Қазақстанда Вице-президент лауазымы енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Президенттің айтуынша, енді вице-президент қызметі енгізіледі. Жаңа лауазым иесін мемлекет басшысы Парламенттің келісімімен тағайындайды.
«Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық форумдарда, шет мемлекеттердің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде қорғайды. Сондай-ақ Парламентте президенттің өкілі болады, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды және мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.
Вице-президенттің қызметтік өкілеттігіне қатысты осы негізгі ережелер Конституция мәтінінде де көрініс табуы тиіс. Сонымен қатар қазіргі Парламент қызметін қамтамасыз ететін бірқатар аппараттық құрылымдар мен мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылатын болады. Президент әкімшілігінің функциялары, құрылымы және басқару жүйесі саяси қажеттілікке сәйкес реформаланады.
Вице-президент институты көптеген елдерде бар. Біздің жағдайда бұл лауазымды енгізу мемлекеттік басқару процесін тұрақтандырып, билік иерархиясына түпкілікті айқындық енгізеді. Бұл конституциялық жаңашылдық президенттік биліктің әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, президент институты мемлекеттік жүйедегі негізгі әрі шешуші рөлін сақтап қалады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



