Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығару

Астана қаласының мәслихатында Азамат Айтхожиннің төрағалығымен «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» тақырыбында заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Басым инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру кейде жер учаскелерін, оның ішінде жолдарды, мектептерді, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым объектілерін салу үшін босатуды талап етеді.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейсен Усенов мектептердің, әкімшілік ғимараттың, магистральдық жылумен жабдықтау желісінің, Алаш тас жолы, Асан қайғы көшелерінің, арнайы трассаның, балабақшаның, логистикалық парктің құрылысы жоспарланып отырған учаскелердің мекенжайлары мен параметрлерін ұсынды.
Мәслихат депутаттары отырыс барысында меншік иелерімен онлайн режимде кездесу өткізді.
Тұрақты комиссия отырысының қорытындылары бойынша жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы мәселе мәслихаттың кезекті сессиясында қаралады және ол бойынша тиісті шешім қабылданады деген шешім қабылданды.