Мектеп-гимназияда жылыжай жобасы сәтті жүзеге асты

«Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы аясында елорданың № 83 мектеп-гимназиясында ерекше бастама іске асуда. Мектеп ауласындағы жылыжай толыққанды жұмыс істеп, оқушылардың табиғатқа, еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырған нағыз оқу-тәжірибелік алаңға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жылыжайда мектеп оқушылары мұғалімдермен бірлесіп белсенді түрде еңбек етті. Олар көкөніс егуден бастап, күтіп-баптау, суару, тыңайту, өнім жинау секілді жұмыстарға өз қолдарымен атсалысты. Бұл бастама балаларға жауапкершілік пен еңбекқорлықтың маңызын ұғындырып, табиғатпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Жылыжайда түрлі көкөністер өсірілді. Атап айтқанда, қияр, қызанақ, кольраби, шалғам, сәбіз, қызылша, брокколи, орамжапырақ, салат жапырағы, дайкон, ақ желкен және көк жуа сияқты пайдалы дақылдар мол өнім берді. Бұл өнімдер мектеп асханасында пайдаланып, балалардың дұрыс тамақтануына да оң әсерін тигізді.
Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар бұл бастаманың болашақта кеңейіп, оқушылардың экологиялық және аграрлық сауаттылығын арттыруға қызмет ететініне сенімді. Жазғы демалыс уақытында мектеп жанындағы жылыжай мен егінге «Жасыл ел» бағдарламасымен мектеп оқушылары қарауында.