Мерейлі отбасылар марапатталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Астана қалалық кезеңіне биыл 255 өтініш келіп түсті. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында аталмыш байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қатысуымен өткен іс-шарада бірнеше кезеңдік іріктеуден өткен елорданың 19 отбасы марапатталды. Олардың барлығына бағалы сыйлықтар тапсырылды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 млн теңгеден асты.
1 миллиондық бас жүлдені Айтқожиндер отбасы жеңіп алды. Бұл отбасындағы 8 бала робототехника, би, оқу мен спорт секілді әртүрлі салада жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Отағасы Сайран Айтқожин – қоғам қайраткері, саяхатшы, ақын, «Қажынама – Меккеге қарай ұзақ жол» кітабының авторы. Отанасы Айнаш Айтқожина – «Алтын алқа» иегері. Екеуі де спорт марафондарына белсенді қатысады. Экстремалды атлетика жарыстарына қатысып, «Солтүстіктің патшасы мен патшайымы» атағын иеленді.
Айнаш Айтқожинаның айтуынша, бұл отбасы 2022 жылы аталмыш байқаудың «Өнегелі отбасы» аталымында жеңіске жетті. Арада өткен үш жылда жаңа жетістіктерге жетіп, балалар мектепті үздік бітірді, байқаулар мен эстафеталарға қатысты. Сондықтан осы жолы өтініш бергенде жеңіске жететініне сенімді болды. Бұл отбасы осымен тоқтамай, жетістіктерін еселеп, осындай байқауларға әлі де қатысуды жоспарлап отыр.
Жалпы биыл аталмыш байқау он бірінші рет ұйымдастырылды. Алдымен аудандық, одан соң қалалық кезеңдерде іріктеу жүргізілді. Енді қалалық кезең жеңімпазы республикалық деңгейдегі байқауға қатысады. Қатысушылар жылдан-жылға артып келе жатыр. Астаналық әр ауданнан 35-тен 50-ге дейін өтініш келіп түскен. Комиссия содан үлгілі, дарынды деген 4 отбасыдан іріктеуден өткізіп, қалалық кезеңге жіберді. Салтанатты кеште әр аудан жеңімпаздарымен қатар, «Өнегелі отбасы», «Ұлағатты отбасы», «Жас отбасы», «Патриот отбасы», «Мейірімді отбасы», «Берекелі отбасы», «Алғыр отбасы», «Дарынды отбасы», «Салауатты отбасы», «Шығармашыл отбасы», «Парасатты отбасы», «Үлгілі отбасы» аталымдарында топ жарғандар марапатталды.