Мақсат – айыппұл салу емес, қауіпсіздікті арттыру

Бауыржан ТОҚЖҰМАНОВ,
Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының
бөлім бастығы, полиция подполковнигі:
Елордада «Сергек» бейнекамералары орнатылғалы бері жол-көлік оқиғаларының саны 40 пайызға азайғаны белгілі. Десек те, жыл басынан бері Астана қаласында 530 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 633 адам әртүрлі дене жарақатын алса, 9 адам қаза тапты. Жолдағы қауіпсіздіктің алдын алу үшін не істеу керек? Жүргізушілер қанша айыппұл арқалады? Жаяу жүргіншілердің себебінен болған оқиғалар неге көбейді? Осы жөнінде полиция подполковнигі Бауыржан ҒАЛЫМЖАНҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.
– Жалпы, елордада жыл басынан бері тіркелген құқықбұзушылықтар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір артқанын білеміз. Жол көлік оқиғасының ең басты себебі неде?
– Жол-көлік оқиғаларының көбі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережелері қауіпсіздігін сақтамағаннан болады. Атап айтқанда, ең бастысы – жылдамдықты арттыру. Жол қозғалысы ережелеріне сай келмейтін жоғары жылдамдықпен жүру, әсіресе түнгі уақытта жиі апатқа әкеледі. Одан кейін жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерді кесіп өтуі. Тұрғындардың көбі рұқсат етілмеген жерден кесіп өткісі келеді, бұл өз кезегінде апат қаупін арттырады. Көлік иелерінің ереже сақтамауы – бағдаршамның қызыл белгісі жанып тұрса да өтіп кетуі, жолақ ауыстырғанда белгі бермеуі, арақашықтық сақтамау және алкоголь қолданған күйде көлік басқару. Біздің сарапшылар бұл қатарға жас жүргізушілердің тәжірибесіздігін және техникалық ақауларды да жатқызады. Мәселен, көлік тежегішінің істен шығуы, дөңгелегі, жарығында ақау болса, ол да апатты жағдай тудырады.
Астанада жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 212 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 4 адам қаза тапты. 217 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды. 47 жаяу жүргіншінің кінәсі дәлелденді. Кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілердің қатысуымен 149 жол- көлік оқиғасы болды. Оның салдарынан 2 бала қаза тапты. 164 бала әртүрлі дене жарақаттарын алды. Оның ішінде 20-сы кәмелет жасқа толмағандардың кінәсінен болды. Кәмелет жасқа толмағандар көбіне белгіленбеген жерде ойнайды, велосипед тебеді немесе доп ойнап жүріп белгіленбеген жерден жүгіреді. Немесе жүргізушілер аулада артқа жүру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамайды.
– Алдын алу үшін департамент тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Астана қаласының Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларын алдын алу бойынша әртүрлі жедел профилактикалық шаралар өткізіп келеді. Мақсаты – ереже бұзушыларды әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту ғана емес, жол ережелері жайлы үйрету, жүргізуші мәдениетін қалыптастыру. Түрлі бейнероликтер дайындап, ескерту түрінде парақшалар таратылады. Балабақша, мектеп, университеттерде де жол ережелері үйретіледі. Қазіргі уақытта департамент жол көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бағдаршамдарға әртүрлі өзгерістер енгізуде. Мәселен, мектеп айналасындағы жылдамдықты 20км/сағ түсірді. Арнайы камералар қойылып, жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр.
– Өткен айдан бастап мопедтер де көлік құралы санатына жатқызылды. Астанада тіркеу қалай жүргізілуде?
– Дұрыс айтасыз, қарапайым техникалық сипаттамаларына қарамастан, көп жағдайда мопедтер жол қозғалысына да, айналадағы адамдардың да өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті мемлекет бұл саладағы бақылауды күшейтуді қолға алды. Мопедтер де кәдімгі көлік құралдары сияқты міндетті түрде тіркеледі. Олардың иелері де көлік жүргізушілеріне қойылатын талаптарға сай рәсімдерден өтуі тиіс. Енді мопедті заңды түрде басқару үшін А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. Сонымен қатар мопедті Полиция органдарында тіркеу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі мен техникалық байқаудан өткені туралы құжат қажет. Дәл қазір Астанада мыңнан астам мопед тіркелді. Әлі де болса талаптарды білмейтін немесе тіркеуді кейінге қалдырып жүрген азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тіркеу міндетті екенін, орындамаған жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын айтамыз. Егер кәмелет жасқа толмаған балалар мопед, электросомакат айдап жүретін болса, оларға жаза қолданылмағанымен, заңды өкілдері, яғни ата-аналары қатаң әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
– Елордада құқықбұзушылыққа қатысты жыл басынан бері қанша адамға айыппұл салынды?
– Астана қаласында жыл басынан бері 551 469 құқық бұзушылық тіркелді. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асты. Жеке тоқталып кететін болсақ, бейнекамералардың көмегімен анықталған құқық бұзушылықтардың саны 377 мыңнан асады. Салынған айыппұлдардың сомасы 3 млрд 885 млн болса, оның 3 млрд 114 миллион теңгесі өндірілді. Айыппұл тек камералармен ғана анықталмайды. Полиция қызметкерлері бақылау барысында тек жолдың бойындағы ғана емес, қоғамдық орындарда тәртіпті бұзған, мысалы, аулада түнгі уақытта шулаған, белгіленбеген жерге қоқыс төккен немесе балағат сөз айтқан әрекеттерді де анықтайды. Ондай анықталған құқық бұзушылықтың саны – 68 мың. Яғни, жалпы сомасы 827 млн теңгені құрады. Азаматтарға бірінші рет айыппұл салынады, егер бір жылдың ішінде қайталанатын болса әкімшілік іс сотқа жолданады. Ондай азаматтар соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынады. Қысқаша айтқанда, біздің мақсат айыппұл салу емес, жалпы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін ұмытпаған жөн.
Сұхбаттасқан
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ