Мәслихат депутаттары елордалық медиахолдинг журналистерімен кездесті

Астана қалалық мәслихатының бір топ депутаттары «Elorda Aqparat» ЖШС-і жұмысымен танысу үшін серіктестік кеңсесіне арнайы келіп, журналистермен кездесу өткізді. Жиында өңірлік медианы дамыту және БАҚ қызметінің өзекті мәселелері мен алдағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланып, оларды мәслихат пен БАҚ өкілдері арасында тиімді байланыс құра отырып шешу бағытында ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұған дейін Астана қалалық мәслихатында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелеріне арналған отырыс өтіп, жиын барысында депутаттар қалалық медиахолдингтің жұмысымен жақынырақ танысу мақсатында келесі басқосуды редакция қабырғасында өткізу туралы ұсыныс білдірген болатын. Аталған бастаманы жүзеге асыру аясында Астана қалалық Мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден бастаған бір топ депутат «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің жұмысымен танысуға арнайы келді. Депутаттар алдымен серіктестіктің материалдық-техникалық базасын, редакциялардың күнделікті жұмыс барысын көріп, сондай-ақ жаңадан жабдықталып, жасақталып жатқан мультимедиялық студияның мүмкіндіктерімен танысты.

Одан кейін медиасеріктестік ұжымымен ашық пікір алмасу форматында кездесу өткізіп, еркін әрі мазмұнды сұхбат құрды. Кездесу барысында газет шығарудағы өзекті мәселелер, медиа саласындағы заманауи трендтер, сондай-ақ контент өндірудегі жаңа заман талаптары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар депутаттар серіктестік қызметін одан әрі жандандыруға қатысты ой-ұсыныстарын ортаға салып, өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

-Сіздердің шығармашылық жұмыстарыңыз қашан да мәслихатпен бірге, тығыз байланыста жүреді. Себебі қалалық мәслихатта Астананың барлық салалары бойынша өзекті деген мәселелер үнемі көтеріліп, соның шешімін табу жолдары қаралып отырады. Сол талқылау жиындары қалалық медиахолдингтің сайттары мен газеттерінде үнемі жарияланғанын көріп, қуанып қаламыз. Тұрғындар арасына барып қандай жұмыс атқарсақ та, бірге еріп жүріп, халық пен билік арасына берік көпір салып жүрсіз. Газеттер жылдар бойы елордадағы маңызды оқиғалар, өзгерістер мен жетістіктер туралы тұрақты түрде ақпарат таратып келеді. Журналистердің жауапкершілігі, объективтілігі және қала тұрғындарының мүддесіне деген ұқыпты көзқарасы арқасында тұрғындар күн сайын сенімді әрі өзекті ақпарат алып, қалалық қоғамдық өмірге белсенді түрде қатысып отыр. Елорда мәслихатының депуттары сіздердің жұмысыңызға дән риза және барша БАҚ өкілдерінің еңбегіне үлкен құрметпен қарайды. Алдағы жылы да осындай ауызбірлікпен бірлескен жұмыстар жалғаса береді деп сенемін, — деді Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.

Қазіргі таңда аталған серіктестікте барлығы 70 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 45 адам (64,2%) шығармашылық құрам, 16 адам (22,9%) — техникалық бөлім, 9 адам (12,9%) — әкімшілік басқару персоналы. Ұжым құрамына «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен «Elorda Info» желілік басылымының редакциясы қарайды.

-Кездесу барысында Президент тапсырмалары аясында атқарылып жатқан ақпараттық жұмыстарға да ерекше тоқталдық. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жыл басынан бері осы газеттер мен сайттарда 2 061 мақала жарияланыпты. «Таза Қазақстан» жобасы бойынша 1 685 мақала, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында 1 293 мақала жарық көрген екен. Соны баяндай келе ұжым қызметкерлері сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салып, бізбен әрдайым кері байланыста екенін жеткізді. Қоғамға қажетті әрі өзекті ақпаратты біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы тұрақты түрде ұсынып отырғанын атап өтті. Депутат әріптестерімізбен бірге БАҚ саласы мамандарының қажырлы еңбегін жоғары бағалап, атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығымызды білдіреміз, — дейді Астана қалалық мәслихатының депутаты Мадина Әжікенова.

Жиында соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланатын «Қазіргі таңда мерзімді баспасөз, яғни газет керек пе? Оның орнын басқа жылдам ақпарат тарататын медиа түрлері алмастырып кетпеді ме?» деген сұрақ төңірегінде журналистер мен депутаттар жан-жақты ой-пікірлерін ортаға салды. Ашық әңгіме құрып, ұжымның сұрақтарына жауап берген депутаттар арасында қалалық мәслихат депутаты Кендебай Адамбек өз тарапынан оқырмандар санын көбейту, өзін-өзі қаржыландыру, табыс табу және тб. бойынша 4 ұсыныс айтты. Отырыста депутаттар журналистердің еңбегі жоғары бағалауға лайық екенін және депутаттық корпус пен редакциялар арасындағы өзара қолдау мен тиімді әріптестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу соңында «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек депутаттарға биыл жыл басынан бері «Астана ақшамы» газетінде қалалық мәслихаттың жұмысы туралы жарық көрген мақалалар жиынтығы суреттерімен шығарылған «Астана қаласының мәслихаты» атты кітапты сыйға тартты.
Райхан Рахметова
Фото: Сұлтан СЕЙІТ



