ӘлеуметБасты ақпарат

Мектеп мәзіріне мән берілсе…

Биыл еліміздегі мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді. Мектеп мәзірінің жаңа үлгісі алдағы оқу жылынан, яғни 1 қыркүйектен бастап енгізіледі. Оған сәйкес, енді мәзірдегі тұз бен қант мөлшері азайып, кейбір тағам түрлері алынып тасталады. Мектеп мәзіріндегі қазір көңіл көншітпейтін олқылықтар жаңа стандартпен оңала ма? Келер оқу жылында балаға құнарлы әрі пайдалы ас беріле ме?

Ауру – астан

2024-2025 оқу жылында еліміз бойынша бастауыш сыныптың 1,7 млн оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде Астана қаласы бойынша барлығы 96 мыңнан аса бала ақысыз негізде тамақтанады. Енді өсіп келе жатқан ұрпақтың денсау­лығы ішіп-жеген тағамына тікелей тәуелді. Мұндайда мектеп мәзіріндегі азық-түліктің сапасы ұлт саулығының келешегін айқындайды. Бірақ бүгінде мектептегі тағамның сапасыздығы мен санитарлық нормалардың бұзылуы секілді түйткілдер жойылар емес. Салдарынан бүгінде Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақпен өмір сүреді. Мұны мәлімдеген Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова артық салмақтың таралуды бақылау COSI (балалардағы семіздік бойынша зерттеу бастамасы) зерттеуі аясында жүзеге асырылатынын айтты.

«Мектепте тамақтандыру ба­лалардың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Соңғы зерттеулерге сәйкес, балалардың шамамен 7%-ы семіздіктен зардап шегеді, ал 5%-ында салмақ жетіспеушілігі бар. Олардың 60%-дан астамы жемістер мен көкөністерді жеткіліксіз тұтынады, ал 25,5%-ы күнделікті таңғы ас ішпейді. 15 жастағы жасөспірімдердің тіпті 50%-дан астамы таңғы ас ішпейді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында қант қосылған сусындарды тұтыну өсуде. Олардың шамамен 17%-ы күн сайын осындай сусындарды ішсе, ал 60%-ы апта сайын 4-7 реттен тәтті сусындарды ішуді құп көреді. Сонымен қатар тағы бір зерттеуге сәйкес, 11-15 жастағы мектеп жасындағы балалардың шамамен 40%-ы энергетикалық сусындарды ішеді» деді С.Назарова.

Жаңашылдығы көп жаңа стандарт

Оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақ­тандыруға болмайтыны сөзсіз. Осы мақсатта мектеп рационының тағамдық құндылығын, қауіпсіздігін, құнарлылығын, әртүрлілігін ескере отырып, оны жақсарту мақсатында жаңа стандарт әзірленді. Стандартты қабылдауға Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері, тамақтану жөніндегі бейінді ғылыми ұйым – Қазақ тағамтану академиясы, ЮНИСЕФ, ДДҰ секілді халықаралық ұйымдар бірлесе қатысты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Гүлшарат Қожатова мәлімдеді.

«Мектеп мәзіріне қатысты негізгі мәселелердің бірі – тағамдық құндылығының жеткіліксіздігі, сондай-ақ тұз, қант және қаныққан майлардың көп болуы мен көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің балаларға аздық етуі. Сондықтан жаңа стандартта оқушыларға теңдестірілген тамақтану қағидаттарына сәйкес келетін мәзір ұсынылады. Мәзір құрамындағы тағамдардағы қант, тұз, қаныққан май нормалары шамамен 2 есе азайды, 75% өсімдік тектес өнімдерді пайдалану ұсынылады (25%-ы – жарма, макарон, ұн және 50%-ы – көкөністер мен жемістер). Бұл өзгерістер балалардағы қан аздық пен гиповитаминоздың, сондай-ақ семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары сынды инфекциялық емес аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Оқушылардың жас ерекшелігіне және физиологиялық қажеттілік нормаларына сәйкес, 6-10 жас аралығындағы оқушылардың тәуліктік энергияға қажеттілігі 2100 ккал құраса, 11-14 жаста – 2400 ккал, 15-18 жаста тәулігіне 2800 ккал құрайды. Мектептегі бір реттік тамақтану барысында оқушылар күнделікті калорияның 25%-ын алады.

Қазіргі уақытта жергілікті Білім және Денсаулық сақтау басқармаларының, санитария­лық-эпидемиологиялық қызмет органдарының, тамақтану қызметтері өнім берушілерінің және мектеп әкімшілігінің мамандарына мектептерде тамақтану стандартын енгізу бойынша оқыту өткізу жоспарлануда. Оқыту тамақтану стандартының негізгі талаптарымен танысуға, оны қолдану дағдыларын дамытуға, сондай-ақ оқушылар үшін салауатты және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруға байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған» деді спикер.

Аталмыш стандарт бойынша мектеп асханалары мен буфеттеріндегі сатылымнан енді бірқатар тағам түрі алынып тасталады. Олар: фаст-фуд; ащы тұздықтар, кетчуптер, ащы дәмдеуіштер; технологиялық жолмен өңделген ет және балық өнімдері; тәтті алкогольсіз және энергетикалық сусындар; газдалған және минералды сулар; концентрацияланған диффузия­лық шырындар; жеміс-жидек не көкөніс пастерленген шырын, дәмдік қоспасы бар ауызсу; фритюрде қуырылған өнімдер; көкөніс, жеміс, ет, балық, саңырауқұлақ консервілері; құрғақ тағам концентраттарына негізделген бірінші және екінші тағам; термиялық өңдеусіз пастерленбеген сүт, сүзбе және қаймақ; кофе және кептірілген балық.

Ұлттық тағаммен толығады

Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жеткенмен, олардағы тамақтандыру комбинаттары атқаратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекшелігіне сәйкес, тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Осылайша, халықаралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отырған біздің асханалардың жайы ақсап тұр. Мұндай тәжірибе Жапонияда енгізіліп, мектептерге асты ірі тамақтандыру комбинаттары таңертеңмен жібереді. Осы секілді халықаралық озық тәжірибе жаңа стандартты әзірлеу барысында үлгі болды.

Қазақ тағамтану академия­сының президенті, медицина ғылымдарының докторы Алмаз Шарманның айтуынша, стандартты дайындау кезінде Финляндия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция және Ұлыбритания мектептеріндегі тамақтану стандарттары талданды. Әсіресе фин моделі озық үлгі ретінде алынып, әлемдік тәжірибе ұлттық дәстүрімізге және мәдени ерекшеліктерімізге қарай ­бейімделді.

– Бүгінде мектептегі мәзір бірсарынды. Қоректік құндылығы да төмен. Тұз, қант пен май мөлшері көп болса, ал көкөніс, жеміс пен сүт өнімдері жетіспейді. Кей мектептерде әлі күнге дейін 60-70-жылдардағы ас мәзірі мен технологиялық карталар қолданылып келеді. Бұл жағдай балалардың тамақтануға қатысты пікірі мен қалауын ескере отырып, мектеп мәзіріне қатысты жаңа көзқарас пен әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жаңа жетілдірілген мектеп мәзірін әзірлеу қажеттілігін көрсетті. Сауатты, теңгерімді тамақтану мәдениеті мектеп қабырғасынан-ақ басталуы қажет. Жаңа стандарт соны көздеп отыр.

Кей ата-аналар балалардың мектеп асханасында тамақ ішуден бас тартатынын айтады. Олар тағам дәмсіз немесе калориясы тым төмен екенін алға тартады. Соның салдарынан тағам қалдыққа кетеді. Кей жағдайда тамақ қалдықтарының көлемі 50%-ға дейін жетеді. Аталмыш мәселені шешіп, тамақтанудың сапасын бақылау үшін «жеуге жарамсыздық индексі» енгізілді. Бұл көрсеткіш тағам сапасы, оның берілуі секілді негізгі мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Балалардың талғамы мен қалауын ескере отырып, оларға жаңа, заманауи әрі пайдалы тағамдарды ұсынуымыз қажет.

Мысал ретінде бір күндік мәзір құрамында ірімшік қосылған қызылша салаты, сиыр еті қосылған қырыққабат орамдары, итмұрын сусыны, пробиотикалық йогурт, мау­сымдық жеміс пен қара бидай наны ұсынылады. Енді бір күні брокколи, қияр, қызанақ пен тәтті бұрыштан жасалған салат, тұздық қосылып, қайнап піскен қазы, кейін сочни (макарон өнімдері), 2,5%-дық айран, алма мен жент беріледі. Ланч-пакет үлгісі де әзірленіп, оған қайнатылған сиыр еті мен көкөніс қосылған ролл, йогурт, алма, сүт пен жент, ірімшік, тұздылығы 1%-дан аспайтын құрт кіреді. Яғни жаңа мәзірде ұлттық ерекшеліктер ескеріле отырып, жент, ірімшік, құрт секілді қазақтың ұлттық тағам­дары қосылды, – деді А.Шарман.

Қатаң қадағалау қажет

Білім беру жүйесіндегі тың өзгеріс әрі жаңашылдықтың бірі жаңа стандарт енгізілсе орын алмақ. Ал көпшілік армандаған стандарттың үдесінен шығу үшін сапасы да тиісінше бақылануы керек.

Білім беру ұйымдарында та­мақтануды ұйымдастыруды, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды және қадағалауды Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жүргізеді. Комитет ақпаратына сай, рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру 2 жылда бір реттен жиі емес, объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау жарты жылда бір реттен жиі емес еселікпен жүзеге асырылады.

Астана қаласында мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында және қосымша білім беретін мекемелерде оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру, сондай-ақ балаларды тамақпен қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу мәселесі білім саласындағы мекемелермен бірлесе отырып құрылған ведомствоаралық сараптамалық топтың бақылауында. Сараптамалық топтың қатарында 20 адам, атап айтқанда, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, «Астана» медицина университетінің қызметкерлері, «Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы» өкілдері, Санитарлық-эпидемиологиялық департаменті және ата-аналар кеңесінің төрағалары бар. Оның ішінде «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі елорда мектептеріндегі балалардың тамақтануын 7 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде қадағалап келеді. Қоғамдық бірлестік 30-дан астам мектепті тексеру барысында асханаларда санитарлық жағдай мен тағам сапасын тіркейтін журналдарды жүргізудегі 10-ға жуық тәртіп бұзушылықтарды анықтады.

«Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Томпиев тексеріс барысында асханаларда мәзір, тағам дайындау процесі, өнімнің есебі, санитарлық жағдай мен азық-түлік сақтау тәртібі назарға алынатынын айтты.

«Біз ведомствоаралық сараптамалық топтың мүшесі ретінде мектепке келген сәттен бастап, қол жуатын орындардың тазалығы мен қолданылатын ыдыстардың күйін тексереміз.

Қаржылық қиындықтарға байланысты мектеп асханаларында диетолог мамандардың болмауы – күрделі мәселелердің бірі. Соның салдарынан азық-түлікті сақтау, тағам сапасын тексеру, тағам мәзірін картотекаға сай дайындау, тағам блогы қызметкерлерінің профилактикалық тексерістен өтуі сияқты маңызды процестер бақылаусыз қалып отыр. Атап айтқанда, қала мектептерінде азық-түлік сақтау мен сапасына қатысты бұзушылықтар көбіне №56 және №62 мектептерде тіркелді. Сонымен қатар қалалық №2, 4, 7, 10 емханалардың бас дәрігерлері мектептерге бекіткен мейіргерлерге диетолог міндетін жүктегенмен, бұл саладағы жұмыстар жеткілікті деңгейде қадағаланып отырған жоқ. Медицина қызметкерлері тарапынан тағам сапасы мен санитарлық жағдай журналдарын жүргізуде өрескел қателіктер орын алуда» деді Е.Қалиұлы.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button