Мектептің мерейін өсірген

Ұстаз – білім мен тәрбиенің шамшырағы, жас ұрпақтың жүрегіне жол тауып, санасына сәуле құятын тұлға. Ұстаз болу жай ғана мамандық емес, ол – үлкен жауапкершілік пен биік парасатты талап ететін қасиетті жол. Ұстаздық әркім үшін әрқалай басталады. Біреулер үшін бұл бала күнгі арман болса, енді біреулер үшін тағдырдың сыйы іспетті.
Біз сөз етпек болып отырған ұстаз – Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейдің директоры, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы, педагогика және психология магистрі, 5-11 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламаларының және 11-сынып «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторы, шебер-педагог Омарханов Ернұр Аханұлы.
2019 жылы Ернұр Аханұлы өзінің кәсіби біліктілігі мен жаңашыл әдістемесінің, шәкірт тәрбиелеудегі үздік тәжірибесінің арқасында Астана қаласы бойынша «Үздік педагог» байқауында 1-орынды иеленді. Бұл жеңіс оның жылдар бойы жинаған білімінің, үздіксіз еңбегінің, шәкірттерге деген шексіз махаббатының нәтижесі болды. Алайда ұстаздың жетістігі мұнымен шектелмеді. Сол жылы ол республикалық деңгейде де топ жарып, «Үздік педагог-2019» атағына ие болды. Бұл – мәртебелі атақ – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген ұстаздың арасынан озып шығудың, ұстаздықтың биік белесіне жетудің нақты дәлелі.
Ернұр Аханұлы – бүгінде жас ұстаздарға үлгі, шәкірттер үшін темірқазық. Оның жетістігі – ұстаздықты жүрекпен сүйген адамның жеңісі. Абайдың «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген сөзі Ернұр Аханұлының өмірлік ұстанымына айналған.
Дамудың жаңа кезеңі
2019 жыл Ернұр Аханұлының ұстаздық жолындағы жаңа белеске айналды. Сол жылы ол конкурс арқылы Астана қаласындағы №61 орта мектептің директоры лауазымына тағайындалды. Бұл мектеп – қаланың шет аймағында орналасқан, әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрғыдан бірқатар мәселелері бар білім ұясы еді. Дегенмен, Ернұр Аханұлы қиындықтан қашпай, керісінше, сол мектепті дамытуға, жаңа деңгейге көтеруге бел буды. Ол бұл қызметті мансап ретінде емес, жауапты миссия деп қабылдады. Білім ордасының биігі – оның басшысымен өлшенетіні ақиқат. Осы орайда, Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінің бүгінде жарқын жетістіктерге жетуі – мектеп директоры Ернұр Аханұлы Омархановтың қажырлы еңбегі мен көреген басшылығының нәтижесі екенін ерекше атап өткен жөн.
Директорлық қызметтің алғашқы кезеңінде Ернұр Аханұлы мектепке есім беру мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл жай ғана формалды өзгеріс емес, тұтас ұжымның рухын көтеретін, оқушылардың болмысына ықпал ететін маңызды қадам еді. Оның көптен бері жүрегінде жүрген бір ғана есім болды, ол – академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Ернұр Аханұлы бұл тарихи тұлғаны тек ғылым қайраткері ретінде ғана емес, қазақтың қазына байлығын ашушы, ұлттық рух пен еңбекқорлықтың символы ретінде бағалайтын. 2013 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында жұмыс істеп жүрген кезінде ол жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» атты еңбегін мектеп бағдарламасына енгізу мәселесін көтеріп, жүзеге асырады. Сол уақытта Астана қаласында Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын көше болмаған еді. Осыған байланысты Ернұр Аханұлы қоғамға үн қатып, «Қазақ үні» газетіне «Астанада Қаныш Сәтбаевқа қашан көше атауы беріледі?» атты мақала жариялайды.
Көптен бері көкейде жүрген осы идеяны ол мектеп басшысы болғанда нақты іске айналдырды. Ұжыммен ақылдаса отырып, мектепке Қаныш Сәтбаев есімін беру туралы ұсыныс жасайды. Мектепке академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін беру – жай ғана символикалық қадам емес, рухани серпіліс пен стратегиялық маңызы бар шешім екенін ұжымға жеткізе білді. Ұжым да бұл ұсынысты жылы қабылдайды. Бұл мақсатқа жету үшін Ернұр Аханұлы бірқатар нақты істерді қолға алды. COVID-19 пандемиясына қарамастан, онлайн форматта, ZOOM арқылы 2021 жылы республикалық конференция өткізді. Құжаттар рәсімделіп, қажетті келісімдер алынған соң, 2021 жылы №61 мектеп ресми түрде академик Қаныш Сәтбаев есімін иеленеді. Бұл оқиға тек мектептің мәртебесін ғана көтеріп қойған жоқ, оқушылар мен ұстаздарға жаңа серпін, тың шабыт берді. Ернұр Аханұлы бұл арқылы өзінің басты ұстанымын тұлғатану арқылы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп, оны іске асырып жүр. Ол үшін мектеп атауы – жай ғана белгі емес, тарих пен тағылымның, тәрбиенің бастауы. Ернұр Аханұлының алға қойған басты мақсаты – мектептің білім сапасын арттырумен қатар, әрбір оқушының бойына ұлттың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың рухын, еңбекке деген адалдық пен ғылымға деген сүйіспеншілікті сіңіру. Ол тұлғаның өмір жолын үлгі ете отырып, жаңа буын ұрпақты елге адал қызмет етуге баулуды көздеді.
Осы мақсатта жүйелі түрде жұмыстар жүргізді. 2022 жылы мектепте Қаныш Сәтбаевтың құрметіне орай көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының «Қаныш» поэмасының тұсаукесер кешінің өтуіне ұйытқы болды. 2023 жылы мектеп-лицейі ұжымы оқушылармен бірлесіп сахналаған «Қазақтың Қанышы» атты поэтикалық-музыкалық қойылым – мектеп өміріндегі ерекше оқиғалардың бірі болды. Бұл қойылым тәрбиелік мәні зор, мазмұны терең рухани жоба ретінде көрермен жүрегінен орын алды. «Қазақтың Қанышы» жай қойылым емес, бұл – ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың жүрегіне жеткізудің әсерлі жолы. Мұндай қойылымдар мектептің тәрбиелік миссиясын айқындай түсіп, оқушыны жан-жақты дамытатын орта қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Мектеп-лицейде ғылым мен білімді ұштастыра отырып, оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған тың бастамалар сәтті жүзеге асуда. Солардың бірі – Ернұр Аханұлының бастамасымен және «Астана Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырылатын қалалық ғылыми жобалар байқауы. Байқау жыл сайын 12 сәуірде, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күніне орай дәстүрлі түрде өткізіледі. 8-11 сынып оқушыларына арналған бұл байқау – шығармашылық ойлау, логикалық талдау және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Ернұр Аханұлы мектеп директоры лауазымына тағайындалған сәттен бастап тек күнделікті басқарушылық міндеттерді ғана емес, мектептің рухани, ғылыми және институционалдық, экономикалық дамуын басты мақсат етіп қойды. Мектепті коммуналдық мемлекеттік мекемеден шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге айналдырылды. Бұл құрылымдық өзгеріс мектепке өзіндік қаржылық дербестік, ресурстық мүмкіндіктер және инфрақұрылымды жақсарту жолдарын ашты.
Қаныш Сәтбаев есімі мектепке берілген соң, Ернұр Аханұлы бұл жұмысты тек атау деңгейінде қалдырмай, оның ғылыми және рухани мұрасын тереңнен тануға да ден қойды. Осы мақсатта ол Алматы, Жезқазған, Баянауыл, Семей қалаларын аралап, архивтер мен музейлерден тың деректер жинады. Қаныш Сәтбаев туралы ең көп жазған қаламгер, жазушы Медеу Сәрсекені арнайы іздеп барып, сұхбат алып, батасын алу – шын ізденушінің, нағыз шәкірттің ісі екенін көрсетті. Жиналған құнды ақпараттар мен тарихи деректерді жүйелеп, нақты нәтижеге айналдырды.
Ұзақ уақыт жүргізілген дайындықтың нәтижесінде 2023 жылдың 26 мамырында мектеп-лицейде Қаныш Сәтбаевтың жеке музейі ашылды. Бұл тек бір мектептің жетістігі емес, қалалық, тіпті республикалық деңгейдегі рухани жаңалық болды. Музейдің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсенбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қалалық мәслихаттың төрағасы, еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жалпы, Ернұр Аханұлымен танысып араласуымызға Қаныш атамыз Сәтбаевты насихаттау жолында жасап жүрген ортақ істеріміздің әсері болды. Мен ұсынған ойлардың кейбірін нақты іске асырып жүрген азаматтың берекесі бес елі бола берсін. Соның бірі – мектеп музейінің алдындағы ерекше нысандардың бірі академик Қаныш Сәтбаев пен оның шәкірті, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, академик Оразақ Смағұловқа арналған ескерткіш тақталардың ашылуы болды. Ұлттық тарихты, ғылыми мұраны, тұлғатану дәстүрін оқушылардың жүрегіне сіңіретін ерекше құндылығы бар бұл ескерткіш тақталар алдымен елордада ашылып, жалғасын өңірлердегі мектептерде алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазіргі таңда бұл музей оқушылар үшін танымдық-зерттеушілік сабақтар өтетін алаңға айналыпты. Мұғалімдер мұражайда интеграциялық, жобалық бағыттағы сабақтар өткізіп, тұлғатану негізінде білім мен тәрбие береді. Ата-аналар мен қонақтар үшін де ұлттың ғұлама тұлғасы жайлы тереңірек танысуға мүмкіндік беретін рухани орталық.
Жүйелі жұмыстың нәтижесі
2023 жылы білім ордасы мектеп-лицей мәртебесін иеленді. Бұл жай ғана атаудың өзгеруі емес, білім сапасының артуын, педагогикалық құрамның кәсібилігін және инфрақұрылымдық жаңғыруды айғақтайтын маңызды кезең болды. Ернұр Аханұлы басшылық еткен жылдар ішінде Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінде білім сапасы мен оқыту үрдісі түбегейлі жаңарып, бүгінгі таңда заманауи, зерттеуге негізделген мектеп моделіне айналды. Бұл өзгерістер сандық көрсеткіштермен де, мазмұндық нәтижелермен де дәлелденіп отыр. 2019 жылы мектептегі білім сапасының көрсеткіші небәрі 50% шамасында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 64%-ға дейін өсіп, айтарлықтай серпіліс байқалды. Мұндай жетістік тек жалаң жоспармен емес, нақты педагогикалық тәжірибе мен зерттеуге негізделген жобалар арқылы жүзеге асты. Мектептің педагогикалық қауымдастығы оқыту сапасын арттыру мақсатында халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заманауи әдістерді кеңінен енгізді. Lesson Study (Сабақты бірлесіп зерттеу). Мұғалімдер бірлесе отырып, нақты бір сабақты жоспарлап, өткізіп, кейін сараптап, тиімділігін бағалайды. Бұл тәсіл мұғалімдердің кәсіби дамуына, сабақ мазмұнын жақсартуға және оқушылардың оқуына оң әсер етуге мүмкіндік береді. Іс-әрекетті зерттеу (Action Research). Мұғалімдер өз тәжірибесінде кездесетін нақты мәселені таңдап, оны ғылыми әдіспен зерттеу арқылы шешу жолдарын табады. Бұл тәсіл сабақтағы проблемаларды анықтап қана қоймай, оны дербес шешуге жол ашады. Оқу серуені (Learning Walk) басшы, әдіскер немесе мұғалімдер қысқа, бейресми түрде сабақтарға қатысып, нақты мақсатпен бақылау жүргізеді. Оқу серуені – формалды бақылау емес, ынтымақтастыққа негізделген кәсіби рефлексия, соның нәтижесінде сабақ беру тәжірибесі үздіксіз дамып отырады.
Ернұр Аханұлы – тек басқарушы емес, ұжымның тірегі, оқушылардың жанашыры. Жас мамандарға тәлімгер бола білген, тәжірибелі ұстаздарға сенім артып, шығармашылыққа еркіндік бере білген басшының арқасында ұжымда сенімділік пен сыйластық орнаған.
Ұйымшыл ұжым – табыстың кепілі
Бүгінде Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейі – білім беру жүйесінде сапалы өзгерістер мен нақты нәтижелерге қол жеткізген үздік оқу орындарының бірі. Бұл жетістіктің артында кәсіби басшылық, жүйелі жұмыс, ұжымның ауызбіршілігі мен ортақ мақсатқа жұмылуы жатыр. Ернұр Аханұлының жетекшілігімен мектеп қазіргі заман талабына сай, құндылықтарға негізделген тәрбие мен сапалы білімнің үйлесімін таба білген бірегей білім ордасы.
Мектепте өзін-өзі басқару жүйесі жақсы жолға қойылған. Оқушылар мектеп өміріне белсене араласып, түрлі бағыттар бойынша бастамашыл болуға үйренген. Ернұр Аханұлының бастамасымен мектеп қабырғасында бірнеше инновациялық жоба іске асыпты. STEM бағытындағы кабинеттер жаңартылып, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол ашылған. Физика, химия, биология, география кабинеттері заманауи талаптарға сәйкес жаңартылған.
Реновациялық өзгерістер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы – ел болашағы үшін маңызды бағыттарды айқындап берді. Бұл Жолдауда білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп, үш жыл ішінде 1300 мектепті жөндеуден өткізу жөніндегі нақты тапсырма берілген болатын. Аталған бастама – елдегі мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, сапалы білім беру үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған ірі ауқымды мемлекеттік қолдаудың айғағы. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен, Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицей реновациялау жобасына енді. Биылғы жылы мектептің спорт алаңдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектеп қоршауы жаңартылған. Бұл жұмыстар оқушылардың қауіпсіз және қолайлы ортада спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына толық жағдай жасауға бағытталған. Реновациялық жобаның аясында мектептің ішкі инфрақұрылымы да түбегейлі жаңартылған. Акт залы – қазіргі заманға сай көркемдік және техникалық жабдықтармен толықтырылды. Мұғалімдер бөлмесі – кәсіби орта мен педагогикалық қарым-қатынасты қолдайтын заманауи кеңістікке айналды. Асхана мен технология кабинеттері толық жөндеуден өтіп, оқу мен тағам дайындау процестері қауіпсіз әрі тиімді деңгейге жеткізілді.
Қазіргі таңда Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицей – заманауи инфрақұрылым, сапалы білім мен тәрбиені үйлестіре білген, мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып отырған үздік білім ордаларының бірі. Президент бастамасы аясында жүзеге асып жатқан бұл өзгерістер оқушылардың мүмкіндігін кеңейтіп, ұстаздарға қолайлы жұмыс ортасын қалыптастырып, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері анық.
«Мектептің мерейін өсірген тұлға» деп Ернұр Аханұлын бекер айтпаймыз. Оның білімі мен біліктілігі, көшбасшылық қабілеті мен адами қасиеттері – көпке үлгі. Ұжым мен ата-аналар, оқушылар қауымы үшін ол – сенімді серік, болашаққа бастаушы.
Ернұр Аханұлы – жай ғана мектеп директоры емес, ұстаздар мен оқушылардың сенімін оятқан тұлға, білім мен ғылыми ізденіске жаңаша дем берген басшы және ең бастысы, ұлт болашағына үлкен жауапкершілікпен қарап, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген елжанды атпал азамат.
Алтынбек НҰХҰЛЫ,
Халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры
қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент
Сенатының депутаты