Майқыдан басталатын билер мектебі

Бас қалада ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы құрметті судьясы, заңгер Өмірсерік Қожабаевтың «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» атты кітабы таныстырылды.
Бұл кітап Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысы, Абай ауданының әкімдігі мен Абай-Жидебай қорының тапсырысы бойынша үш тілде жарық көрді. Мұнда Абайдың әдет пен ғұрыпты, халықтың өмір сүру салтын зерттей отырып, қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазғаны қамтылған.
Кітап жайында «Қазақ тарихи қоғамы» ҚБ басқарма төрағасы Радик Темірғалиев «Бұл тарихи тәжірибе қазіргі қазақстандықтар үшін маңызды практикалық және моральдық мәнге ие. Ұлттың өз күшіне және мүмкіндіктеріне сенбеуі көбінесе дамуға елеулі кедергі келтіретіні жасырын емес. Өз кезегінде, нигилистік көңіл-күй көбінесе өз тарихымен мәдениетіне деген көңіл қалушылықтан туындайды. Сондықтан қоғамдағы салауатты күштерді шабыттандыра алатын тарихи деректерді өзектендіріп, кеңінен насихаттау аса маңызды. «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» кітабы бұл ағартушылық миссияны толықтай орындайды» деп баға берді.
Аталған еңбекте қазақ даласындағы от ауызды орақ тілді баба билердің дала заңын ұстанудағы ұтымдылығы, тапқырлығы суреттеледі. Кітаптың бір данасы Астана қаласы Мемлекеттік архивіне сыйға тартылды. Автор бұған қоса, қызмет еткен уақыттан бері жиналған құжаттардың түпнұсқасын, кейбір құнды қағаздардың көшірмесін, қолжазбаларын архивке тапсыру туралы қалалық архив директоры Жангелді Бимолдинмен келісімге келді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Шапағат ӘБДІР