Мектептегі этнолагерь

Елордадағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияда «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты іс-шара ұйымдастырылды. Этнолагерьдің ерекшелігі – мұнда оқушылар әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді тереңірек меңгеріп, ұмыт бола бастаған қолөнер бұйымдарымен айналысады.
Жазғы демалыс кезінде мұғалімдер балаларға ұлттық құндылық негізін, оның ішінде құрақ құрау, ши тоқу, жүн түту, ұршықпен жіп иіру және ұлттық тағам түрлерін әзірлеуді үйретеді. Этнолагерьдің алғашқы күнінде оқушылар да ұлттық ойындарда өзара жарысқа түсіп, ғылым мен техникаға бағытталған тәжірибелер жүргізді.
«Атамекен» этнолагерінің жұмысы қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениетін тереңірек түсінуге бағытталған. Балалар қазақ халқының бай мәдениетімен танысса деген ниетпен мектеп аумағында киіз үй тіктік. Мұғалімдеріміз 12 шеберлік сыныбын өткізді. «Шахмат әлемі» және «Көшпенділер алгебрасы» (тоғызқұмалақ) шеберханаларында балалар интеллектуалдық қабілеттерін дамытып, ойлау икемділігін арттырады. «Білім BOOST» жылдам оқыту шеберханасы назар аудару, есте сақтау және жылдам оқу қабілеттерін жақсартады. «Цифрлы болашақ» шеберханасында оқушылар бағдарламалау негіздерімен танысып, алғашқы цифрлы жобаларын жасады. «АРТ-студия», «Әсем өрнек» және «Әсем тас» шеберханаларында шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Вокал өнеріне қызығатын оқушылар үшін «Жұлдызды жол» және «Көңілді ноталар» шеберханалары ұйымдастырылды. «Этноойындар» шеберханасында мектеп оқушылары ұлттық ойындардың дағдыларын үйренді. «Шыңдал» логопедиялық және дефектологиялық шеберханасында сөйлеу мен дұрыс дыбыстауға арналған арнайы жаттығулар өткізілді» деді өз сөзінде мектеп директоры Гүлмира Оразбекова.
Мектеп лагерінің танымдық жұмысына ата-аналар да риза. Солардың бірі жазғы лагерь тәрбиешілеріне рақмет айтып, баласының өткен аптада ойын ойнап, кино мен циркке барғанымен бөлісті. Айтуынша, ұлы лагерьді қатты ұнатады, мұндағы тағамның өте дәмді екенін, алғашқы бес күн ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.
«Қызым мұғалімдер ұйымдастырған іс-шараларға үлкен қызығушылықпен қатысады. Лагерь жақсы орта табуға да септеседі. Мұндағы күн тәртібі таңғы жаттығудан басталып, танымдық сабақтармен жалғасады. Сонымен қатар серуенге шығып, садақ атып, шахмат ойнайды. Әсіресе робототехника сабақтарының бағдарламасы ұнады» деді елордалық тұрғын Алтынгүл Шамшаева.