Мемлекеттің күші – жастардың көпқырлы дамуында

2026 жылдың 20-қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық үшін маңызды мәселелер мен стратегиялық бағыттарды талқылайтын Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеп, елдің дамуы мен тұрақтылық үшін халықтың әлеуеті мен келісімді нығайтуды маңызды алғышарттардың бірі деп атап өтті.
Сонымен қатар «Жастар» ҒЗО зерттеулері көрсеткендей, жастардың жаңа бағдары тек азаматтық белсенділікпен шектелмейді. Олардың жеке тұлғалық дамуы мен ішкі теңгерімге ұмтылысы айқын байқалады: дінділікке бет бұру (23,1%), физикалық денсаулыққа көңіл бөлу (22,1%), психикалық әл-ауқатқа мән беру (14,9%), өзін-өзі білдіру мен қоғамдық бастамаларға қатысуға ұмтылыс (13,3%). Сондай-ақ, креативтік индустрияларды дамыту (14,5%), цифрландыру (9,3%), экологиялық белсенділік (8,2%) сияқты трендтер де жастар арасында байқалады. Бұл көрсеткіштер жастардың көпқырлы дамуға, шығармашылыққа және әлеуметтік құндылықтарға мән беретінін дәлелдейді.
Азаматтық бастамаларға қатысудан бөлек жас ұрпақтың мүдделерін көрсету және оны қоғамға тарту мақсатында құрылған арнайы жастар ұйымдары да маңызды рөл атқарады. Қазақстандағы жастар ұйымдарының желісі әртүрлі форматта ұсынылған: қоғамдық бірлестіктер, студенттік бастамалар және саяси партиялардың жастар қанаттары. Мысалы, «Аманат» партиясының «Жастар рухы», Қазақстан Халық партиясының жастар қанаты, «Ауыл жастары», «Байтақ» партиясының «Generation» және басқалар жұмыс істейді. Айта кетерлігі, «Жастар рухы» жастар қанаты ең ірі болып табылады: ел бойынша шамамен 125 мың мүшеден тұрады және өңірлерде 20 филиалы бар. 2023 жылғы мәлімет бойынша 23 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, олардың 7,8%-ы жастар мен балаларға бағытталған.
Жастардың белсенділігі тек волонтерлік және ұйымдық қатысуымен шектелмейді. Олардың құқықтық сауаттылығы, диалог мәдениетін меңгеруі, жауапкершілікті сезінуі және қоғамдық мүддені қорғауы – елдің стратегиялық дамуы мен тұрақтылығының негізгі факторлары болып саналады. Президенттің сөзінде атап өткендей, мемлекеттің күші – жастардың көпқырлы дамуы мен шығармашылығында, жаңашылдығында және азаматтық белсенділігінде жатыр.
Лаура Сансызбаева,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының
басқарма сарапшысы, саясаттанушы



