Елорда тынысы

Маңызды мәселелер талқыланды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға қатысты нақты міндеттерге тоқталды. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген маңызды бағыттар мен мәселелер талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылау барысында елордадағы білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да бағыттарда цифрлық процестер қалай іске асырылып жатқаны туралы салалық басқарма басшыларының ақпараты тыңдалды.

Қала басшысы Мемлекет басшысының инвестиция тарту жүйесін толық жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, елорданың инвес­тициялық тартымдылығын арттыруды сөз етіп, Жолдауда экономиканы жаңғырту үдерісімен қатар адам капиталын дамытуға да ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманалиев Жолдауда айтылған адами капиталды дамыту бағытына тоқталды.

– Мемлекет басшысы жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс екенін атап өткені белгілі. Осыған байланыс­ты Астана қаласындағы білім беру ұйымдары мен елордада орналасқан жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары арасында жасанды интеллект негіздерін меңгерту бойынша, яғни «Ғылым – Білім – Инновация» үштігі бірлесе отырып, адами капиталды дамытуға жұмыс істеу қажеттігіне байланысты төмендегідей ұсыныстарды енгіздік. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздегі негізгі салаларды цифрландыратын маңызды қадам екенін, бұл Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытуда айтарлықтай өркендеуіне ықпал ететінін айт­қан болатын. Еуразия ұлттық университетінде PARAM BILIM 2 суперкомпьютері ашылғанын жалпы жұртшылық жақсы біледі. Бұл жоба қазірдің өзінде жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптографияны қоса алғанда, 30-дан астам ғылыми бағыттар бойынша модельдеу және аналитикалық есептеулер үшін қолданылады.Сондай-ақ халықаралық әзірлеу­шілермен суперкомпьютердің функционалдығын кеңейту туралы келіссөздер жүргізілуде. Ендеше Астана үшін де цифрлық даму мәселесін шешу үшін ғылыми жобаларға тапсырыс беру керек деп ойлаймыз. Жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, елордалық ғалымдарды осы игілікті іске тарту тетіктерін қарастырған жөн деп санаймыз. Екіншіден, колледжден кейінгі білімді жалғастыру үшін ІТ саласында Жоғары оқу орындарының қысқартылған білім беру бағдарламаларына жергілікті білім грантын тағайындап, мамандар даярлаудың мәні зор деп есептейміз. Үшіншіден, «Жасанды интеллект технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша да қала үшін мамандар даярлау ісін жүйелі түрде жүзеге асырудың тетіктерін қарастырғанымыз абзал. Ендеше, Қазақстанның цифрлық ел болу стратегиялық мақсатына жету үшін өз үлесімізді қосайық, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button