Ел тынысы

Мәжіліс депутаттары аудан әкімдерін мәслихат арқылы сайлауды ұсынды

Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Мархабат Жайымбетов аудан әкімдерінің сайлауын уақытша тоқтата тұруды ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл туралы депутаттар бүгінгі Мәжілістің отырысында сөз қозғады. Атап айтқанда, Ерлан Саиров депутаттық сауалында еліміз соңғы 5 жылда айтарлықтай ірі қадамдар жасап, бүгінде әрбір жексенбі сайын ауыл, аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатқанын айтты. Алайда мәселенің пысықтайтын тұстары да бар.
«Әлі де сайланып жатқан ауыл әкімдерінің құзыретін, олардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін реттеу қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Заң аясында ауыл әкімдерінің құзыретін әлі де кеңейтуіміз қажет. Төртінші бюджетті қалыптастыру тетіктерін заңмен пысықтауымыз тиіс», – деді депутат.

Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз бүгінде аудан, қала әкімдерін пилоттық форматта сайлауға кірісіп, 52 әкім сайланған екен. Бірақ бұл тәсілдің тиімділігі әлі де сараланбаса керек. Ол жетілдіруді талап етеді. Тіпті, сайланған аудан әкімдерінің арасында бір жылға жетпей жұмысынан кеткендер де бар деп сөзін жалғады депутат.

Әріптесінің сөзін қолдаған Мархабат Жайымбетов өзі бұрын қала мен аудан әкім болғандықтан бұл мәселемен жақсы таныс екенін айтты. Депутаттың айтуынша ол жақында ғана бірқатар аудан аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысқан. Сапар барысында депутат аудан әкімдерін тікелей сайлау жүйесінің әлі де пысықтауды қажет екеніне көз жеткізген екен.

«Ауданға бөлінетін қаржы мәселесін реттеуге тиіспіз. Ал аудан әкімдерінің құзыреті бойынша бірнеше маңызды заңға өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, білім беру саласының шығыстары облыстық бюджетте қалып, кірістері аудан бюджетінде. Қазір аудан әкімдерінде құзырет аз, жауапкершілік көп. Білім, денсаулық ветеринария саласы, жұмыспен қамту орталықтары тіпті бағынбайды аудан әкіміне. Ең бастысы, ауыл әкімдерінің сайлауының бір 5 жылдық кезеңін күтіп, ауылдық сайланған әкімдердің тәжірибелі корпусын даярлау маңызды. Сонда ғана саяси, ең бастысы кәсіби кадрлар резерві қалыптасады. Сондықтан оған әзірше уақытша тоқтау қойып, жан-жақты пысықтағанымыз жөн», – деді ол.
Бұған қоса, Ерлан Саиров аудан әкімдерінің сайлауына қыруар қаражат кететінін алға тартты.

«Тек биылдың өзінде 6 аудан әкімі мен 1 облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтті. Осының өзіне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды», – деді депутат.
Өз сөзінде ол ауылдық округ әкімдерінің сайлау жүйесін енгізу бес жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқанын айтып, аудан әкімдерін сайлау мәселесінде жүйелі әрі жан-жақты зерделенген тәсіл қажет екеніне тоқталды.

Бұл ретте Ерлан Саиров әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген саяси сарапшылар мен мемлекеттік басқаруда тәжірибесі бар азаматтардың «аудан әкімдерін мәслихат депутаттары да сайлай алады» деген пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ, депутаттар осынау маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайтынына назар аударып, ұсыныстың сайлау процесін шектеуге емес, керісінше халықтың сайлауға деген сенімін арттыруға бағытталғанын еске салды.

Сөз соңында қос депутат жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет, сайлау, өңірлерді дамыту туралы көптеген заңдарға қажетті нормаларды енгізгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауына тоқтата тұруды ұсынды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button