Мемлекет басшысы: «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия»

Тамыз конференциясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық.
Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады.
Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін.
Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық.
Мен бүгінгі Тамыз конференциясына орай бір топ ұстазды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым.
Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі.
Баршаңызға құтты болсын!
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көбейе берсін!
Жаңа оқу жылы табысты болсын!», деді ол.