«Менің Астанам: өткеннен болашаққа»

Елордада Астана күніне арналған қазақстандық фотожурналист, өлкетанушы Н.Имамовтың «Менің Астанам: өткеннен болашаққа» атты фотокөрмесі ашылды.
ҚР Президенттік орталығы, «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының, Астана гидтері клубының және Н.Имамовтың отбасының қолдауымен ұйымдастырылған көрме Астана қаласының көрнекі мұрасын сақтауға бағытталған. Сонымен бірге Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау және кең аудиторияны шынайы деректі фотографиямен таныстырады.
Экспозицияға Нурмухамат Имамұлының 40 жылдан астам уақыт бойы «Акмолинская правда» газеті және басқа да басылымдардың фототілшісі болып жұмыс істеген уақытта жасаған сирек кездесетін фотоматериалдары кіреді. Соғыстан кейін аман қалған «Киев» фотоаппаратының объективі арқылы қаланың қалыптасуының негізгі кезеңдері, тұрғындардың тұрмысы, көшелердің келбеті және ел тарихын жасаған қарапайым адамдардың портреттері өтті.
Нурмухамат Имамов (1926-2000) Ұлы Отан соғысына қатысып, Пе-2 шүйілгіш бомбалаушысында радиоатқыш қызметін атқарған. Отанына оралғаннан кейін театр суретшісі, радиомеханик және ретушер болып жұмыс істеді. Фото өнеріне автор өзінің жеке дәптерінде жазғандай, «Целиноградтың маңызды оқиғаларын тіркеу» үшін саналы түрде, ересек жаста келді.
Көрменің жеке бөлімі 1977 жылы 7 желтоқсанда Тың игерушілер сарайында қойылған және жақында фотографтың ұлы Ринат Имамов цифрландырған фотосуреттер мұрағатына арналған. Мыңдаған мұрағатты сақтау және жариялау жұмыстары жалғасуда және осы материалдардың бір бөлігі www.imamov.kz. сайтында ұсынылған.
Нурмухамат Имамовтың фотосуреттері жай ғана деректі шежіре емес, уақыттың жанды тынысы, дәуірдің мәдени коды болып табылады. Олар өткенге деген сағынышты оятып, қазіргі фотографтарды шабыттандырады, сонымен қатар тарихшылар, өлкетанушылар және қала мен елдің өткеніне қызығушылық танытатын адамдар үшін құнды ресурс болып табылады.
Көрмеде Н.Имамовтың 300-ге жуық мұрағаттық фотосуреттері ұсынылды. Көрменің жұмысы 2025 жылдың 10 тамызына дейін жалғасады.
Айгүл УАЙС