Қоғам

Мемлекеттік қызметке іріктеусіз қабылдау мүмкіндігі

Еліміздің дамуында білімді де білікті жас буынның орыны айрықша. Қазіргі кезеңде кадрлық саясаттың басты бағыты – мемлекет ісіне адал, кәсіби қабілеті жоғары, ой-өрісі кең мамандарды тарту. Осы ретте, жастарға жаңа серпін беретін бастама – жоғары оқу орнын GPA 3,33 және одан жоғары орташа үлгеріммен аяқтаған түлектердің мемлекеттік қызметке конкурстан тыс қабылдау тетігінің енгізілуі.

Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар реформалар жүргізілді. Дегенмен, дарынды жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту мәселесі әлі де өзекті. GPA көрсеткішіне негізделген бұл мүмкіндік – жастардың ел дамуына қосар үлесін жеделдетудің бір жолы.

Мемлекеттік қызмет – халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап жоғары: кәсібилік, адалдық, ашықтық және үздіксіз даму. Оқу орнын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік органға қажетті құжаттармен жүгінген жас маман бос тұрған лауазымға тікелей тағайындала алады.

Бұл қадам жас түлектерге мемлекеттік басқару жүйесіне еркін кіруге мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды елге қызмет етуге ынталандырады. Сонымен қатар, кадр тапшылығы байқалатын шалғай аймақтарға қажетті мамандарды тартуға жол ашады. Мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған түлектер аудандық деңгейдегі әкімдік пен мәслихат аппараттарының бастапқы лауазымдарына, аумақтық бөлімшелер мен орталық органдардың жергілікті құрылымдарындағы қызметтерге конкурстан тыс орналасуға құқылы. Бұл тәртіп республикалық маңызы бар қалалар мен әкімшілік орталықтарға қолданылмайды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жаңа жүйені жұртшылыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Түлектердің және мүдделі тұлғалардың сұрақтарына жауап беру, оқу орындарымен кездесулер өткізу, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату – осы жұмыстың бір бөлігі.

Мемлекеттік қызмет жүйесі – қоғам игілігіне қызмет ететін стратегиялық сала. Онда қабылданған әрбір шешім халықтың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай өзгерістер ашықтық пен айқындық қағидаттарына негізделуі заңдылық.

GPA көрсеткіші арқылы конкурстан тыс қабылдау – түлектер үшін кәсіби жолдың жаңа бастамасы әрі олардың жауапкершілігін арттыратын сенім. Бұл – жас мамандардың алған білімін тәжірибеде дәлелдеуге берілген айрықша мүмкіндік. Ал мемлекет үшін – кадр саясатын жаңғыртып, дарынды жастардың әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған нақты қадам.

Мұндай реформаның мәні тек қана жастарға жағдай жасауда емес. Ол мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеру, оны заманауи талаптарға бейімдеу. Жоғары үлгерімге жеткен түлектің бойындағы табандылық, еңбекқорлық пен ізденімпаздық — мемлекеттік қызметте аса қажетті қасиеттер. Сондықтан бұл бастама дарынды жастардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ел дамуына тың серпін бермек.

Осылайша, «Жоғары балл – жоғары мүмкіндік» қағидаты жас буынға көрсетілген сенім ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеретін тың бастама.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button