Басты ақпаратҚала мен сала

Маңызды геосаяси орталыққа айналды

Күні кеше ғана Астана күні мейрамы кең ауқымда аталып өтті. Қала қонақтары мен тұрғындары жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстарға жоғары бағасын берді. Әр қазақ бас қаланың жарқын келешегіне үлкен үміт артады.

Астана – Қазақ елінің абыройы, мақтанышы! Бүгінгі таңда елордамыз Орталық Азиядағы ірі мегаполиске айналды. Мысалы, 1998 жылы қала тұрғындарының саны 300 мың болса, 2025 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, қазір Астанада 1 млн 558 мың 501 адам тұрады. Табиғи өсім негізінде 2030 жылы 2 млн адамның құтты мекені болмақ.

2023 жылы өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек» деді.

Шынымен де, Астана Қазақстанның бас қаласы, іскерлік, саяси және мәдени орталығы болумен қатар, жаһандық геосаяси мәселелерді талқылайтын ынтымақтастық пен бітімгершілік алаңына айналды. Мұнда әлемнің белді саясаткерлерінің, шетел үкіметтері басшыларының, бизнес және дипломатия өкілдерінің қатысуымен жаһандық деңгейде көптеген халықаралық форумдар мен саммиттер, маңызды кездесулер тұрақты түрде өтіп келеді.

Жақында ғана Астана халықаралық форумы табысты өтті. Мамыр айының соңғы күндері бірінші рет «Орталық Азия+Италия» саммиті Астана қаласында өтті. Саммитте қабылданған декларацияда Италия Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қолдау білдіріп, Италия тарапы осы бағыттағы жобаларға қатысуға мүдделі екенін мәлімдеді. Орталық Азия елдері басшылары мен Италия Министрлер кеңесінің төрағасы қатысқан мұндай басқосулар алдағы кезеңде басты басымдық беріліп отырған сауда-экономикалық қарым-қатынастың тұрақты өсуіне, инвестициялар тартуға және шағын, орта кәсіпкерлікті қолдауға ықпал ететіні анық.

17 маусым күні өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінің де мәні өте зор. Оған ҚХР Төрағасы, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысты. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің тату көршілік қатынасын, өзара тиімді ынтымақтастығын, сенімі мен ортақ күш-жігерін нығайта түседі. Жаңа келісімдерге қол жеткізілді.

Астана түркі елдерінің де жиі бас қо­сатын, ортақ мақсат жолында іргелі жобаларды жүзеге асыратын алаңы болып отыр. Сонымен қатар осы жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысының қатысуымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-пленарлық отырысы болып өтті. Бұл Қазақстан мен оның халықаралық серіктестері арасындағы стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайта түсуге ықпал етеді.

Спорттан әлемдік және халықаралық жарыстар өтуде. Соның бәрі Астана мәртебесін көтеруде. Халықаралық аренадағы күрделі жағдайға қарамастан, елімізде ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Экономикада тұрақты өсім бар. Шетелден тартылған инвестиция көлемі тұрақты өсуде. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалдайтын жүк көлемі де жыл сайын қарқын алуда. Цифрлық технологияны қолдану қарқынды дамуда. Халықтың ауқатты өмір сүруіне ықпал ететін әлеуметтік саланың көрсеткіштері де жақсаруда. Жаңа әлеуметтік сала нысандары (мектептер, медицина мекемелері, тұрғын үйлер) бой көтеруде.

Астана қаласында қаланы электр энергиясымен, жылумен, сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар жаңа нысан («Оңтүстік-Шығыс», «Тұран» газ жылу станциялары) салынып, пайдалануға берілді. Елордамызда көлік жүйесін кешенді дамыту бағдарламасы қолға алынуда. Әлемнің дамыған елдерінде, соның ішінде тұрғындары өте тығыз орналасқан Сингапур, Сеул және басқа қалаларда жеке автокөліктен гөрі жо­ғары сапалы қоғамдық көліктер қызметін арттыру бағытында іргелі істер атқарылуда. Біздің елде де осындай ұтымды жобалар жүзеге асқаны жөн.

Елордада өнер мен мәдениетті, рухани байлықты насихаттайтын орындардың қатары еселеп өсті. Атап айтқанда, 1990 жылдардың басында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, М.Горький атындағы орыс драма театры және Қуыршақ театры болған еді. Ал қазір аталған ұжымдарды қоса алғанда, Астана Опера, К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Жастар театры, Музыкалық жас көрермен театры, «Наз» мемлекеттік би театры және басқа да өнер ордалары халыққа құнды дүниелерді ұсынуда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының өмір сүру сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды» деген болатын. Тұрғындар қолайлы өмір сүруі үшін бас қала жайлы болуы керек. Осы мақсатта көптеген іргелі іс атқарылды. Бұрын жалғыз Орталық саябақ болған еді. Бүгінгі таңда соның қатарына «Жерұйық», «Жетісу», «Президент», Триатлон, «Көктал», «Ғашықтар» саябағы және Ботаникалық бақ, сондай-ақ Күйшілер, Қаламгерлер және Жұбановтар аллеясы қосылды. Бұдан басқа да көптеген демалыс аумақтары, бульварлар, гүлзарлар, сәулетті ойын алаңдары, балалар мен спорт алаңқайлары бой көтергені, арнайы велосипед жолдары салынғаны анық. Қаланың әрбір шағын ауданы мен орамдарын жасыл желекпен қамту ісі жалғаса берсе, өте орынды болатыны сөзсіз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт ­Тоқаев: «Біз қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек. Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді» деді. Осы орайда, соңғы жылдары қаланың шеткі аудандарын абаттандыру жұмыс­тары жүйелі қолға алынғаны барша тұрғынды қуантып отыр. Яғни тек қана даңғылдар мен басты көшелерді ғана емес, қаланың барлық ауданын, тұрғын үй алаптарын қамтып, балалар ойнауға арналған және үлкен адамдар тынығып отыратын демалыс аймақ­тарын салу жобасы сәтті жүзеге асуда.

Іргелі істерді атқаруда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бастаған ел азаматтарының еңбегі мол. Ұтымды шешімдер қабылдап, қаланың көр­кеюіне үлес қосып отырған елордалық мәслихаттың да қызметін ел-жұрт жоғары бағалайды. Жаңа жобалар халықтың қолдауына ие болуда. Ал енді көшелер мен аулаларымызды таза ұстау – басты міндеттің бірі. Ол үшін тазалықты сақтау бағытында адамдардың санасын өзгерту қажет. Әрбір тұрғынның ойында: «Бұл – менің қалам, оны таза ұстауым керек» деген қағидат болуы тиіс. Бұл пайымды жас ұрпақтың санасына сіңіре берген жөн.

Астана – асқақ армандар орын­далатын, мол мүмкіндіктерді жүзеге асыратын қала. Бұл – өнерлі жастардың дарыны жарқырап көрінетін сахна төрі!

Елордамыз өсіп-өркендей берсін! Әлем алдындағы беделі арта берсін!

Гүлнәр СЕЙТМАҒАНБЕТОВА,

қоғам қайраткері,

Астана қаласы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button