Басты ақпаратЕл тынысы

Мерейлі мерекеде марапатталды

Астана төрінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Elorda Aqparat» медиахолдингінің бір топ тілшілері мен қызметкерлері марапатталды. Жаңалықтың жаршысы болып, ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген қызметкерлердің еңбегі ерекше бағаланды.

Айтулы күнде республиканың түкпір-­түкпірінен келген БАҚ саласының қызметкерлері орталық коммуникация­лар қызметі алаңына жиналды. Салтанатты іс-шараның ашылу рәсімінде сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов барша журналист қа­уы­мын мерекемен құттықтап, БАҚ-тың мемлекет дамуында­ғы рөліне қысқаша тоқталып өт­ті.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деп Алаш арысы Міржақып Дулатов айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары – тек қана ақпаратты жеткізетін құрал емес, ең бастысы, идеологиямыздың өзегі. Халыққа қызмет ету – кәсіби ақпаратты дер кезінде жеткізе білу. Сіздер күнделікті халықтың көкейкесті мәселелерін шешуде аянбай қызмет етіп келе жатырсыздар. Журналистердің материалдары арқылы тек қана қоғамдық-
саяси, экономикалық өзгерумен қатар әр жеке адамның да өмірін өзгертіп, иә болмаса, өмірін құтқарып жатқан жайттар бар. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Әрқайсыңыздың арттарыңызда тұтас ұжым тұр. Сіздер арқылы сол ұжымдарыңызды құттықтаймын» деді вице-министр.

Мерекелік жиында сала үздіктеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені 3 адамға, «Ерен еңбегі үшін» медалі – 17 адамға, «Шапағат» медалі – 4 адамға, «Ақпарат саласының үздігі» – 7 адамға және «Еңбек ардагері» медалі 1 адамға берілді. Үздіктердің қатарынан табылған «Elorda Aqparat» ЖШС қызметкерлері де айтулы марапаттарға ие болды. Оның ішінде «Құрмет» ордені «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Лариса Увалиеваға, «Ерен еңбегі үшін» медалі «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек пен «Astana Aqshamy» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейітовке және «Шапағат» медалі «Astana Aqshamy» газетінің шолушысы Гүлмира Аймағанбетке табысталды.

Ақпарат айдынында өзіндік орны қалыптасқан «Elorda Aqparat» медиахолдингі – рес­публиканың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын, мазмұны байыған, ойы кемелденген ақпарат орталығы.

Қоғамның ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын ұжымның биылғы қол жеткізген табыстары да бір төбе. Атап айтсақ, «Elorda Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ елорда әкімдігінде қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов «Elorda Aqparat» ЖШС журналистерін және бірқатар БАҚ пен баспасөз қызметкерлерін журналистер күнімен құттықтады.

«Elorda Aqparat» ЖШС қызметкері Айнұр Қарамендиева мен «Astana Aqshamy» газетінің тілшісі Қалиакбар Үсемханұлы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мобилографтар Әмір Теміржан мен Жансая Таңырқұлға Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің Алғыс хаты табыс етілді. Тағы бір жаңалық – «Astana Aqshamy» газетінің дизайнері-бет қаттаушысы Венера Кабиева Ұлытау облысы әкімінің «Ұлар» сыйлығын иеленді.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button