Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Кез келген елдің азаматы сияқты қазақстандықтар да өмір бойы мемлекеттік қызметтермен үнемі бетпе-бет келіп отырады. Туу туралы куәлік алу, баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыру, емханаға тіркелу, жәрдемақы рәсімдеу, анықтама алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу және басқа да маңызды қызметтердің барлығы осы салаға жатады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол ЖОЛДАНҒАРДАН астаналықтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасының түрлері мен оның сапасы туралы сұраған едік.
– Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бекітілген ережеге сай келуі керек. Ол қалай реттеледі?
– Мемлекеттік қызмет қолданыстағы заңнамамен бекітілген нақты қағидалар мен мерзімдерге сәйкес көрсетілуі тиіс. Ол үлкен жауапкершілік пен мызғымас тәртіпті талап етеді. Алайда тәжірибеде белгіленген талаптардың сақталмауы қызмет алушылар құқығының бұзылуына әкеп соғады. Атап айтқанда, қызметті белгіленген мерзімде көрсетпеу немесе тәртібін бұзу; негізсіз бас тарту. Ал қызмет көрсету сапасының төмендігіне толық ақпарат бермеу, әдеп нормаларын сақтамау, шағымдарды қарамау жатады.
– Көрсетілген қызметке көңілі толмағанда азаматтардың шағымдану мүмкіндігі қандай?
– Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтарға өз құқығын қорғаудың бірнеше тетігін ұсынады. Қызмет көрсетушінің өзіне жүгінуден бастап уәкілетті органға дейін шағым беруге болады. Сотқа дейінгі шағымдану тәртібі өз құқығын жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау аясында келіп түскен шағымдарды қарап, азаматтардың бұзылған құқығын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөледі. Уәкілетті органның дер кезінде араласуы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, құқықты тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
– Құқықты қалпына келтіру бойынша нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Иә. Мәселен, мұғалімдердің еңбек құқығын қорғау бойынша қызмет алушы Ж.Т. өтінішін айта кетейін. Ол «Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымға орналасуға конкурсқа қатысу үшін педагогтардың құжаттарын қабылдау» мемлекеттік қызметін алу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тарту, тиісінше конкурстарға қатысуға шеттету бойынша мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің әрекетіне қатысты шағымданған. Тексеру нәтижесінде мектеп әкімшілігінің тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталмағаны, яғни негізсіз бас тартқаны анықталып, бұл іске жауапты болған мектеп қызметкері өзінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Сондай-ақ алдағы уақытта азаматтар құқығының бұзылуына алып келуі мүмкін ықтималдылықтың орын алуы мүмкін фактілерді болдырмау мақсатында мектеп әкімшілігіне заңнама талаптарын қатаң сақтау жөнінде ұсыныстар берілді.
Медицина ұйымына тіркеуден заңсыз бас тарту бойынша құқығын қалпына келтіруге қатысты мына жағдайды айта кетейін. Қызмет алушы А.А. «электронды үкімет» порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін медицина ұйымына өтініш жолдаған, алайда емхана қызметкерлері хабарласып, үйіне келіп тексеріс жүргізуден кейін ғана тіркеуді жүзеге асыратынын айтқан және медицина қызметкері тексеру жүргізу уақытында қызмет алушының үйде болмауы себепті тіркеуден бас тартқанын баяндайды. Департамент тексеру жүргізу барысында, анықталған бұзушылықты жою туралы ұсыныс негізінде, қызмет алушы медицина ұйымына тіркеліп, бұзылған құқығы қалпына келтірілді, сондай-ақ емхананың жауапты қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі қарастырылды.
Мемлекеттік қызметтің аясы кең. Оған дәлел ретінде кәсіпкерге рұқсат құжатын беру кезінде құқығын қалпына келтіру мысалын айта кетуге болады. Астаналық құрылыс компаниясының шағымына сәйкес, оның Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен рұқсат құжатын, яғни мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тартуына келіспеуі бойынша шағымы келіп түскен. Шағымды қарау нәтижесінде, департаменттің ұсынысы негізінде, қызмет алушыға рұқсат құжаты беріліп, бұзылған құқығы қалпына келтірілді, уәкілетті органның лауазымды тұлғасы рұқсат беруден негізсіз бас тартқаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Мемлекеттік қызметті уақытылы көрсетпеу бойынша қандай тәртіп бұзушылықтар бар?
– Ондай мысалдардың бірінде дәнді дақылдар өндірісі саласында айналысатын жеке кәсіпкердің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» мемлекеттік қызмет нәтижесін бермеу фактісі бойынша шағымы қаралды. Тексеру нәтижесінде, департаменттің ұсынысы негізінде, қызмет алушыға қызмет нәтижесі беріліп, бұзушылыққа жол берген жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Бақылау жұмысы қандай қорытынды көрсетіп отыр?
– Талдау көрсеткендей, бұзушылықтардың басым бөлігі қызмет көрсету мерзімінің сақталмауына, негізсіз бас тартуға және заңнаманы дұрыс қолданбауға байланысты. Департаменттің жедел әрекеті кемшіліктерді уақытылы жоюға, тәртіпті күшейтуге және процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ сотқа дейінгі шағымдану тетігінің тиімділігі дәлелденіп отыр – негізді шағымдар бойынша азаматтардың құқығы қалпына келтірілді.
Қорытындылай келгенде, қызмет алушылардың бұзылған құқығын калпына келтіру – бұл тек мемлекеттің міндеті ғана емес, азаматтар мен жүйе арасындағы сенімнің негізі. Әрбір азамат сапалы мемлекеттік қызмет алуға құқылы және оның орындалуына қол жеткізе алады.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сіздің құқығыңыз бұзылған жағдайда, департаментке Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайы бойынша жазбаша не электрондық түрде «электрондық үкімет» порталы немесе «Е-Otinish» азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және «EgovKzBot2.0» Telegram бот-платформасы арқылы жүгіне аласыз. Департаменттің әлеуметтік желідегі парақшалары да халыққа әрдайым ашық. Кез келген сұраққа жауап беруге дайынбыз.
Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС



