Мектеп формасы: сапа ма, әлде баға ма?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Барлық ата-ананың алдында тұрған міндет – мектеп формасын дайындау. Соңғы жылдары мектеп формасының бағасы ата-аналардың басты уайымына айналған. Сапалы матадан тігілген, ұзаққа шыдайтын форма, әрине, қымбат тұрады. Мұндай киім баланың денсаулығына зиян келтірмейді, сәнді әрі ыңғайлы. Дегенмен бағасы жағдайы орташа отбасылардың қалтасына ауырлық түсіретіні жасырын емес. Ал арзан матадан тігілген мектеп киімі қолжетімді болғанымен, ұзаққа шыдамайды.
Бас қаланың оқушылары үшін бірыңғай қою көк түсті мектеп формасы бекітілген. Астана қаласындағы барлық білім беру ұйымында енгізілген жаңа ережеге сәйкес мектеп формасының түсі – қою көк, үлгісі – классикалық стиль.
«Ұл балаларға арналған форма: пиджак, жилет, шалбар, ақ түсті салтанатты және күнделікті көйлек. Суық мезгілде – тоқыма жилет немесе ақ водолазка. Шалбар кең пішілген, ұзындығы аяқты толық жабуы тиіс. Ең аз ұсынылатын жинақ – көйлек, жилет және шалбар. Ал қыз балаларға арналған форма: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық ақ блузка, сарафан. Суық мезгілде – тоқыма жилет немесе ақ водолазка. Белдемше кеңсе үлгісінде, ұзындығы тізеден 5 см-ден жоғары болмауы керек» дейді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.
Төрт баланы дайындау оңай емес
Бұрынғының балалары тапқанын киетін еді, қазір таңдағанын киетін уақыт. Мамандардың айтуынша, бастысы – матаның ауа өткізуі, тігіс сапасы және баланың өзіне ыңғайлылығы.
«Ата-аналар сапасы мен бағасы үйлесетін, мүмкіндік болса, отандық тігіншілердің еңбегін қолдаған жөн. Дәл қазіргі уақытта олардың алдында таңдау тұр. Сапаға бір рет инвестиция жасап, қымбат форма алу ма, әлде қолжетімді бағадағы, бірақ тез тозуы мүмкін киімді таңдау ма? Бұл сұрақтың жауабы әр отбасының мүмкіндігі мен талғамына байланысты» дейді тапсырыспен мектеп формасын тігетін елордалық тігінші Динара Қайырбекқызы. Ал астаналық көпбалалы ана Жанар Мырзагелдінің айтуынша, мектепке төрт бірдей баласын дайындау оңайға түспейін деп тұр.
«Сапасы орташа киім мен кеңсе құралдарын таңдаймыз. Бір балама кемі 100 мың теңге кетеді екен. Сонда төрт балама 400 мыңдай ақша кететінін біліп отырмын. Мектеп тарапынан көмек барлық көпбалалы отбасыға берілмейді. Жағдайы төмен, әлеуметтік көмек алатын ата-аналарға беріледі. Мұның өзі қымбатшылық бүйірден қысқан заманда аз болса да көмек. Жыл сайын барлық нәрсені қымбатқа аламыз, бірақ өсіп жатқан айлығымыз жоқ» дейді ол.
Ата-ананың таңдау құқы бар
Мектеп формасына қатысты ата-аналар чатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кейбір мектептер өздері бекіткен үлгідегі форманы қайдан сатып алуға болатынын хабарлап жатыр. Бірақ, ашығын айту керек, ата-аналар мектеп формасын ұсынылған үлгіге сәйкес қалаған сауда орнынан сатып ала алады. Мұны Білім басқармасының өкілі де растап отыр.
«Бірыңғай мектеп формасы оқушылардың тәртіпті, жинақы әрі оқу процесінде біртұтастық пен іскерлік ахуалды көрсетуге бағытталған. Яғни, бала үшін ең маңызды элемент» дейді елордалық ұстаз Айгерім Сейтматова. Оның айтуынша, бірыңғай мектеп формасының болуы сол мектептің келбетін көрсетеді. Сондықтан ата-аналар мектеп ұсынған киімді сатып аларда түсіністік танытқаны абзал. Дегенмен, ешқандай ата-ананы міндеттеу жоқ.
Ал мектеп формасының орташа бағасына келсек, жылы бомберлер баланың жасына байланысты 11 000-13 500 теңге аралығында. Қыз балаларға арналған жеңі ұзын және жеңі қысқа теннискалар 5900-7500 теңге. Белдемшенің бағасы 6000-7900 теңге, ұлдарға арналған шалбар – 9900-12 000 теңге. Қыздарға арналған шалбарлар 9900-11 500 теңге көлемінде сатылуда.
«Биыл BINOM және жаңадан ашылған жайлы мектептің оқушылары бірыңғай форма киеді. Мәселен, 15-16 тамыз аралығында ақ теннискалар, бомберлер, көк түсті юбкалар мен шалбарлар, ұлдарға арналған шалбарлар сатылымға шығады. 23 тамызда көк түсті теннискалар мен өрнекті ақ теннискалар, ал 26 тамыз күні қалған үлгідегі форма түрлері мен негізгі форманың екінші партиясын сатылымға шығарамыз. Жалпы, мектеп формасы жыл бойы біздің дүкендерде болады» дейді Bizdin forma дүкендер желісінің өкілі.
Алты мыңнан астам өтініш түскен
Биыл елордалық оқушыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың көлемі артқан. «Жалпыға бірдей міндетті оқыту» қоры әр балаға 46 228 теңге көмек береді. 2025-2026 оқу жылында 12 734 оқушы аяқ киім, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті жабдықтармен қамтылады.
«Көмекті атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасының балалары, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, төтенше жағдайға тап болғандар, қамқоршылық кеңес шешімімен анықталған басқа да осал топтағы балалар алады» дейді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы. Білуімізше, қазірдің өзінде ата-аналардан 6 мыңнан астам өтініш келіп түскен екен.
Бұдан бөлек 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 8 500-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары берілетін болады. Осыған байланысты барлық мектепте әлеуметтік педагогтер көмекке мұқтаж оқушылардың тізімін жасауда.
Мектеп жәрмеңкесі – қолжетімді баға
Айта кетейік, бас қалада 31 тамызға дейін әр демалыс күні барлық ауданда мектеп жәрмеңкелері өтеді. Атап айтқанда, Нұра ауданындағы «Анвар», «Magnum» сауда үйлерінде, 22-24 тамызда – Ғашықтар саябағында, Сарыарқа ауданы бойынша «Рахмет», «Көктал» сауда орталықтарында, Алматы ауданында «Гүлжан» сауда үйінде, Есіл ауданында EXPO, ХКО, ал 16 тамыздан бастап «Mega Silk Way» сауда үйінде өтеді. Ұйымдастырушылар мұнда мектепке қажетті тауарларды нарық бағасынан төмен сатып алуға мүмкіндік бар екенін айтады. Сонымен қатар елорданың кез келген азаматы сауда орталықтарында орналастырылған қайырымдылық контейнерлеріне мектепке қажетті заттарды әкеліп тапсыра алады. Оның барлығы мұқтаж отбасының балаларына беріледі.
Түйін: Мектеп формасы төңірегіндегі әңгіме – сапа мен баға арасындағы таңдау. Биылғы әлеуметтік көмек, қайырымдылық жәрмеңкелері мен жеңілдіктер ата-аналардың шығынын сәл болса да азайтуға сеп болмақ. Ал соңғы шешім – әр отбасының мүмкіндігіне байланысты.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ