«Менің әкем – полиция қызметкері»

Астана қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 4-5 жастағы балалар арасында «Менің әкем – полиция қызметкері» тақырыбында республикалық сурет көрмесінің қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың құқықтық сауаттылық туралы түсініктерін қалыптастыру, сондай-ақ шығармашылық іс-әрекет арқылы полиция қызметкері мамандығына құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Астана қаласы бойынша қалалық кезеңге 94 мемлекеттік және 20 жекеменшік балабақшадан өтініш түсті, 220 тәрбиеленушінің шығармашылық жұмысы ұсынылды: оның ішінде мемлекеттік балабақшалардан – 175, жекеменшік балабақшалардан – 45.
Қалалық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 2 жұмыс іріктеліп, республикалық кезеңге жолдама алды.
Республикалық кезеңге №49 «Алтынай» балабақшасынан 5 жасар бүлдіршін Көркем Марат пен №85 «Мейіржан» балабақшасынан Даяна Қайролла жіберілді.
Аталған іс-шара мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін түсінуге бағытталған тәрбиелік жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.



