
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің жаңа Конституция жобасындағы қоғамда қызу талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде депутаттар атынан үндеу жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Құрметті әріптестер!
Қоғамға үндеу!
Бүгінгі сөздің салмағы мен себебі бұрынғыдан өзгерек болып тұр. Ол Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы хақында. Ата заң алғаш қабылданып, қызмет атқарғанына да отыз жыл толды. Уақыт өтті, талап күшейді.
Қазір соның айғағы ретінде Жаңа Конституция жұртқа жарияланды. 15 наурызда ел өз өкімін айтады.
Жаңа Ата заң апталап емес, айлап талқыланды. Алты ай бойы алып атыраптағы алты Алаш әр түзетуді, әр тармақты, әр бапты саяси сүзгіден өткізді. Тікелей эфирге көз салған көпшіліктің ұсынысы да көп болды. Себебі халық заңның темірқазығына жүрдім-бардым қарамайды, мұқият зерделейді.
Ең алғашқы мәселені: “Жаңа Конституцияны жазуға кімдер ат салысты?” – дегеннен бастайық. Әр саланың 130 маманы, бәрі елдің азаматы. Бұл комиссияның ресми құрамы.
Ал ұсыныс беріп кеңес айтқан заңгерлер мен жанашыр жандарды қоссақ бұл тізім кемі мыңдап саналады. Мұны бастырмалатып айтқаным бүгінмен өткенді безбенге тартқаным.
Себебі бұрынғы Конституцияны 12-ақ адам жазды, 9-ы қазақстандық, 3-і шетелдік. Өз Ата Заңыңды өзгелер тәпсірлеп бергесін оның қаншалықты халықтық екеніне қалыпты сұрақ тумай ма? Сондықтан қазір халыққа ұсынылған жаңа Ата Заң жан-жақты талқыланған, талдаудан өткен құжат екенін сарапшыларда шегелеп айтты.
Расында да, бұл Жаңа Конституцияны – нағыз Халықтық Ата заң деп айтуға толық негіз де, айғақ та, дәлел де жетеді.
Тоқсан сөздің тобықтан түйіні, жаңа Конституция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған саяси өзгерістердің логикалық түйіні деуге болады.
Конституцияның преамбуласындағы әр бастама, Ата Заңдағы біздің тарихымыздың айшықты көрінісі, Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп қағидаты, адам құқығын қорғау, билік институттарының жаңғыруы секілді ең маңызды өзгерістердің бастамашысы, яки негізгі авторы Мемлекет басшысы екенін баса айту керек.
Осы ретте, жаңа Ата заңды ағайынға үтір-нүктесіне дейін түсіндіру үшін депутаттар, қоғам белсендері таң атысы, кеш батысы жұртпен жүздескенін көпшілік көріп-білді.
Осы тұста келдек қалам ұшында көк найзаның сұсы бар дейтін журналист һәм депутат ретінде ағайынмен кездесуге аяқтай аттандым.
Аманат партиясының бастамасымен «Халық сөзі» жобасын дайындап автобусқа отырып еліміздің барлық аймағын аралап шықтым, куәсіздер. Әр өңірдің әбден жанға батқан мәселесін тілге тиек еттім, оның шешімін көрсетіп бүгінге дейін жүзеге асқан жұмыстарын тәптіштеп түсіндірдік.
Мемлекет басшысының тапсырмалары қалалар мен алыс ауылдарда қалай жүзеге асып жатқанын жұртқа жария қылдық. Бүгінгі күнге дейін барлық 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланы аралап шықтым.
Жұрттың жағдайын жадыға тоқыған соң жаңа Ата Заң туралы да тілдестік халықпен. Ағайын қолдауын да білдірді, нақты ұсыныстарын да айтты. Бірнеше бап талқыға түсті, соның ішінде өткеннің сәтсіз шешімдерін болашаққа мұра қылмау керектігін айтты ағайын. Кездесулерге көтерілген көп мәселені Мәжіліс мінберінен атап айтып, түсіндірмесін қоса жеткізуді жөн санадым.
Біріншіден, жаңа Ата Заңның мәтіні жарияланғанда
Мәжіліс қабырғасында көтеріп жүрген тақырыптарды түгендедім. Ол ғылым, ол мәдениет, ол инновация. Айналып келгенде адам капиталы. Шикізатты шетке сатып шіреніп жүрген кезеңнің келмеске кеткені кеше, бүгінгі талап басқа.
Басты капитал – адамның ақылы. Ғалымдарымызға лайықты жағдай жасай алмай, артынша «ақылды бастар, дарынды жастар шекара асып шетелге кетті» деп сан соғып отырғанымыз кеше ғана еді.
Бүгін сол кемшілікті жоятын кезеңге келдік. Конституцияның жаңа мәтінінде «Қазақстан Республикасы адам капиталының, білімнің, ғылымның, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды», – деп жазылған. Ата заңға хатталған бұл бап салаға серпін береді деп сенемін.
Екіншіден, Жаңа Конституцияның тағы бір тармағын тілге тиек етейін. Қазір қолданыстағы Ата заңның 10-бабының 3-тармағында «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды», – делінген.
Ал жаңа редакцияда 12-баптың 3-тармағында: «Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады», – деп айқын әрі нақты жазылды.
Осылайша Қазақстан Қытай, Үндістан, Сингапур, Жапония секілді қос азаматтыққа қатаң тыйым салып отыр. Бұл шектеу тек формальды ереже емес, ол ұлттық қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және құқықтық айқындық тұрғысынан стратегиялық мәнге ие.
Қос азаматтық алу өз болашағын, отбасының келешегін Қазақстанмен байланыстырмайтын адамдарға керек дүние екені бесенеден белгілі. Себебі Тәуелсіз еліміздің көк паспорты әлемдегі талай ұлтқа арман екені, аспан түстес құжаты бар азаматтарымызды Қазақстан әлемнің қай қиырында болса да қорғайтыны анық. Оған таяу шығыста оқ пен оттың ортасында қалып, еліміздің қолдауымен отанына оралған азаматтарымыз дәлел. Мұндай мысал мың.
Қос азаматтыққа жол бермеу – мемлекет егемендігі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаудың негізгі құралы. Ең бастысы, қос азаматтыққа тыйым салу – саяси жауапкершілікті айқындайды.
Үшіншіден, 30 жыл Парламентте президенттік квота болды. Бұрындары Мәжіліске ассамблеяның өкілдері ешбір сайлаусыз келді, Сенаттың бір бөлігін бұрынғы президент өзі тағайындап отырды.
Енді бұл норма Жаңа Ата заңымызда мүлдем жоқ. Яки Президентпен бекітіліп тағайындалатын таңдаулы депутаттар болашақ Құрылтайда болмайды.
Бұл Ықпалды Парламент қағидатын одан әрі нығайту деп түсінуіміз қажет. Ең бастысы бұл статусты Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі ұсынды, жобада жазылды.
Төртіншіден, жаңа Конституция жобасында теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту ұсынылды. Бұл өзгеріс бойынша конституцияда ұлттық валюта атауы екі тілде де «теңге» деп көрсетіледі. Мұндай норма «параллель валюта», «аймақтық ақша», «басқа валютаға көшейік» деген әңгімелерге жоғары құқықтық бөгет қойды. Оған қоса, “теңгені басып шығарудың жалғыз — айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі» деп көрсетілген. Мұның мәні – ақша шығару жай техникалық процесс емес, бүкіл экономиканың тепе-теңдігіне әсер ететін аса сезімтал мәселе. Бұл егемендіктің ажырамас атрибуты.
Бесіншіден, жобада тағы бір маңызды жаңалық бар. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі күшейтіліп отыр. Ендігі жерде Ата заңға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана қабылданады.
Оны өзгерту тек халықпен бірге іске асатын мызғымас тұғырға айналды. Бұл азаматтық ұстанымның саяси биіктігі деп білеміз.
Ең бастысы, Жаңа Конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы», — деп тайға таңба басқандай жазылған. Яки, халық дегеніміз билік, билік дегеніміз халық. Бөліп жаратын дүние жоқ.
Жаңа Конституция елдің де, жердің иесі боп табылатын Халықтың мүддесіне қызмет етсін!
Құрметпен, депутаттар, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері» , делінген үндеуде.



