Мемлекеттік марапаттар тапсырды

Кеше Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының тапсырмасымен 25 қазан – Республика күніне орай бір топ елорда тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, мемлекеттік наградалар тапсырды.

Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Солардың бірі – елордалық басылымда 29 жыл табан аудармай, қажымай-талмай еңбек етіп жүрген әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің қызметкері Гүлбаршын Өкешқызы «Құрмет» орденімен, «Вечерняя Астана» газетінің корректоры Марина Тютрина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бір топ білім беру, медиа, дін, спорт саласының қызметкерлерін ұлттық мерекемен құттықтап, әр тұрғынның елорданы дамытуға елеулі үлес қосып жүргенін тілге тиек етті. Астана әкімінің тапсырмасымен Е.Байкен мерекелік награда, қала әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.



