Басты ақпаратЕл тынысы

Мәслихаттардың өкілеттігі одан әрі кеңейеді

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ рес­публикалық форумы өтті. Онда сөз сөйлеген Президент бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.

иында кешенді саяси, экономикалық реформаларды іске асырудағы, сондай-ақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі талқыланды.

«Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзге­рістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес, мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде сол міндеттерге қысқаша тоқталды.

«Бірінші міндет. Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Менің тапсырмама сәйкес, қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек. Мәслихаттарға жүктелетін міндет – осы қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау. Аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды. Мен мұны Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында айттым. Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейді, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болды. Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұрау­сыз қалады. Демек жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүдделерге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным – бәрі де халық үшін. Әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады. Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті» деді Президент.

Мемлекет басшысы тоқ­тал­ған екінші мәселе – мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу.

«Бұл – айрықша маңызы бар міндет. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет. Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз басқарудың ротациялық тәртібін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне біртіндеп енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деп санаймын. Бұрын мәслихаттарды басқаратын хатшылары болды, енді төрағалар басқарып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс шешім болды. Алайда олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді. Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі керек. Шағымданатын азаматтардың арасында түрлі адам болады, бұл – белгілі нәрсе. Десек те, шын мәнінде, мұқтаж адамдар аз емес, оларға қолғабыс етуіміз керек. Бүгінде орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағымдар көбейіп кетті. Бұл мәселе туралы мен Жолдауымда айтып өттім. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды, қиналады. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр. Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді. Былтыр облыстық деңгейде атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Бірақ оның саны емес, сапасы маңыздырақ, яғни, мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіс. Түптеп келгенде, аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы Сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Осыны әрдайым басты назарда ұстаған жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап ­айтқан тағы бір мәселе – толық цифрлық мемлекет құру.

«Бұл мақсаттың еліміз үшін маңыздылығын жақсы білесіздер. Мәслихаттар бұл үдерістен тыс қалмауға тиіс. Озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына енгізу стратегиялық маңызы бар мақсатқа айналды. Еліміздің жарқын болашағы осы мақсаттың табысты іске асуына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда, мәслихаттардың осы жұмысқа белсенді атсалысқаны абзал. Сондай-ақ депутаттардың кәсіби білігін арттырып, цифрлық құзыретін кеңейту өте маңызды, онсыз істелген жұмыстың бәрі бос болмақ. Бұл шаруамен Мемлекеттік басқару академиясы белсенді және тиімді түрде айналысуға тиіс. Менің білуімше, таяу арада нәтижелер де белгілі болмақ. Бүгінге дейін 1200-ге жуық депутат арнайы оқу курсына шақырылып, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Енді биыл басталған AI Governance 500 бағдарламасының аясында облыстық мәслихаттардың аппарат басшыларын оқыту қажет. Жалпы, елімізде жасалып жатқан цифрлық өзгерістер орталық пен аймақтар арасындағы алшақтықты мейлінше азайтуы қажет» деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Президент тоқталған үшінші міндет – мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсене атсалысуы керек.

«Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады деп көрсетілген. Бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыратыны күмәнсіз. Мұндай ұстаным озық халықаралық тәжірибеге толық сай келеді. Біз көптеген мемлекеттердің пропорциялы сайлау жүйесіне көшіп жатқанын көріп отырмыз. Дамыған елдерде де осындай жүйе бар. Себебі бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті. Конституция жобасын әзірлеу кезінде кейбір партия барлық деңгейдегі мәслихаттарды да осы жүйемен жасақтауды ұсынды. Бірақ менің бұл мәселеге қатысты көзқарасым нақты. Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады. Бұл өте маңызды. Себебі дәл осы мәслихат депутаттары жергілікті жерде сайлаушылармен үнемі байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай жүйе ешқандай партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтар үшін тағы бір тиімді саяси баспалдақ болмақ. Сол арқылы мәслихаттардың рөлі арта түседі. Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін мейлінше тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қоюымыз керек. Ал еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды екенін үнемі есте ұстаған жөн. Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен депутаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ. Түптеп келгенде, депутат болу – ел адамы болу деген сөз. Бұл – мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызмет. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтар нағыз депутат деген атқа лайық, осындай азаматтар міндетті түрде халықтың сенімі мен құрметіне ие болады. Депутат халықтың сеніміне сызат түсіретін әрекеттен аулақ болуы қажет. Өйткені мұндай әрекет бүкіл мемлекеттік аппараттың, тұтас билік жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді. Сіздер осы жауапкершілікті дұрыс түсініп, терең сезініп, қызметтеріңізді адал атқара бересіздер деп кәміл сенемін» деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуал­дың ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгеніне тоқталды. Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейтінімізді, яғни мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту екенін қадап айтты.

«Бір сөзбен, әлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен ел ішіндегі өзекті түйткілдерге қарамастан, Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, нық сеніммен алға қадам басып келеді. Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан адам капиталын жаһандық бағалаудағы позициясын айтарлықтай нығайтып, 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді. Бұл кездейсоқ емес» деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Сыдық Дәулетов, Мәжіліс депутаты Константин Авершин, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Елена Семидоцких, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Гүлнәр Тойлыбаева, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Бораш, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиев сөз сөйледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button