Мемлекеттік басқару туралы еңбек

Елордада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты төрт томдық кітабының таныстырылымы өтті. Маңызды іс-шара Қытай – Орталық Азия екінші саммиті аясында ұйымдастырылды.
Кітаптың таныстырылымына Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихат бөлімі төрағасының орынбасары Ху Хэпин, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хан Чуньлин және басқа да қонақтар қатысты.
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихат бөлімі төрағасының орынбасары Ху Хэпин өз сөзінде аталмыш маңызды еңбек әлемнің 180 мемлекетінде 42 тілде жарық көргенін атап, Қытай үлгісіндегі мемлекеттік жаһандық басқару мен жаңғыртудың ерекшелігін түсіндіретінін айтып өтті.
– Қытай – Қазақстан үшін сенімді дос, одақтас әрі стратегиялық серіктес. Екі ел арасындағы ғасырлар бойғы достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық бүгінде барлық бағытта табысты дамып келеді. Мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы өзара түсіністік пен жоғары деңгейдегі сенім – екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына зор ықпал етуде.
Бұл кітап – Қытай мемлекетінің саяси бағыт-бағдарын, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ұстанымдарын, сондай-ақ ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарын түсінуге ұмтылатын қазақстандық оқырман үшін құнды дереккөз болмақ. Сонымен қатар, туынды – Қытайдың халықаралық аренадағы ұстанымдары мен рөлін саралауға мүмкіндік беретін маңызды еңбек, – деді өз сөзінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Кітап Қытай Халық Республикасындағы мемлекеттік басқару философиясы мен тәжірибесіне арналған. Онда ҚХР басшысының ішкі және сыртқы саясат, экономикалық және әлеуметтік даму стратегиялары жөніндегі көзқарастары қамтылған. Басылым саясаттанушыларға, халықаралық қатынастар саласының мамандарына, Азия елдерінің даму жолына қызығатын мамандарға, сондай-ақ қытай тілі, мәдениеті мен қоғамдық құрылымын зерттейтін ғалымдарға арналған.
Индира Бержанова