрғындардың саяси белсенділігін арттырып қана қоймай, референдумның ел өміріндегі маңызын айшықтай түседі. Өйткені референдум – халықтың өз пікірін білдіріп, мемлекет болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысатын маңызды саяси үдеріс. Сондықтан да әр азамат үшін бұл күннің орны зор, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Жастар саясаты және әлеуметтік департамент жөніндегі директоры Нұрдос Каримбаев.
Айта кететінін, аталмыш учаскеде 2998 азамат тіркелген, ал бюллетень саны – 3028.



