Басты ақпаратМәдениет

Махаббат мұңы: ғасыр дилеммасы

Тахауи Ахтановтың драматургиялық мұрасы қазақ ұлттық театрының тарихында іргелі орын алады. Оның «Махаббат мұңы» пьесасы үнемі режиссерлердің назарын өзіне аударады. Бұл туынды көтерілген мәселелердің тереңдігімен ерекшеленеді. Мұнда асқақ арман мен қарапайым өмірдің қақтығысы, алғашқы махаббаттың пәктігі мен сатқындық, суреткер тағдыры мен өмірлік прагматизм қамтылған. Астана қаласының «Жастар» театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың сахналауымен осы спектакльдің премьерасын ұсынды. Режиссер нәзік метафоралар мен символдық визуалды бейнелерге негізделген спектакль қойды.

Қоюшы-суретші жасаған сценографияның негізгі элементі – артқы фондағы жүрек пішінді қағаз жапырақтары бар алып ағаш. Бұл визуалды образ спектакльдің лейтмотиві қызметін атқарады, жастық шақтың үміттері мен сынғыш сезімдерін бейнелейді. Ерекше назар аударатын режиссерлік шешімдердің бірі – бұл ана (Балжан Зияқұлова) бейнесі және оның сахнадағы орны. Ана – оқиғаға тікелей араласпайтын, бірақ үнемі авансценада (сахнаның алдыңғы жағында) отыратын тұлға. Ол – жай ғана енжар бақылаушы емес, тарихтың үнсіз куәгері, халық даналығының, уақыт пен тағдырдың өзі. Оның спектакльге қатысуы жас кейіпкерлердің әрбір әрекетіне салмақ пен тереңдік береді.

Ләззат – бұл драманың эмоционалды орталығы, өнер адамының жиынтық образы. Актриса Арайлым Тұрлан кейіпкерінің нәзіктігін, өмірге құштарлығын және табиғатпен ішкі үндестігін тамаша ашты. Қойылымның басында біз Ләззатты аңғал, пәк, өмірге тек жақсы жағынан қарайтын, сәл ерке қыз ретінде көреміз. Актриса осы табиғи еркелікті, айналасындағыларға деген сенімділікті сахнада өте сенімді, шынайы жеткізе білді. Оның қиялшыл болмысы, «даланың, құстың, желдің, судың, гүлдің сыбырын» тыңдайтын ерекше жаны – оның өнер жолын таңдауының ішкі қозғаушы күші болып көрінеді. Актрисаның сахнадағы трансформация­сы өте сенімді шықты: ұялшақ, өлеңдерін жасыратын қыздан, махаббаттың алғашқы соққысынан кейін күйзеліске ұшыраған, бірақ ішкі дүниесі берік әйелге айналуы көрерменді бау­ап алды.

Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасындағы Салиха бейнесі – өмірдің қатал шындығын, прагматизмді және жастық арманға қарсы тұратын ересек өмірдің салмағын арқалаған күрделі тұлға. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың бұл кейіпкерді ашудағы шешімі және актриса Назерке Серікболқызының орындауы театртанушылар үшін ерекше қызығушылық тудырды. Бұл спектакльде актриса өзінің актерлік амплуасын кеңейтіп, мүлде жаңа қырынан танылды. Оның сомдаған Салихасы – үстемшіл, қатал, тік мінезді және өмірлік ұстанымы айқын тұлға. Назерке Серікболқызының шеберлігі арқасында біз Тахауи Ахтановтың осы күрделі кейіпкерін жан-жақты, сенімді және шынайы қабылдадық.

Бағила – спектакльдің жалпы драмалық салмағын теңгеріп тұратын, өміршең энергиясымен ерекшеленетін кейіпкер. Ол – студенттік өмірдің ашық, шынайы өкілі. Шехназа Қызыханованың орындауындағы Бағила – ашық-жарқын, тік мінезді жан. Актрисаның сахнадағы қуатты эмоциясы мен ойнақылығы, әсіресе жігітімен арадағы әзіл-оспаққа толы көріністерде айқын байқалады. Бұл жеңілдік пен әзіл-ос­пақ Салиханың қаталдығы мен Ләззаттың мұңдылығына қарама-қайшы қойылып, пьесаның жанрлық палитрасын байытады.

Нияз бейнесі – бұл махаббаттың алдамшылығын, адам мінезіндегі екіұштылықты көрсететін күрделі образ. Актер Әбутәліп Әміре кейіпкердің екі түрлі қырын сенімді жеткізді. Бастапқыда Нияз Ләззаттың жанын түсінетін, поэзияны бағалайтын, тіпті өзі де өлең оқитын романтик ақын ретінде көрінеді. Оның Ләззатқа деген ғашықтық сөздері («Адам атадан бері айтылып жауыр болған сөз, бірақ жүректен шығатын ең асыл сөз…») шынайы сезіледі. Режиссер қолданған айна арқылы өтетін немесе ширмаға оралып құшақтасатын сахналар актерлердің үйлесімділігімен және сезім ұшқынымен есте қалды. Алайда оқиғаның шарықтау шегінде оның опасыздығы ашылады (әйелінің бары белгілі болады). Бұл оқиға кейіп­кердің моральдық тұрақсыз­дығын көрсетеді. Финалдағы оның ақталуға тырысқан әрекеті өзімшілдік пен жауапкершіліктен қашудың көрінісіндей. Актер Нияздың сыртқы тартымдылығы мен ішкі жансыздығы арасындағы контрастты айқын көрсете білді.

Қуантай – пьесадағы Ләззаттың арманшыл әлеміне қарама-қарсы қойылған қарапайым өмірдің өкілі. Актер Шыңғыс Жақыпбай кейіпкердің ақкөңіл табиғатын, дос­тыққа адалдығын және соңындағы түсініспеушілікпен кетіп қалуын шынайы көрсете алды. Қуантай – Ләззаттың бала кезден бірге өскен досы. Ол оған ғашық, бірақ бұл сезім жауап­сыз. Ләззат оны тек дос, аға ретінде ғана қабылдайды. Қуантайдың функциясы – Ләззатқа қалыпты, тыныш өмірді ұсыну, оны «қиял» әлемінен шығарып, нақты өмірге тарту. Кейіпкердің дүниетанымы оның бір ғана репликасымен толық ашылады: «Өлеңді ұқпасам да дүниені ұғатын едім ғой». Бұл сөздер Қуантайдың өнерден, жоғары рухани құндылықтардан алыс екенін көрсетеді. Ол өмірдің мәнін материалдық немесе қарапайым нәрселерден іздейді. Спектакльдің жалпы әсерінде Қуантайдың рөлі маңызды болғанымен, актерлік орындауда кемшіліктер орын алды. Актер Шыңғыс Жақыпбайдың дикциясы мен сахналық сөйлеу мәнері кәсіби деңгейде болмады. Кейбір репликалар анық естілмей, сөздер «лас» шықты. К.Станиславский атап өткендей «Сахналық сөз шеберлігі – бұл актердің басты қаруы, онсыз ешбір образ толыққанды ашылмайды». Бұл кемшілік кейіпкердің айтпақ болған ойының көрерменге толық жетуіне кедергі келтірді.

Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлігімен сахналанған Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклін классикалық мәтіннің жай ғана иллюстрациясы емес, режиссер заманауи театр тілінде сөйлеткен, терең философиялық жүгі бар көркемдік баяндау деп бағалаймыз.

Бұл қойылым көрерменге ғасыр дилеммасын ақынның жеңіл махаббатқа берілуі мен қыздың абыройынан айырылуы секілді мәңгілік моральдық қайшылықты ұсынды. Бұл мәселе – тек пьесадағы оқиға ғана емес, адамзатқа ортақ, шешімін таппайтын күрделі жағдай. Режиссер осы тақырыпты бүгінгі күнмен байланыстырып, көрерменді ойландырды. Спектакльдің басты жетістігі – режиссерлік шешімдердің (символды ағаш, ширмалар, авансценадағы Ана бейнесі) және композитор Ренат Гайсиннің әсерлі музыкасының органикалық үйлесімі.

Актерлік ансамбльдің жұмысы жоғары деңгейде көрініс тапты. Арайлым Тұрлан (Ләззат), Назерке Серікболқызы (Салиха), Шехназа Қызыханова (Бағила) және Балжан ­Зияқұлова (Ана) сынды актрисалар өз кейіпкерлерінің күрделі ішкі әлемін ашуда зор шеберлік танытты. Әсіресе, Ананың рөлі және оның көрермен залы арқылы шығып кетуі төртінші қабырғаны бұзып, өнер мен өмірді байланыстырған күшті режиссерлік табылған шешім болды. «Махаббат мұңы» спектаклі – өмір жолын таңдау, өнердің құдіреті, адамдық қарым-қатынастардың нәзіктігі мен қасіреті туралы терең, жан тебірентерлік баяндау. Қойылым бізді бей-жай қалдырмады және ұзақ уақыт бойы ойға жетелейтіні сөзсіз. Бұл – қазақ театр өнерінің сапалы үлгісі.

Нұрсая ҚАЙРАТ,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button