Мектепте нашақорлыққа қарсы кездесу өтті

Елордадағы «Білім-инновация» лицейінде «Заң мен тәртіп» акциясы аясында профилактикалық кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен түрлі тәуелділіктердің алдын алу, заңға құрмет пен жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесуге мектеп оқушыларымен қатар ұстаздар, қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, блогерлер, актерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен медицина саласының өкілдері қатысты. Қонақтар оқушылармен ашық форматта сөйлесіп, заң талаптарын сақтау, тәртіпке бағыну және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында оқушылар үшін ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – белгілі күш иесі Сергей Цырульниковпен өткен интерактивті бөлім болды. Мектеп оқушылары спортшымен бірге күшті қажет ететін спандерді бір және екі қолымен қысып көріп, ал ең батылдары темір тағаны июге талпынды. Бұл эпизод спорттың тек физикалық емес, рухани тәртіпке де тәрбиелейтінін айқын көрсетті.
Сонымен қатар кинологиялық қызмет мамандарының көрсетілімі ұйымдастырылды. Қызметтік иттер өздерінің жаттығулары мен мінсіз тәртібін паш етіп, құқық қорғау саласындағы практикалық жұмыстың бір қырын таныстырды.

Іс-шара барысында жасөспірімдер арасындағы тәуелділік мәселесіне ерекше назар аударылды. Қалалық психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері кәсіби тәжірибелеріне сүйене отырып, соңғы уақытта 13–14 жастағы балалардың стационарлық емге түсу жағдайы жиілеп бара жатқанын айтты. Мамандар нашақорлық пен өзге де тәуелділіктерді «жаман мінез» емес, дер кезінде емдеуді қажет ететін дерт ретінде қарастыру керектігін атап өтіп, көмекке ерте жүгінудің маңызын түсіндірді.
«Ой – сөзге, сөз – іске, іс – әдетке, ал әдет тағдырға айналады. Өзіңізді қорғаңыздар, ата-аналарыңызды, ұстаздарыңызды, достарыңызды құрметтеңіздер. Өмірді опық жегізетін нәрсемен ойнамаңыздар» деді белгілі актер Ерік Жолжақсынов.
Жиынға қатысқан қонақтар қатарында Мерей Ақшалов, Рүстем Жантенов, Мұхит Амантаев, Алибек Ермағамбетов, танымал блогер Нұргелді Кердеш және батыр Сергей Цырульников болды. Олар өз өмірлік жолы арқылы спорттың, тәртіптің және салауатты құндылықтардың кез келген қауіпті әуестікке балама бола алатынын нақты мысалдармен көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың болашаққа деген саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. «Заң мен тәртіп» қағидатын ерте жастан түсіндіру – қылмыстың алдын алудағы ең тиімді жолдардың бірі.
Ерасыл Нұрлыбекұлы



