Басты ақпаратБілім

Мектеп мәзіріне мән берсек…

Биыл елімізде бастауыш сыныптың 1,4 млн оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде Астана қаласы бойынша барлығы 111 991 бала ақысыз негізде тамақтанады. Былтыр енгізілген жаңа стандарт бойынша қазіргі мектеп мәзірінде тұз бен қант мөлшері азайып, кейбір тағам түрлері алынып тасталған. Алайда мәзір өзгергенмен, көңіл көншітпейтін олқылықтар азаймай тұр. Бүгінде балаға берілетін тегін тағам желінбей, қоқысқа кетіп жатыр. Тағам сапасына қатысты шағым қайтсе тыйылады?

Ауру – астан

Енді өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығы ішіп-жеген тағамына тікелей тәуелді. Мұндайда мектеп мәзіріндегі азық-түліктің сапасы ұлт сау­лығының келешегін айқындайды. Бірақ бүгінде мектептегі тағамның сапасыздығы мен санитарлық нормалардың бұзылуы секілді түйткілдер жо­йылар емес. Салдарынан бүгінде Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақпен өмір сүреді. Мұны мәлімдеген Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова артық салмақтың таралуды бақылау COSI (балалардағы семіздік бойынша зерттеу бас­тамасы) зерттеуі аясында жүзеге асырылатынын айтты.

– Мектепте тамақтандыру балалардың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Соңғы зерттеулерге сәйкес, балалардың шамамен 7%-ы семіздіктен зардап шегеді, ал 5%-ында салмақ жетіспеушілігі бар. Олардың 60%-дан астамы жемістер мен көкөністерді жеткіліксіз тұтынады, ал 25,5%-ы күнделікті таңғы ас ішпейді. 15 жастағы жасөспірімдердің тіпті 50%-дан астамы таңғы ас ішпейді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында қант қосылған сусындарды тұтыну өсуде. Олардың шамамен 17%-ы күн сайын осындай сусындарды ішсе, 60%-ы апта сайын 4-7 реттен тәтті сусындарды ішуді құп көреді. Тағы бір зерттеуге сәйкес, 11-15 жастағы мектеп жасындағы балалардың шамамен 40%-ы энергетика сусындарын ішеді, – деді С.Назарова.

Баланың қажеттілігі ескеріле ме?

Оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақтандыруға болмайтыны сөзсіз. Осы мақсатта мектеп рационының тағамдық құндылығын, қауіпсіздігін, құнарлылығын, әртүрлілігін ескере отырып, оны жақсарту мақсатында жаңа стандарт әзірленді. Бірақ стандарт өзгере келе, қалдық көлемі де көбейе түсті. Себебі мәзір құрамындағы тағамдардағы қант, тұз, қаныққан май нормалары шамамен 2 есе азайды, 75% өсімдік тектес өнімдерді пайдалану ұсынылды (25%-ы – жарма, макарон, ұн және 50%-ы – көкөністер мен жеміс­тер). Оқушылардың жас ерекшелігіне және физиологиялық қажеттілік нормаларына сәйкес, 6-10 жас аралығындағы оқушылардың тәуліктік энергияға қажеттілігі 2100 ккалды құраса, 11-14 жаста – 2400 ккал, 15-18 жаста – тәулігіне 2800 ккал. Мектепте бір рет тамақтану барысында оқушылар күнделікті калорияның 25%-ын алады. Осыған байланыс­ты жақында республиканың бірқатар өңіріндегі мектеп асханаларындағы ас мәзірін тексеріп келген Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мәселе стандарттың өзінде емес деген пікірде.

– Стандарт дұрыс. Онда баланың денсаулығына қажетті барлық пайдалы да құнарлы нәрсе қарастырылған. Мәселе оны қалай енгізіп жатқанымызда дегім келеді. Біз бірнеше аймақта болып, мектеп асханаларының жұмысымен таныстық. Сонда көргенім, қағаз жүзінде мәзір дұрыс, бәрі талапқа сай. Бірақ іс жүзінде жағдай басқа. Кей жерде бөлінетін қаржы жеткіліксіз, кей жерде мәзір балалардың талғамына сай емес. Мысалы, бір мектепте асхана қызметкері: «балаларға стандарт бойынша бәрін дайындаймыз. Мәселен, «ленивые голубцы» деп аталатын тамақ бар. Оны қанша пісірсе де балалар жемейді. Сосын тамақ қоқысқа кетеді» деп ашық айтқан еді. Бұл жерде мәселе бақылауда ғана емес, тамақты ұсыну тәсілінде. Біз мәзірді кабинетте отырып бекітеміз, бірақ оны жейтін баланың өзінен «сен мына тамақты жейсің бе?» деп сұрамаймыз. Балаларға пайдалы тамақ беру керек, бірақ ол балаға жеуге сүйкімді, түрінің өзі тәбетін ашатындай болуы тиіс. Мысалы, кей өңірлерде мәзірді жергілікті жағдайға бейім­деген. Балалардың үйренген, тауысып жейтін тағамдарын қалдырып, оны бұрынғыдан да пайдалырақ етіп дайындаған. Сондықтан стандарт өзгеруі керек емес, оны іске асыру тәсілі өзгеруі керек. Баланың пікірін ескеретін жүйе болуы керек, – деді депутат.

Ескі тариф сақталған

Оқу-ағарту министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, 2026 жылы тамақтандыруды ұйым­дастыруға жергілікті бюджеттен 201 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде Астана қаласы бойынша тамақтандыруды ұйымдастыруға 15 млрд қаражат бөлінген. Елордада бір рет тамақтанудың құны бір балаға 951 теңгені құрайды. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, жаңа стандарт қабылданды, талап күшейді, жүктеме артты, ал тариф бұрынғы күйінде қалды. Республика бойынша бір бала­ға берілетін тағамның құны 600-700 теңгеден басталады. Инфляция мен салық жүктемесінің өсуі жағдайында мұндай бағаға толыққанды сапалы тамақ дайындау өте қиын.

«Біз кәсіпкерлерді арзан бағаға арзан өнім беруге итермелеп отырмыз. Бір күндік тамақты 700 теңгеге сыйдыру үшін таза май, ірімшік, сүт емес, оған ұқсас арзан сүт өнімдерінен алады. Сәйкесінше, тамақ дәмсіз болады» деді депутат.

Иә, қазір мәзірді баланың био­логиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажеттілігінен бұрын азық-түліктің бағасын ескере отырып жасайды. Қазіргі тарифке сай баланың не жеп жүргенін көріп, мәселенің анық-қанығын білу үшін мектеп мәзірі әр мектептің сайтында көрсетіліп тұруы тиіс. Алайда елордалық мектептердің барлығында дерлік ас мәзірі жарияланбаған немесе алдыңғы оқу жылдарының мәзірі ғана көрсетілген. Мектептегі тамақтану үнемдейтін жер емес. Бұл баланың денсау­лығына салынған ин­вестиция екенін ескерген жөн-ақ.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button