Ел тынысы

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Мемлекеттік қызметті бақылау – мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің негізгі тетігінің бірі. Бақылау ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің заңнама талаптарын сақтауын, қызметтегі міндеттерін адал және сапалы орындауын қамтиды. Бұл бағытта уәкілетті орган тарапынан жүйелі мониторинг, тексерулер және талдау жұмысы жүргізіледі. Осыған орай мемлекеттік қызмет және оны өткеру туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол ЖОЛДАНҒАРДАН сұраған едік.

– Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік қызметті бақылаудағы негізгі мақсат неде?

– Бақылау алдын алу механизмі ретінде қарастырылады. Яғни заң бұзушылықтың алдын алу, қызметшілердің құқық сауатын арттыру және мемлекеттік қызмет мәде­ниетін дамыту басты назарда болады. Осы тұрғыда түсіндіру жұмыстары мен оқыту шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Бақылау шаралары ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңы және өзге де нормативтік-құқықтық актілер аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің қызметтегі тәртібі мен мінез-құлқына қатысты талаптар мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі арқылы реттеледі. Бұл құжаттар мемлекеттік қызметтің бірыңғай стандартын ­қалыптастырады.

– Департамент мемлекеттік органдарға қандай жағдайда тексеру жүргізеді?

– Департамент мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың ҚР мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтегі әдепті сақтау мәселелерi бо­йынша әрекеттерi мен шешiмдеріне жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің шағымын қарайды. Мемлекеттік органдарға бірнеше негіз бойынша тексеріс жүргізіледі: жеке және заңды тұлғалардың шағым­дары арқылы; мемлекеттік органдардағы заң бұзушылық белгілеріне қатысты ақпарат негізінде; жылдық бақылау жоспарына сәйкес; жоғары тұрған органның тапсырмасы негізінде. Департаментке 2025 жылы барлығы 664 өтініш келіп түсті, қаралған өтініштер аясында жоспардан тыс 99 тексеру жүргізілді. 19 өтініштің негізінде мемлекеттік қызметшілердің құқығы қалпына келтірілді.

– Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылау жұмысы туралы айтып берсеңіз.

– Мемлекеттік қызметші­лердің еңбек құқығын қорғау мен жұмыс уақыты тәртібін сақтау – мемлекеттік басқару жүйесінің жауапкершілігі мен сапасының көрсеткіші. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібін, оның ішінде жұмыс уақыты режимін сақтау мәселесі ерекше маңыз­ға ие. Уақытты тиімді пайдалану – мемлекеттік аппараттың нәтижелі қызмет етуінің ке­пілі. Жұмыс уақытына қатысты нормалар ҚР Еңбек кодексі және мемлекеттік қызмет туралы заңнамамен нақты белгіленген. Атап айтқанда, жұмысқа кешігу, жұмыс орнында себепсіз болмау немесе жұмыс уақытын тиімсіз пайдалану тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайлар қыз­меттік тексерулер барысында анықталып, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар қазіргі таңда икемді жұмыс кестесі элементтері де қарастырылуда, алайда бұл қызметтік міндеттердің сапасына кері әсер етпеуі тиіс. Басшылар тарапынан жұмыс уақытын бақылау және қызметкерлердің еңбек тәртібін сақтауына жағдай жасау маңызды рөл атқарады. Жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мониторинг мемлекеттік органның қызмет жайына бару арқылы, сондай-ақ қашықтан мемлекеттік органдарда қолданыстағы бақылау және басқару жүйесі негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйе нақты жұмыс уақытының есебін жүргізуге және бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2025 жылы есептік кезең бойынша мониторинг нәтижесінде артық жұмыс жасаудың 476 фактісі анықталып, 476 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша тұрақты негізде мониторинг жүргізілуде.

– Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау – қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін қалыптастыратын маңызды фактор. Осы қызметтік әдеп нормалары туралы айтып ­өтсеңіз.

– Қызметтік әдеп – мемлекеттік қызметшінің қоғаммен және әріптестерімен қарым-­қатынасындағы негізгі қағидалар жиынтығы. Әдеп нормаларына сыпайылық, бейтараптық, адалдық, заңдылықты сақтау жатады. Мемлекеттік қызметші кез келген жағдайда азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін құрметтеуі тиіс. Әдеп талаптарын бұзу тек жеке қызметкердің емес, бүкіл мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіреді.

Мемлекеттік қызметші­лердің әдеп нормаларын сақ­тау – қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін қалыптастыратын маңызды фактор. Әдеп талаптары қыз­метшілердің тек жұмыс орнындағы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық орындардағы мінез-құлқын да қамтиды. Бұл бағыттағы негізгі құжат – ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі. Кодексте мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен қарым-қатынасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы, қызметтік әдеп талаптары нақты көрсетілген. Әдеп нормаларын бұзу фактілері арнайы Әдеп жөніндегі кеңестерде қаралады.

Қызметтік әдеп сауатты­лықты арттыруда әдеп жөніндегі уәкілдер маңызды рөл атқарады. Олар мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, құқықтық және әдептік мәселелер бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді. Бұл жұмыстар заң бұзушылықтардың алдын алуға және қызметтік мәде­ниетті арттыруға бағытталған.

– Мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқығын қалпына келтіру қалай жүзеге асырылады?

– Мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау – уәкілетті орган қызметінің негізгі бағытының бірі. Егер қызметші өз құқығының бұзылғанын анықтаса, ол жоғары тұрған органға немесе уәкілетті органға шағымдануға құқылы. Қызметтік даулар арнайы комиссияларда немесе сот тәртібімен қаралуы мүмкін. Әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерттеледі. Тәжірибеде заңсыз атқарылған артық жұмыс, жұмыстан босату, тәртіптік жаза қолдану немесе қызметтік өсуге кедергі келтіру сияқты жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайларда қызметшінің құқығы қалпына келтіріліп, кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қабылданады. Бұл мемлекеттік қызметтің әділдігін қамтамасыз етеді. Мәселен, 2025 жылғы есептік кезең бойынша Астана қаласындағы жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінде жалпы саны 495 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.

– Сұхбат соңында мемлекеттік қызметшілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Мемлекеттік қызмет тек жұмыс емес, бұл – елге қызмет ету, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір мемлекеттік қызметші өз міндетіне адал қарап, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Себебі мемлекетке деген сенім ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеті арқылы қалыптасады. Осы ретте ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңы мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын басшылыққа алу – әрбір қызметшінің кәсіби борышы. Әдеп, тәртіп, жауапкершілік және ашықтық қағидаттары мемлекеттік қызметтің негізгі тірегі болып қала береді. Барша мемлекеттік қызметшілерді өз білігін арттыруға, халықпен тиімді әрі сыпайы қарым-қатынас орнатуға және заңдылықты сақтауға шақырамын. Әрбіріңіз әдепті, кәсіби және әділ болсаңыздар, мемлекеттік қызметтің беделі артып, қоғам сенімі нығая түседі.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button