«Менің Қазақстаным»: Астана спортшылары елді Республика күнімен құттықтады

Республика күні қарсаңында Астананың белгілі спортшылары әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» патриоттық челленджі аясында құттықтаулар мен бейнероликтер жариялады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Желідегі жазбасында спортшылар Отанымыз үшін жүректі мақтаныш сезімі кернейтінін жазып, бірлік пен патриотизмнің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ барлық қазақстандықтарға бейбітшілік, амандық пен өркендеу тіледі.
Акцияға 2024 жылы Парижде өткен Жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері, парадзюдошы Ерғали Шамей, конькимен жүгіру спортының ардагері Валерий Грибенко, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, каратэден №7 БЖСМ жаттықтырушысы Әлішер Кармен, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Гүлмарал Еркебаева және академиялық ескек есуші Асханбек Бапан және спорт мектептерінің жас тәрбиеленушілері қатысты.
«Республика күні – барлық қазақстандықтарды біріктіретін мереке. Біз өз елімізді, оның тарихы мен жетістіктерін мақтан тұтамыз. Әрбір спортшы үшін Қазақстанды халықаралық ареналарда таныстыру абыройы – үлкен жауапкершілік пен мақтаныш», — деп атап өтті қатысушылардың бірі.
Естеріңізге сала кетейік, Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда жастары «Менің Қазақстаным!» атты ерекше акция ұйымдастырып, Астана аудандарындағы үйлердің балкондарына жалаулар іліп қойды.
25 қазанда Қазақстанда Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 150-ге жуық мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, оның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар өтеді.