Мамандық таңдауда маңызды кеңестер берді
Астана қаласы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №56 мектеп-лицейде белгілі журналист, Ақпарат саласының үздігі, саяхатшы-блогер, медиа-лектор Нұрбек Бекбаумен кездесу ұйымдастырылды. «Арманға қалай қол жеткізуге болады?» деген тақырыпта өткен жиында кеш спикері оқушылардың мамандық таңдауға байланысты туындаған өзекті сұрақтарына жауап беріп, болашағына дұрыс жол сілтейтін кеңесін айтты.

Кездесу модераторы, аталған мектептің психологы, елордадағы үздік психологтардың бірі Айгүл Рақымжанқызы балалар әсіресе, 9-11 сынып аралығында мамандық таңдауда қатты қиналатынын айта келе, осы ретте тәжірибесі мол спикердің ақыл-кеңесі маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, балалар көбіне ата-аналарының айтуымен, болмаса грант үшін немесе жақсы көретін пәніне қарай мамандық таңдап, қателесіп жатады. Бұл еліміздегі жастардың 70-80 пайызының өз мамандығы бойынша жұмыс істемеуіне алып келіп отыр. Сондықтан жастармен белсенді жұмыс істеп жүрген сарапшы журналист ретінде Нұрбек Бекбаудың айтары бар деп кездесуге шақырғанын айтты.


-Қазіргі жастардың көбі бірден табысты болғысы, тез арада жетістікке жеткісі келеді. Мамандық адамның болашақтағы өмір сапасына әсер етеді. Дұрыс таңдалған мамандық тұрақты табысқа, жақсы өмірге жетуге мүмкіндік береді. Сондықтан балаларға мамандық таңдауда қалай қателеспеуге болатынын және алдағы уақытта қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын айтып берсеңіз, — деді модератор.
Медиа-лектор ешбір сала, ешбір мамандық жаман емес екенін, ол салада сан мыңдаған адам жұмыс істесе де, егер ол сіздің арманыңыз болса, қалайда сол бағытта мықты маманға айналуға болатынын түсіндірді.

-Армандаған саланы жарып шығатын керемет мамандық иесі болу үшін сол саламен 1000 сағат айналыс, бұл дегеніңіз шамамен 2 жыл уақыт, күніне 2-3 сағатыңды соған арнасаң міндетті түрде сен сол саланың шыңына жетіп, хас шеберіне айналасың. Арманыңыздан ешқашан бас тартпаңыз, «оған менің шамам жетпейді, Қазақстанда бұған жағдай жасалмаған» деген сияқты және тағы басқа кереғар ойдан аулақ болыңыздар. Идеалист және авантюрист болуыңыз керек. Ол үшін өзіңізге «көп алыңыз», яғни бәрін артығымен орындаңыз, қосымша тапсырма сұраңыз, өзіңізді соған толығымен арнаңыз. Мәселен, журналист болғың келсе, бір тақырып қызықтырса, күніне 2-3 сағат бойына сол жайлы мақала жаза бер, тоқтамай жаза бер. Әрине, болашақтың мамандығы ІТ, ЖИ саласындағы жұмыстар, бірақ елдің бәрі соны оқыса, кім мұғалім, кім дәрігер, кім қарапайым жұмысшы болады? Бұл салаларды да жоғары деңгейде меңгеру арқылы көп табысқа кенелуге болады. Сондықтан көңіл қалауы мен бойыңыздағы қабілетіңізге қарай мамандық таңдап, сол жолда тайынбай талаптана беріңіз, — деді спикер.

Сонымен қатар ол болашақта білікті басшы, жауапты тұлға болу үшін тек білім мен тәжірибе аздық ететінін, ол үшін қоғамдық жұмыстарға белсене араласу, яғни жауапкершілік арқалаудың маңыздылығын түсіндірді. Қоғамдық, командалық жұмыстағы жауаптылық, өзгелерді алға сүйреу, көмектесу, өрге бастау арқылы әр адамның бойында басшылық қасиеттер дамитынын жеткізді. Оқушылар қонаққа түрлі сұрақтар қойып, ашық сұхбат құрды. Іс-шара барысында мектеп оқушылары жеке жетістіктерін, яғни өздері ойлап тапқан жобаларын да таныстырды.
Райхан Рахметова



