Майдандағы саяси сауда

Ресей-Украина соғысы – әлемдік тәртіптің қай бағытқа бұрылатынын анықтайтын күрделі процесс. АҚШ пен Еуроодақтың ұстанымы, Ресейдің ішкі саяси-экономикалық тұрақтылығы және украин халқының табандылығы бұл соғыстың тағдырын шешпек. Әзірге нақты жеңімпаз жоқ. Бірақ әр тараптың шығыны мен ұстанымы олардың болашақтағы позициясына ықпал ететіні анық.
Бітім бе, бопса ма?
Қазір соғыс тағы бір шешуші кезеңге аяқ басқандай. АҚШ президенті Трамп пен Ресей президенті Путиннің телефон арқылы тікелей сөйлесуі – қақтығысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық талпыныстың тағы бір көрінісі. Бұған дейін, 16 мамырда Ыстанбұлда Ресей мен Украина арасында өткен келіссөздер күрделі шындықтың бетін ашып берді. Аталған кездесу орта деңгейлі шенеуніктер деңгейінде өткенмен, тараптардың ұстанымын анық аңғартты. Украина майдан шебіндегі ұрыстарды 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс жасағанмен, Ресей бұл бастаманы қабылдаудан бас тартты. Келіссөз нәтижесінде тараптар тек бір ғана нақты шешімге келген: «1000 тұтқынға – 1000 тұтқын» қағидаты бойынша тұтқын алмасуға уағдаласты.
Кремльдің мәлімдеуінше, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан Украина толықтай әскерін әкетпейінше, атысты тоқтату мүмкін емес. Керісінше, Ресей егер бұл талаптар орындалмаса, Сумы мен Харьков облыстарына дейін оккупацияны жалғастыратынын ашық мәлімдеді. Ал сарапшылар қауымы бұл процеске күмәнмен қарайды. АҚШ Соғысты зерттеу институты, «Карнеги» қоры мен Bloomberg сарапшылары президент Трампқа дабыл қағып, Ресейдің шын мәнінде бейбіт шешімге емес, соғысты ұзақ мерзімге созуға ұмтылып отырғанын алға тартты. Олардың болжамынша, Ресей 2025 жылдың жазынан бастап Украинаға қарсы жаңа, ауқымды шабуылға кірісіп, жоғарыда аталған 4 облысты әскери жолмен толықтай жаулап алуға ниетті. Алайда Америка және Батыс сарапшылары бұл сценарийдің жүзеге асуы екіталай деп санайды. Олардың пайымдауынша, қазіргі қақтығыс бір жақтың анық басымдығынан гөрі ұзаққа созылған позициялық соғысқа көбірек ұқсайды.
Кімнің ұпайы түгел?
Соғысты тоқтату мақсатында басталған келіссөздер Ыстанбұлда жалғасуы тиіс еді. Украина тарапы 12 мамырдан бастап майдан шебіндегі ұрысты 30 күнге, ешқандай шартсыз тоқтатуды ұсынған болатын. Осыған жауап ретінде Ресей президенті Владимир Путин 15 маусымнан бастап келіссөздерді Түркияда жалғастыруды ұсынды. Зеленский ұсынысты қабылдап, Ресей басшысымен бетпе-бет кездесу үшін Түркияға аттанды. Бұл қадамды Трамп та қолдап, егер Путин келіссөзге келсе, өзі де Түркияға барып, кездесуге дайын екенін жариялады. Алайда Путин Түркияға барған жоқ. Оның орнына деңгейі төмен делегация жіберіп, бейбіт диалогқа өзі тікелей араласудан бас тартты. Сарапшылар мұны Кремльдің соғыстағы басымдығын көрсетуге, яғни «ал қайтесің?» деген саяси белгі ретінде бағалауда. Екінші тұрғыдан, Ресей тарапы бұл келіссөзден шынайы нәтиже күтпеген, тек дипломатиялық протоколды орындау немесе уақыт ұту үшін ғана ұйымдастырған болуы да мүмкін. Бұл ресейлік басшылықтың соғысты жалғастыруға, оны ұзақ мерзімге созуға ниетті екенін көрсетеді. Бұл болжамның дұрыс екенін Ыстанбұлдағы келіссөзде ресейлік келіссөзшілердің «Біз соғысты қаламаймыз, бірақ 1, 2, 3 немесе одан да көп жыл соғысуға дайынбыз. Қанша қажет болса, сонша соғысамыз. Біз Швециямен 21 жыл соғысқан елміз. Ал сендер қанша уақыт соғысуға дайынсыңдар?» деп Украинаға сұрақ қойғанынан да аңғаруға болатын секілді.
Үшбұрышты әңгіме
Ыстанбұлда кездесуге мүмкіндік болмағаннан кейін, 19 мамыр күні АҚШ президенті Трамп Ресей президенті Путинмен телефонмен сөйлесіп, Украинадағы қарулы қақтығысты тоқтату мәселесін талқылады. Екі сағаттан астам уақытқа созылған сөйлесудің нәтижесі бірқатар саяси мәлімдемеге ұласты. Қос тарап келіссөздің пайдалы өткенін атап көрсетіп, соғысты тоқтатуға ниетті екенін білдірді. Сөйлесуден кейін Ресей басшысы Владимир Путин әңгімелесуді «конструктивті» және «пайдалы» деп атады. Оның айтуынша, Мәскеу үшін бастысы – қақтығыстың түпкі себептерін шешу.
«Ресей Украинамен ұрыс қимылдарын тоқтатуға мүмкіндік беретін меморандумды жасау бойынша жұмыс істеуге әзір. Онда принциптер мен мерзім қамтылады» деді ол журналистер алдында. «Ресей мен Украинаны бірдей қанағаттандыратын келісім табуымыз керек… Біз үшін ең маңыздысы – қақтығысты туындатқан алғышарттарды реттеу» деп нақтылады Путин.
Трамп та келіссөзден кейін Truth Social желісінде мәлімдеме жариялап, жауласқан тараптардың арасында соғысты тоқтату келіссөзі «дереу» басталатынын айтты: «Барлығы өте жақсы өтті. Ресей мен Украина дереу атысты тоқтату және одан да маңыздысы – соғысты тоқтату жөніндегі келіссөзге кіріседі. Келіссөздің шартын екі тарап өзара келісуі керек. Өйткені егжей-тегжейін олардан артық ешкім білмейді. Ресей АҚШ-пен ауқымды сауда жасағысы келеді, мен де соны қолдаймын. Ресейдің әлеуеті шексіз. Украина да өз елін қалпына келтіру барысында саудадан үлкен пайда көре алады» деді Трамп. Трамп бұл ақпаратты Еуропа елдерінің басшыларымен де бөліскенін, ал Ватикан келіссөздерге алаң болуға ынта танытқанын жеткізді.
Путин мен Трамп арасындағы келіссөздерге Украина да өз реакциясын білдірді. Зеленский Трамппен де сөйлесіп, Мәскеуге үндеу тастады.
«Украина өзінің заңды территорияларынан ешқашан әскерін алып кетпейді. Ол – біздің жеріміз! Киев Мәскеудің ұсынысын күтеді. Біз соғысты тоқтатқымыз келеді, бірақ Ресей не қалайтынын өздері де білмейтін сияқты» деді Зеленский. Сондай-ақ ол АҚШ, Украина, Ресей және ЕО елдері өкілдерінің қатысуымен жаңа келіссөз өткізу мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ.
Путин, Трамп және Зеленскийдің бір күнде жасаған мәлімдемелері Украинадағы соғыс бойынша жаңа дипломатиялық кезеңнің басталуына үміт оятқандай. Алайда сөз бен істің арасындағы алшақтық әлі де сақталып тұр. Ресейдің «бастапқы себептерді» жою ұстанымы, Трамптың «сауда әлеуетіне» үміт артуы және Зеленскийдің «территориядан бас тартпау» позициясы үшбұрышты әңгіменің қиылыспайтын үш шетін айқындап тұрғандай.
Санкция саясаты қайда апарады?
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампты, егер Мәскеу жақын арада Украинада атыс-шабысты тоқтатуға көнбесе, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырды. AFP агенттігі аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды украин шенеунігінің сөзіне сүйеніп, Зеленский мұны Трамппен телефон әңгімесі кезінде айтқан деп хабарлады.
Германия канцлері Мерц те Трамп пен Путин арасындағы келіссөздерден кейін «ЕО мен АҚШ Ресейге қарсы санкциялық қысымды арттыруға келісті. Біз Украинаның бейбітшілікке ұмтылысын қолдаймыз. Бұл туралы Трамппен келістік» деп мәлімдеді. Бұл Батыстың бірлескен әрекеті Ресейге қарсы «экономикалық шеңберді» біртіндеп тарылтып келе жатқанын аңғартты.
Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «АҚШ конгресінде Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын қабылдауға жеткілікті дауыс бар» деп мәлімдесе, АҚШ вице-президенті Вэнс жағдайдың күрделене түскенін айтып, «Путин соғыстан қалай шығуды білмейді. Ол тығырыққа тірелді» деді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Еуроодақ G7 елдеріне ресейлік мұнайдың шекті бағасын 60 доллардан 50 долларға түсіруді ұсынған. Бұл бастама ЕО-ның кезекті 17-санкциялық пакетінің құрамына енбек. Яғни жаңа санкциялар Ресейдің «осал тұсына», атап айтқанда, мұнай экспортына, логистикасына және көлеңкелі флотына бағытталған. 17-санкциялық пакетте Ресейдің «көлеңкелі флотындағы» 200 кеме санкциялық тізімге енгізілген. Яғни Ресейдің мұнай тасымалына тікелей соққы жасалып отыр. Осыған дейін Ұлыбритания да бұл науқанға қосылып, 100 нысанға санкция салуға әзір екенін мәлімдеді.
Ресей жағы әзірге бұл санкцияларға нақты жауап қатқан жоқ. Алайда бұған дейін Кремль санкцияларды «экономикалық соғыс» деп атап, оларды айналып өтудің түрлі жолын (көлеңкелі тасымал, делдал елдер арқылы экспорт, юань және рупиймен есеп айырысу) қарастырып келген.
Санкциялардың ұзақмерзімді салдары Ресейдің энергия экспортына тәуелділігін арттырып, инвестициялық климатын нашарлатып, жаңа технологиялар мен логистикадан оқшаулануына әкелуі мүмкін. Дегенмен Батыс санкцияларына Қытай мен Үндістан ресми түрде қосылмағанмен, бұл елдердің ұстанымы шешуші рөл атқарады. Қытай санкцияға іліккен тауарлардың бір бөлігін өз нарығына қабылдап отыр. Үндістан да ресейлік мұнайды жеңілдікпен сатып алып, Мәскеуге экономикалық дем беріп келеді. Сондықтан сарапшылар «Батыс санкциялары толық нәтиже беруі үшін Қытай мен Үндістанның бейтараптығы маңызды» деген пікірде.
Соғыстың соңы немен тынар?
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың бітуі бірнеше түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Оның әрқайсысы халықаралық санкциялардың тиімділігіне, ішкі саяси процестерге және жаһандық күштердің ұстанымына тікелей байланысты.
Позициялық соғыстың ұзаққа созылуы. Бұл жағдайда екі жақ та шешуші жеңіске жете алмайды. Соғыс майдан шебінде ұдайы ұрысқа ұласып, бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл – соғысушы тараптарға да, әлемдік қауымдастыққа да ауыр салдар әкелетін нұсқа.
Бітім және аумақтық ымыра. Батыс елдерінің араағайындығымен уақытша бейбіт келісімге қол жетуі мүмкін. Дегенмен мұндай ымыра Украина үшін толық әділетті шешім бола алмайды, өйткені кей аумақтардан бас тарту қаупі бар.
Кездейсоқ келісім және саяси өзгеріс. Ресей не Украина ішінде саяси өзгерістер орын алып, жаңа басшылық соғысты тоқтату бағытын таңдауы ықтимал. Бұл нұсқа соғыстың жылдам аяқталуына жол ашуы мүмкін.
Қайта ауқымды соғыс. Ресей жаңа, жаппай шабуыл бастаса, соғыс ауқымы кеңейіп, қақтығыс Еуропа қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруі ықтимал.
Бетті дайындаған
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ