«Мектебім, саған мың алғыс!»

Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің алаңында «Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде өтті. Білім ордасының ауласы ерекше безендіріліп, мектеп бітіруші түлектерге арналған баннер ілінген жиын мемлекеттік Әнұранмен ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аталған мектепте биыл 69 түлек алтын ұя мектебімен қош айтысып, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың ішінде: 1 оқушы – «Алтын белгі» үміткері, 5 оқушы – «Үздік аттестат» иегерлері атанды.
Атап айтқанда, 1-4 сыныптар арасында «Үздік оқушы» номинациясын 4 «Б» сынып оқушысы Нұрсұлтан Арғынбай , «Жас ізденімпаз» номинациясын 2 «Б» сынып оқушысы Зере Талғат, «Жас өнерпаз» номинациясын 4 «Ә» сынып оқушысы Мариям Белгібаева , 5-8 сыныптар арасында «Үздік оқушы» номинациясын 8 «Ә» сынып оқушысы Қалжан Мұхаметәлі, «Өнерпаздар мен өнертапқыштар» номинациясын 8 «Б» сынып оқушысы Азатқали Мансұр, «Жас оқырман» номинациясын 6 «Ә» сынып оқушысы Сағидолла Гауһар, «Жыл спортшысы» номинациясын 7 «Е» сынып оқушысы Байзақ Мадина, 9-11 сыныптар арасында «Үздік оқушы» номинациясын 10 «А» сынып оқушысы Нұрке Ислам, «Зерделі оқушы» номинациясын 11 «Ә» сынып оқушысы Зияден Гүлсезім, «Парасатты, мәдениетті оқушы» номинациясын 11 «Б» сынып оқушысы Марат Жанетта, «Өнерпаздар мен өнертапқыштар» номинациясын 11 «Б» сынып оқушысы Рамазан Әліби, «Жыл спортшысы» номинациясын 9 «А» сынып оқушысы Токишев Диас, «Жас оқырман» номинациясын 9 «Ж» сынып оқушысы Абдужалил Асылайлар иеленіп, оларға мектептің арнайы әзірлеген сертификат пен сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді. Ал 2025 жылғы «Әлкей Марғұлан» атындағы сыйлықтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» аталымы бойынша бас жүлде математикадан аудандық, қалалық пән олимпиадасының жеңімпазы, республикалық «Алтын тұғыр» олимпиадасының ІІІ орын иегері, білім үздігі, «Алтын белгі» иегері Егізбай Ұлан иеленді.
Салтанатты жиында мектеп директоры Сәуле Үйсінбаева құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі. Сонымен қатар ата-аналар мен ұстаздарға жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегі үшін зор алғыс білдірілді.
«Құрметті түлектер! Алдарыңызда үлкен өмір жолы тұр. Бұл жолда ең басты серіктеріңіз – өз күшіңізге сеніп, ешқашан өзіңізді кем санамауға үйрететін сенімділік, арманыңызға жету жолында қажырлы еңбектен тартынбайтын табандылық және маңдай термен келген әр жетістікке шынайы сеніммен қарауға үйрететін адал еңбек болсын!», – деп жүрекжарды тілегін арнады мектеп директоры.
Сондай-ақ, шара барысында 10-сынып оқушылары мектеп туын салтанатты түрде алып шығып, мектеппен қоштасу сәтіне ерекше мән берілді. Соңында: «Сәт сапар, жас түлек – 2025! Адал бол, еңбексүйгіш бол, еліңнің тірегі бол!» – деген тілектермен соңғы қоңырау іс-шарасы аяқталды.
Әсемай Ринатқызы