Басты ақпаратҚоғам

Мейірім мекені

Елордадағы Ұлттық музейде «Мейірім» балалар шығармашылығының VII инклюзивті музей ­фестивалі өтті. Мерекелік жиын балалар шығармашылығын қолдау мен инклюзия мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін фестиваль балалардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жиын саналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль 2017 жылдан бастау алған «Мейірім» әлеуметтік жобасы аясында қолға алынған.

– Бұл фестиваль балалардың өнерін ортаға салатын бірегей алаңға айналып келеді. Тек аталмыш фестивальмен ғана шектелмей, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған іс-шаралар жыл бойы өтеді. Маңызы айрықша іс-шаралар жас өрендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаумен бірге, қоғамның мейірімі мен қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді, – деді өз сөзінде Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы.

Балалар мерекесінің басты мақсаты – бүлдіршіндердің шығармашылығын шыңдау. Іс-шараға 7 мен 18 жас аралығындағы қоғамдық қорлар мен бірлестіктердің оқушылары қатысты. Олардың қатарында «Ақниет» қайырымдылық қоры, «Орда аутизм» қоғамдық бірлестігі, «Нұрлы жүрек» пен «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы, елорданың №1 және №2 арнайы мектептерінен жалпы саны 120 бала болды.

Фестивальді өткізуге қолдау білдірген «ҚТЖ» ҰК» АҚ ма­гистралдық желі дирекциясының директоры Сәкен Рахметов мерекелік іс-шараға бейжай қарамайтын ата-аналардың қатары артып келетінін, кедергісіз, инклюзивті орта қалыптастыру мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі екенін атады.

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамымыз­да қоршаған ортаны қорғау­дың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек» деп атап өткен еді. Биылғы фестивальдің тағы бір мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің эколо­гиялық сауаттылығын арттыру. Яғни оларды табиғатты сүюге, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, қайта өңдеуді үйренуге тәрбиелеу. Фес­тиваль аясында ұйымдастырылған шеберлік сабақтарда қоршаған ортаны қорғау, қалдықсыз өмір салты, қайта өңдеу, табиғи материалдарды қолдану сияқты өзекті тақырыптар қамтылды, – деді өз сөзінде Ұлттық музейдің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі әдіскері ­Бибігүл ­Арыстанбекова.

Мәдени іс-шара дамытушы шеберлік сабақтар үлгісінде өтіп, алуан түрлі бағдарлама ұсынылды. Оның ішінде «Дос­тық пен қамқорлық ғаламшары» музей үйірмесіне қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі жә­не «Киіз басу: жүнмен сурет салу», «Саз терапия­сы», «Тоқу өнері», «Шоппер бояу», «Бірге сурет саламыз» және «Эко-арт» тақырыбында шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Осы шеберлік сабағында балалар киізден түрлі түсті картиналар, әдемі тұмарлар, табиғат көріністерін суретке салып, сондай-ақ, қолөнер шеберлерімен бірге саздан бұ­йымдар жасады.

– 10 жасар ұлым Жәңгірмен бірге мерекелік фестивальге алғаш рет қатыстық, әсеріміз ерекше. Әр баланың қабілетіне қарай түрлі шеберлік сабағының бары ұнады. Мұндай жиындар жиі ­ұйымдастырылса дейміз. Себебі балам бір сәт үйден шығып, қоғамға сіңісіп, өзгелердің жылулығын сезіне алады, – деді қатысушылардың бірі, елордалық тұрғын Айжан Жаппарбекова.

Индира Бержанова

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button